Атырау, 25 сәуір 20:37
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Спорт жаңалықтары

2 720 просмотра

Шәкірттерге ғибрат

1-БЖСМ жаттықтырушысы Нұрболат Ыстыбаев Төлентай қажы сыйлығына арналған қазақ күресінен республикалық турнирде «алтын» иеленді. 

Жалпы бапкер турнирге күресемін деп бармаған екен. Жарысқа беделді де мықты палуандар жиналып, додаға қосқан төрт шәкірті де алдын ала белдесулерде жеңіліп, жүлделерге қол жеткізе алмай қалған. Күрес кілеміне жаттықтырушы шығып, қыздырынып алғаннан кейін төрт белдесу өткізіп, барлығын да жеңіспен аяқтады. Міне, шәкірттерге өнеге... 

26 жастағы Н.Ыстыбаев халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресі мен белдесе күресуден 4 дүркін әлем чемпионатының жүлдегері және Еуропа чемпионы болып табылады. 

***

 

Тең ойынмен басталды

 «Судоремонтник» стадионында 1999 ж.т. жастар командалары арасында футболдан ел біріншілігінің финалдық кезеңінің алғашқы матчтары өтті. 

Алғашқы матчта «Тараз-99» және «Ордабасы-99» командалары кездесті. Оңтүстік дерби 3:2 есебімен «Тараздың» жеңісімен аяқталды. Ал, «Атырау-99» және «Ертіс-99» командаларының кездесуі тең аяқталды – 0:0.

Суреттер «Атырау» ФК баспасөз қызметінен алынды

***

 

«Атыраудың» африкандық голы

19 қазанда «Мұнайшы» стадионында футболдан ел чемпионатының 29-тур ойынында «Атырау» командасы 1:0 есебімен талдықорғандық «Жетісу» командасын жеңді.

37-ші минуттағы голды «Атырау» құрамындағы нигериялық легионер Майкл ОДИБЕ ганалық Доминика АДИЙЯНЫҢ пасынан кейін салды.

***

 

Спорт шеберіне үміткер

Е.Дүйсенбеков жаттықтырушысы Е.Даулетбаевпен бірге.Е.Дүйсенбеков жаттықтырушысы Е.Даулетбаевпен бірге.Құлсары қаласында 1998-99 және 2000-01 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақ ССР спорт шебері Бауыржан Ибраевты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті. 

Турнирге Қазақстанның барлық өңірлерінен, Өзбекстан мен Ресейден 200-ден аса жас былғары қолғап шеберлері жиналды. Атыраулықтар арасынан 4-БЖСМ және облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Ерболат Дәулетбаевтың шәкірті Ермахан Дүйсенбеков сәтті өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Ол осы жүлдесі арқасында ҚР спорт шеберлігіне үміткер нормативін қорғады. 

 

***

 

Мәртебесі көтерілді

Астана қаласында өткен дзюдодан Гран-при турнирінде қазақстандықтар екі алтын, екі күміс және үш қола медаль иеленді.

60 келіге дейінгі салмақта атыраулық дзюдошы Асхат Телманов «қола» нәтиже көрсетті. Бірінші айқасында ол Ганадан келген қарсыласы Навжутты жеңді, содан кейін жапон Хиронори Ишикавадан жеңіліп қалды. Ынталандыру кезеңінде ол Қазақстан құрамасы сапындағы әріптесі Рүстем Ибраевты ұтып, үшінші орын үшін болған айқаста Ресей чемпионы Дмитрий Куликовтан басым түсті. Нәтижесінде – қола медаль. 

Асхатты айқастарға жаттықтырушысы Талап Мұқанов алып шықты, ол шәкіртінің нәтижесіне риза: 

- Асхат осы турнирде өзіне 2016 жылы Риода өтетін Олимпиадаға жолдама алу үшін жинайтын 120 рейтингтік ұпайға қол жеткізді. Қазір ол әлемдік рангтер табелінде 20-орында тұр. Ал, Олимпиадаға тек 26 жолдама ғана сарапқа салынады. Желтоқсан айында Асхат Жапонияда болатын жаттығу жиынына қатысып, содан кейін немістің Дюссельдорф қаласында өтетін Гран-Приге барады. 

***

 

Талғардан келген жүлде

1-БЖСМ командасы Талғарда өткен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Г.П. Юрченконы еске алуға арналған 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында дзюдодан халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетті.

Нұрқанат Серікбаев (35 келіге дейін) пен Бекарыс Тәжіғалиев (55 келіге дейін) күміс медаль ұтса, Дулат Аманқосов (38 келіге дейін) пен Серікболсын Шынтасов (66 келіге дейін) қолаға қол жеткізді. Балаларды жаттықтырушылар С.Нұралин, Д.Жақсиев және Б.Тайжанов дайындады.

***

 

Жақсы нәтиже

Аягөз қаласында жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен республикалық турнир өтті.  

Жарысқа еліміздің он облысының құрамасы қатысты. Өңіріміздің намысын С. Қазыбаев атындағы балалар үйінің шәкірті Игорь Филюшин мен №30 мектеп оқушысы Темірлан Еспенбет қорғады. Екеуі де жартылай финалға жетті. Үшінші орын үшін болған белдесуде Игорь семейлік палуанға жол берсе, Темірлан «қолаға» қол жеткізді. Спортшылар жарысқа бару жолсапарларын қаржыландырғаны үшін грек-рим күресі федерациясының директоры Әсет Ерғалиевқа алғыс айтады.

***

 

Жүлдегерлерді жақсы қарсы алды

Педагогикалық колледж студенттері Анель Сүлейменова мен Дәурен Болатбекұлы Оңтүстік Кореяда өткен самбодан жастар арасындағы әлем чемпионатынан жүлделермен оралды.

Елге оралған жүлдегерлерді вокзалдан қаланың спорт сүйер қауымы салтанатты түрде қарсы алды. Анель Геолог ауылындағы 4-БЖСМ-де жаттықтырушы М. Есмағамбетовтен дәріс алады. Ол «күміс» иеленді. Ал, Дәуренді Привокзальныйдағы 1-БЖСМ-де К. Досқалиев пен Б. Қошқаров жаттықтырады. Ол «қола» жүлдегер атанды. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.