Атырау, 29 наурыз 14:16
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Лимитпен шектелген медицина

1 624 просмотра

Индер ауданы Есбол ауылындағы дәрігерлік амбулатория жанындағы тәуліктік аурухана келер жылдың қаңтарынан бастап өз жұмысын тоқтатады. 5 мыңнан астам халқы бар ауыл тұрғындары бұған қарсы. Олар шұғыл жағдайларда ауылдан 45 шақырым қашықтықта жатқан аудан орталығына сабылуға мәжбүр болатындарын айтып, уайымдап отыр.  

Әуелдедәрігерлікамбулатория 50 кереуетке арналған болатын. Бірақ көптеген реформадан соң олардың саны 15 болып қалды. Тұрғындар стационардың жабылуы немен байланысты екенін білмей дал.

Бағила ДОСЩАНОВА:

- Біз ел үшін бастысы - адамның денсаулығы дегенді жиі естиміз, бірақ бұл жәй сөз. Жағдайды нашарлата түскен реформалардың не қажеті бар? Біреу өзін нашар сезініп жатса, демалыс күндері қайтпекпіз?

Нұрлыбике РЫСМАҒАНБЕТОВА:

- Мұнда жергілікті науқастар ғана емделмейді ғой, Атырау-Орал трассасында жол-көлік апатына ұшырағандарды да осында әкеледі.  

Райса ҚАБЫКЕНОВА:

- Ауылда дәрігер жетіспейтіні жасырын емес, гинеколог болса, атымен жоқ. Әйелдер босанар күні жақындағанда аудан орталығына қарай өздері такси ұстап барады. 

Есбол ауылдық амбулаториясының бас дәрігері Мұрат ОРАҚОВТЫҢ айтуынша,мұнда емді тек Есбол ауылы ғана емес, Ынтымақ елді мекенінің тұрғындары мен қырлықта отырған 24 қыстақтың малшы отбасылары да алады.Ал, амбулаторияда небары үш дәрігер жұмыс істейді.

- Бұл аз ғой, - дейді дәрігер Орақов. - Оның үстіне дәрігерлердің біреуі зейнетке шыққан. Тағы бір ескеретін жайт, қысқартудан соң алты маман жұмыссыз қалуы мүмкін.  

Бас дәрігердің айтуынша, жедел жәрдемге тәулігіне 10-12, айына 80-ге жуық шақырту түседі. Бүгінде шақыртулардың қатарында жүрек-қан тамыры ауруы бірінші орында тұр. Ал, мұндай жағдайда уақыт созуға және ұзақ жол жүруге болмайды. 

Жағдайға Индер аудандық аурухананың бас дәрігері Анар ДОСПАЕВА түсінік берді:     

- Біріккен Ұлттық денсаулық сақтау жүйесімен жұмыс жасағалы өзгертулер болып жатыр. Амбулаторияның бас дәрігері Орақов апта сайын болатын жиында тәуліктік кереуетке науқастардың ауру тарихы сәйкес келмейтіндіктен адам аз болатынын, сондықтан оны жауып, күндізгі кереует санын көбейту жөнінде бірнеше рет ұсыныс түсірді. Мәселен, қазірдің өзінде тәуліктік стационарда екі адам жатыр, ал, күндізгі стационарға адам әлдеқайда көп. Сондықтан 2015 жылдың қаңтарынан бастап тәуліктік стационар мүлдем жабылады, ал, күндізгі стационардағы кереует санын 15-ке көбейтпекпіз. Сондай-ақ, ауылдан «жедел жәрдем» пункті ашылады. Барлық медперсонал жұмыспен толық қамтылатын болады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.