Атырау, 25 сәуір 12:03
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Форумға алты миллиард теңге? Мұндай шығын болған жоқ!»

3 819 просмотра

17 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ өз сөзін «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру туралы» есебінен бастады.

Бұл мәліметтерді қайталаудың қажеті жоқ: қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 80 жасқа ұзарту туралы Н.Назарбаев қойған міндет аясында атыраулықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы соңғы екі жылда бір жасқа «өскенін», енді оның 70 жасқа теңескені туралы қызықты жайттан басқа, бүкіл цифрлар Б.Ізмұхамбетовтің есебіне арналған материалдарда әлденеше рет, соның ішінде біздің газетімізде жарияланды.

АСТРАХАН ТАС ЖОЛЫ, БЕНЗИН ЖӘНЕ ЕҢБЕКСҮЙГІШТІК ТУРАЛЫ

Әкімнің сауалдарға жауап берген кезі анағұрлым қызықтырақ болды.

Атырау – Астрахантас жолы туралы:

- Бұл әбден тозығы жеткен 377шақырым жол. Биыл кезекті ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 2008 жылдың жобалау-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) ескіріп қалды. 2015-2017 жылдарға ЖСҚ-ны түзету және қайта жарақтау жұмыстарын жүргізу қарастырылды, міне менің мәліметім осындай, - деп бұлыңғыр жауап берді Ізмұхамбетов.

Моноқалалар, соның ішінде Құлсары туралы.

- 2012-13жылдары жылу қазандығы мен жылу трассасын ауыстыруға, сонымен қатар бизнесмендердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 800 млн-нан астам теңге бөлінді. 2014 жылы Құлсары қаласына: инфрақұрылымды дамытуға, атап айтқанда, жолдарды жөндеуге, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге1,4 млрдтеңге бөлінді. Бұл шағын несиелерді бөлу, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, кепілгерлерді қамтамасыз ету. Қаржының бір бөлігі «зәкірлі» инвестициялық жобалардың инфрақұрылымына бағытталған.

Атырау облысында мұнай өңдеу зауыты бола тұрып, жанар-жағармай тапшылығының орын алуы туралы:

- Өздеріңізге белгілі болғандай, қазақстандық үш зауыттың барлығы қайта жарақтау кезеңінде тұр. Атырау МӨЗ-ын қайта жарақтау екі кезеңнен тұрады, бірінші кезең биыл аяқталады. Жоба хош иісті көмірсутектер, бензол, параксилол, эксилол шығаруды қарастырады. Екінші кезең 2016 жылдың соңында аяқталмақ. Мұнда мұнайды терең өңдеу қарастырылады. Жоғароктанды бензиннің жетіспеушілігіне байланысты әлсін-әлі тапшылық орын алады, алайда мәселе шешілуде.

Ауыл мен қала тұрғындарының орташа еңбек ақыларының әжептәуір айырмашылығын азайту шаралары туралы:

- Ауыл фермерлеріне мемлекеттен едәуір қолдау көрсетіледі: мәселен, 1 гектар алма ағашын отырғызу үшін фермер 500 мың теңғе көмек алады. Суаруға субсидиялар беріледі – суаруға жұмсалатын соманың 80%-ына дейін.Табыстылық тек еңбексүйгіштікке ғана байланысты. 

«МҰНДАЙ АҚПАРАТ ҚАЙДАН АЛЫНЫП ОТЫР?»

2012 жылы діни экстремистер ұйымдастырған лаңкестіктер туралы:

- Ең алдымен, өткен жылдан бастап жоғары білімді, тәжірибелі теологтарды тарттық. Нақты айтқанда, өткен жылы бес теолог шақыртылды. Бізде олар өте нәтижелі жұмыс жасады, тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жұмыс істеді. Бүгінгі күні жастар арасында өте ауқымды жұмыстар жасалуда. Нәтижелері де бар. Мен 2012 жылдың 12 тамызында әкім болып тағайындалдым, сол жылдың аяғына дейін бізде өте жағымсыз бірнеше жағдай орын алды. Бірақ 2013 жылдан бастап мұндай бірде-бір факт тіркелген жоқ. (Экстремизмді қолдаушылар саны) едәуір азайып кетті деп айта алмаймын, бірақ дәстүрлі емес діндерге тартылған адамдар саны бүгінде көбейіп отырған жоқ. Және мешіттерде жұмыс жасайтын имамдарымыздың біліктілігін көтерумен де айналысудамыз. Бұдан басқа, облыстан теолог білімін меңгеруге жастарды жібердік.

- ҚР мен РФ Өңіраралық форумына әзірлік жасап, өткізуге 6 млрд теңге жұмсалды деп жатыр. Қанша және неге жұмсалғанын нақтылап айтсаңыз.

- 70 млнтеңге форумды ұйымдастыруға кетті. Салтанат үйін мақсатын өзгертуге  дайындаймыз. Ол жерде Неке сарайы болады. Біз оны лайықты ғимарат болмаған соң салдық. Көрме кешені «Каспий» ӘКК-не берілді. Ол жерде түрлі шаралар өткізілетін болады. Мұндай ақпарат қайдан алынып отыр?! Мұндай шығын болған жоқ! Бізде мұндай ақшаның жартысы да болған жоқ...

ЖАЗДЫҢ АТЫ ЖАЗ

Астаналық журналистердің бірі күлкілі сұрақ қойды:

- Сіз әкімдердің ішінде бүкіл уақыт бойына бізге, журналистерге емес, теледидарға (залға монитор орнатылған)қараған ең алғашқы әкімсіз. Сіз неге теледидарға қарай бердіңіз?

- Мен тек цифрларды ғана қарадым. Егер сіз байқаған болсаңыз, мен есебімде 80-нен астам цифрды атадым. Мектепте математикадан үздік болсам да, оларды еске сақтап алу өте қиын...

- Соңғы 8-10 жылда Атырау жазы бұрынғы жылдарға қарағанда көп ыстық болатын болды. Мұны қаладағы кәсіпорындар санының көптігімен байланыстырады. Оларды қала сыртына шығару жоспарда бар ма? Ауа сапасын жақсартуға қатысты қандай шаралар алынуда?

- Өткен жаз шынымен де ыстық болды. Алдыңғы жаз ондай болмады. Зауыттардың бұған еш қатысы жоқ. Қалада 10 станса орнатылған (ауа мониторингі), олар тәулік бойына бақылау жасайды. Ал қаланың өзінде тек «Атырау Мұнай Өнімдері» АҚ ғана жұмыс істейді, қалғандары қала шетінде орналасқан.

Кездесу жүргізушісі кездесу соңында Б.Ізмұхамбетовтің атына түскен бүкіл сұрақтардың оның өзіне табыс етілетіндігіне және сұрақ қоюшылардың барлығы одан жазбаша жауаптар алатындығына сендірді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

20 қазан 2014, 14:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.