Атырау, 29 наурыз 16:03
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

134 миллиард туралы дау әлі жалғасуда

3 941 просмотра

NCOC пен Agip KCO Қашаған жобасын сынақтық іске қосу барысында қышқыл газды жаққаны үшін сот салған 134,2 млрд теңге экологиялық айыппұлды толық көлемде төлеуге әлі дауласып жатыр.

Бұл туралы NCOC-тың корпоративті қызметтер жөніндегі директоры Мұрат МҰҚАШЕВ NCOC-тың 2015 жылға арналған Табиғат қорғау іс-шаралар жоспары бойынша қоғамдық тыңдау барысында айтты.

 

СОТТАР МЕН КЕЛІССӨЗДЕР

М. Мұқашевтың айтуынша, айыппұлдың барлық сомасы үш бөлікке бөлінеді: рұқсат етілген лимиттен артық лақтырынды тастағаны үшін, әкімшілік айыппұл және шығынды өтеу.

- Әкімшілік айыппұлды біз толық көлемде төледік, ал шығынды өтеуді бағалау (айыппұлдың ең ірі бөлігі) және лимиттен асу бойынша әлі соттасып жатырмыз. Атырау облыстық экология департаменті өз тарапынан сотта салалық министрліктерінің қайта ұйымдастырылуына байланысты сот процесін кейінге қалдыруды сұрады.

Дегенмен, бейресми ақпараттар бойынша, сот процестерімен қатар консорциум мен қаржы министрлігі арасында экологиялық шығынды өтеу тәсілдері туралы келіссөздер жүріп жатыр екен. Атап айтқанда, «тірі» ақшамен емес, өзара есеп айырысу арқылы өтеу мүмкіндіктерін қарап жатқан көрінеді. Өнімдерді бөлу туралы келісімде (ӨБК) жазылған консорциум мен мердігер компаниялар үшін ҚҚС-тің нөлдік мөлшерлемесіне қарамастан, мемлекеттік органдар бірнеше жыл қатарынан жоба қатысушыларына осындай төлемдер төлеу туралы есеп жіберіп отырған. Кейбір деректер бойынша, бюджетке осы қате төленген төлем сомасы сот белгілеген экологиялық айыппұлдан көп артық екен.

 

БӘРІ КЕРЕМЕТ, СҰЛУЫМ

Қоғамдық тыңдауға қатысқан жұртшылық өткен жылы болған апатты лақтырындылар мен Қашаған құбыр желілерінің істен шығу оқиғаларының нақты мән-жайы туралы білгісі келді. Академик Мүфтах ДИАРОВ консорциум өкілдерінің нақты сауалдарға жауап берудің орнына мұнай өнімдерінің төгілуі мен лақтырындылар туралы өкілетті органдарға өз уақытында хабарлап отырамыз деп сілтеме жасайтындығына ескерту жасап кетті.

- Егер бәрі солай болатын болса, мына жерге біз неге жиналып отырмыз? Биыл не болғанын білмей тұрып, келесі жылдың табиғат қорғау іс-шараларын талқылап не керек? – деген сияқты наразылықтарын білдірді жұртшылық. Диаров құбырларды қайта салу Каспийдің сезімтал экологиясына тағы да үлкен зиянын тигізеді деп алаңдаушылығын білдірді.

NCOC пен Agip KCO қызметкерлерінің жауаптарына құлақ салсақ, әлемдегі басқа да осындай жобаларда жұмыс жасаған көптеген шетелдік мамандардың пікірінше, Қашаған сияқты қойнау қабаттарының өте жоғары қысымы бар, теңіз және жер үсті нысандары бір-біріне қашық орналасқан осындай қиын жоба, өз сөздерімен айтқанда, «Өте жақсы!» өткен.

- Мұнай тез шықты, құбыр желілерінен басқа барлық нысандар жақсы жұмыс жасады, - деді Agip KCO өкілі Игорь ЛУКАШОВ.

- Апатты тоқтатылуға дейінгі мұнайдың бірінші партиясы сәтті өңделді және өз сипаттамалары бойынша экспортқа шығаруға дайын. Мөлшері онша көп емес, қазір ол «Болашақ» зауыты аумағындағы резервуарларда сақталып тұр, - деп сөзін сабақтады М. Мұқашев.

 

БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ

«Сорға айналған» құбыр желілеріне келетін болсақ, бүгінде оның техникалық сараптамасы әлі аяқталмапты. Бұл шаралар аяқталғаннан кейін жаңа құбырларды тарту жұмыстары басталады. Ал оның қоршаған ортаға әсері жөнінде арнайы ұйымдастырылатын қоғамдық тыңдауларда талқылайтын боламыз деп сөз берді консорциум мүшелері.

«АЖ» өндірісті кезекті рет шегеру «Болашақ» зауытының консервацияланған жабдықтарына қалай әсер етеді деп сұрады. Мұқашевтың айтуынша, бүгінде мұнай мен газды өндіру, айдау және тазалау үдерістеріне қатысқан барлық желілер мен агрегаттар тестіленуде. Бұл консорциум мен Қазақстанның өкілетті органдарының ортақ талаптары бойынша жасалуда. Консорциум қоймаларында ауыстыруға қажетті желілер мен агрегаттардың қоры жеткілікті.

- Тестілеу жұмыстарының жүргізілу себебі, жабдықтардың бір бөлігі бірнеше жыл бұрын орнатылып, мұнай өндірудің шегерілуіне байланысты қолданылмай тұр, бұл моральдық және физикалық ескіруге әкелуі мүмкін, - деп Мұқашев біздің қауіпімізді растады.

Ақтау қаласында жақында өткізілген осындай қоғамдық тыңдау кезінде жасанды аралдардың отыруы туралы сұрақ қойылған еді. Консорциум өкілдері арнайы аспаптардың көмегімен аралдардың жылына 1-2 милиметр отырғаны анықталды деп бұл оқиғаны растады. Алайда олар бұл көрсеткішті мардымсыз деп есептейді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

20 қазан 2014, 11:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.