Атырау, 25 сәуір 02:09
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қуанышқа бөлеген бақ

3 652 просмотра

Атырауда Қала күнін тойлау шеңберінде алғашқы жалпықалалық «Үздік аула», «Үздік подъезд» және «Таза аула» байқауының қорытындысы жасалды.

ҒАЖАЙЫП БАҚ

Жақия ҒҰМАРОВ пен Эльмира ТАИШЕВАНЫҢ отбасылық достары олардың аулаларын «Ертегіде қонақта» деп атайды. Мұны текке айтып отырған жоқ: гүлзарларда олардың қолдарымен жасалған сыланған аққу жүзіп жүр, сүрлеумен қызыл қоңыз асықпай жыбырлап кетіп барады. Айбынды әтештер маңғазданып алшаң басса, көшеттерге қызғылт түсті киім киген ертегідегі перизат су құйып жүр. Тіпті өздерінің тәулік бойы шығып тұратын күндері де бар. Өз аулаларын Жақия мен Эльмира құлшына безендіреді. Қолдағы бар нәрселер: ескі қуыршақтар, балалар ойыншығы, автомобиль доңғалағының тысы және пластик бөтелкелер қолданылған. Екі жыл бұрын олар Балауса  ықшамауданынан (Жұмыскер-2) жер телімін алған, содан бері қарай әр күндерін ерлі-зайыптылар бақшада жұмыс жасаудан бастайды. Кешкісін киініп алып, қайтадан өздерінің жасыл бұталары мен гүлдеріне жүгіріп су құяды, арам шөптерін отайды. Тек содан кейін ғана көңілдері орнығып, кешкі астарын ішеді.

Жеміс ағаштары әзірге әлі жас, қожайындар жеміс-жидектерді де әлі жемеген. Ал көкөністер: қызан, қияр, бұрыш, баялдыны екінші жыл қыста тұтыну үшін банкаларға жауып алыпты. Өткен жылы орамжапырақ отырғызған. Ерлі-зайыптылардың едәуір шаруашылықты (бау-бақшадан басқа үй жануарлары – қояндар, ешкілер бар) дөңгелетіп әкеткеніне қарағанда, олардың бұрын-соңды жермен жұмыс жасап көрмегеніне сену қиын.

– 20 жыл бойы көппәтерлі үйде тұрдық, бірақ осы уақытқа дейін жерім болса деп армандайтын едім. Басқа жандардың телімдеріне қарап, қажет нәрселерді ойыма түйетінмін. Енді қазір оларды қуана іске асырудамын, - деп әңгімелейді Эльмира Таишева.

Ойға алған нәрселерін олар жүзеге асырып, сол үшін «Үздік аула» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.

 

ЕНДІ КАНАДАЛЫҚ ГАЗОН ӨСІРЕДІ

Айбар ХАМИЕВТЫҢ отбасына тіпті бос жатқан жер емес, қоқысқа толы телім тиіпті. Сегіз сотық жерден 35 Камаз қоқыс шығарылған. Ал енді үйдің алдында жас жеміс ағаштары, ал артқы аулада көкөністер мен бақша дақылдары өсіп тұр. Көшеттерден қылтиып жапырақ шықпас бұрын ерлі-зайыптылар арнайы әдебиеттерді көп қопарып, тәжірибелі бағбандардың кеңестерін алған. Жерінің топырағы жақсы болмаса да олар жерді құнарландырып, ағаштардың айналасына бір жылдық шөптер - бал шырынды өсімдіктер мен қыша егіп тастаған. Бұлардың тамыры үш метр тереңдікке кетіп, оны сол жерден қоректендіреді. Енді тұзды топырақ өсімдіктер үшін қорқынышты емес.

– Біз әрбір шыққан жапыраққа қуанатын едік. Жасыл өсіндіні кім бірінші көрсек, сол адам қалғандарына айту үшін ұша жөнелетін, - деп әңгімелейді қожайындары.

Өткен жылы отырғызылған шие, құлпынай мен таңқурай биылғы жазда өзінің алғашқы жемістерін берді. Рас, әзірге өте аз. Бірақ төрт баласы бар Хамиевтардың отбасына жеткілікті. Оларда қияр, қызан, асқабақ, жасыл жуа бітік шығыпты. Қауын, картоп өсіріп көрмек болған. Бұл да жақсы шықты. Ал, жыл сайын отырғызып, барлық ережелер бойынша күтім жасаса да жүзім еш жерсінер емес. Алайда табанды Хамиевтар жүзім шыққанша қайта-қайта еге беретіндіктерін айтады.

Келер жылы бағбандардың үлкен жоспары бар. Олар канадалық газон, тіпті, 30 градус аязда да өседі дегенді естіпті. Енді оны өз учаскелеріне отырғызғылары келеді. Сонымен қатар олар өз учаскелерінен ойын алаңын жасағылары келеді. Өйткені, кенже қыздары Құралай бар болғаны бір жаста, Айбару мен Марина да өз аулаларының балалар үшін жер бетіндегі ең ғажайып орынға айналғанын қалайды... Олардың еңбегі арнайы сыйлықпен марапатталды.

 

ПОДЪЕЗДЕГІ ГАЛЕРЕЯ

Шамин көшесінің бойындағы №1 үйдің тұрғындары келетін қонақтарға бірінші подъезд (суретте) қатты әсер қалдырады. Кәдімгі бес қабатты ескі үй болғанымен, айналасы тап-таза, картиналар ілінген, баспалдақ алаңдарына бөлме өсімдіктері қойылған. Мұның бәрін подъезд тұрғындары жасаған.

Қабырғадағы алғашқы картиналарды Марина ПЕЙЧЕВА салған, ол Кіші өнер академиясында оқыған екен. Бос кезінде подъезді ертегі кейіпкерлерімен безендіріпті. Оның отбасы қазір басқа үйге көшіп кеткен, ал бұрынғы көршілері подъезді безендіруді жалғастыруда. Байқау туралы естіген «Айдын» ПИК-інің төрағасы Дәметкен КАРТАНОВА бірден өтінішін жолдады. Шамин көшесі, №1 үйдің 1-ші подъезі «Үздік подъезд» деп танылды. Ең «Таза аула» деген мақтау қағаз «КС-Бытсервис» ЖШС-не тиді. Молдағалиев көшесі №32 үй байқауға қатыспады, алайда ұйымдастырушылар оның тұрғыны Айгүл ҮМБЕТӘЛИЕВАНЫҢ хатын атап өтті:

«Біздің тұрғындар сүйікті ауламыздың тазалығы үшін бірауыздан алаңдаушылық білдіреді. Сондықтан тәртіп сақтауға тырысады. Тұрғындар, соның ішінде менің әкем ағаштар отырғызды. Бізде қарағаш, жұпаргүл, терек, өрік, шие ағаштары өсіп тұр, - деп жазады Айгүл. - Әкем ағаштарды суарып, күтім жасайды. Ол үшін ағаш – табиғаттың күші, таза ауа және жанына жайлы бау-бақша».

Байқауда жеңімпаз болған ПИК сыйлыққа өте қажетті жабдықты – пластик тұрбаларды дәнекерлеуге арналған аппараттарды, жеке үйлердің қожайындары  тұрмыстық техниканы, ал Айгүл Үмбетәлиева ұялы телефон алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қалалық ПИК-тер байқауға қатысуға құлшына үн қосқан. Ал өздерінің жеке иеліктерімен мақтанғысы келетіндер көп бола қоймаған. Енді бұл байқау тұрақты өткізілетін болады және ол жыл басында басталмақ. Ал қорытындылары Қала күнінде жасалады. Өз тарапынан қалалық әкімдік ПИК-ке көшеттермен көмектесіп, бүкіл байқауға қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

16 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.