Атырау, 25 сәуір 14:27
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Кір тасын көтеруші Владимир Мичри: «Білек күшіне сеніп келдім»

4 316 просмотра

Витебск қаласында жақында өткен кір тасын көтеру спорты жарыстарынан 52 жастағы атыраулық спортшы Владимир МИЧРИ (суретте) 11 алтын медаль жеңіп алды. Осы жарыстар бағдарламасына әлем чемпионаты, Бүкіләлемдік олимпиада, Еуразия чемпионы және теңіз қолбасшысы Федор Ушаковты еске алуға арналған халықаралық турнир енгізілген болатын. Ол осы жетістікке қалай жетті? Біз спорт ардагерімен оның жұмыс орнында, орталық жүзу бассейнінің жаттығу залында кездестік.

«АУА РАЙЫНЫҢ ҚОЛАЙСЫЗДЫҒЫНА ҚАРАМАЙМЫН»

- Спорт зал табалдырығын алғаш аттағанымда 12 жаста едім. Алғашқы үш күнде еркін күрес шеберлерінің жаттығуларына құлыптың саңылауынан сығалап қарап тұрғаным әлі есімде. Үшінші күні жаттықтырушы Олег Семенович Ли есікті ашып, қолымнан жетектеп, өз шәкірттерімен таныстырды.

Алғашқы жаттықтырушым менің өміріме үлкен әсерін тигізді. Жауырыны қақпақтай, шымыр денелі, бірақ өте епті болатын. Балалармен тең дәрежеде сөйлесетін. Ол бізбен күресіп, бойымызға сенімділік ұялату үшін жорта жеңілетін. Спортшы ретінде оған алғысым шексіз.

Мен, сондай-ақ, мектептегі дене тәрбиесінің мұғалімі Николай Федорович Яндовицкийге де ризамын. Ол №18 мектепке күрестен спорт шебері болып келді. Ұстазымыз бізге гимнастика, найза лақтыру, ядро лақтыру және т.б. спорт түрлерінің қыр-сырын меңгертті. Бірде күз мезгілінде ол біздің сыныпты далаға шығарып жүгірткен еді. Балалар салқыннан дірдектеп тұрды, ал, бұл маған ұнаған болатын...

Мен осылай шынықтыру жүгірісімен таныстым. Жүгірістің бұл түрінің негізін Михаил Котляров қалаған еді. Ол шахтер болып жұмыс жасаған, оның өкпесі көмір шаңына толып тұрды. Котляров тыныс органдары ауруларының емін іздеп, қолбасшы Александр Суворовтың өмірбаянын оқып, тауып алды. Котляров одан үлгі алып, салқын күнде жүгіруді бір минуттан бастап, қысқы жүгірістерін марафондық қашықтыққа дейін жеткізді.

Міне, содан бері кез келген ауа райында жүгіретін болдым. Жыл өткен сайын бұған құштарлығым арта берді. Арнайы дәптер ашып, жүгірістен жеткен жетістіктерімді жаза бердім. Сонымен қатар, «темірмен» жұмыс жасап, секірдім, бөрене тасыдым. Еркін күрестен облыс біріншіліктерінде үнемі жүлдегерлер қатарында болдым, 10-сыныпта спорт шеберлігіне үміткер нормативін қорғадым.

Венгрияда әскери міндетімді атқардым. Жеңіл атлетика жарыстарына тұрақты қатысып тұрдым, спорт ротасына ілінуді армандадым. 14 шақырымға жүгіруден гарнизон және дивизия чемпионы болдым, одан ұзақ қашықтықтарға жүгіруге қатыстым. Командирлердің мені спорт ротасына алмауға шарасы болмады.

Әскерден қайтқаннан кейін Алматы көлік инженерлері институтына түстім. ЖОО-да самбодан, еркін, классикалық күрестен және ауыр атлетикадан мықты спортшылардың бірі болдым.

 

ТАЛАПТЫ ЖЕТЕР МҰРАТҚА

Қайта құру басталғаннан кейін спортты жасарту реформасы жарияланды, менің ойымша, бұл спортқа үлкен зиянын тигізді. 20-дан асқандарға спорт шебері атағын беруді тоқтатты. Сол кезде жоғары деңгейлі жаттықтырушылардан тәлім алғым келген, олимпиадаларда топ жаруды армандадым. Алайда, 20-дан асқан маған және мыңдаған басқа спортшыларға үлкен спорттың есігі жабылған еді.

Сол кездері «шалдарды» жаттықтырумен айналысқан жалғыз бапкер еркін күрестен Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қапан Қапанов болып еді. Бұл кісіге де мен өмірлік қарыздармын. Оның өз жаттықтыру әдістері болатын. Ширату жаттығулары кезінде шәкірттерін әбден қалжыратып, содан кейін спортшылар күрес әдістерін өздері ойлап табу үшін 10 минут «қиялға» уақыт беретін. Сонымен қатар, ол күресу үшін жарыстарды табуды өзімізге тапсыратын.

Содан кейін институтымызда кір тасын көтеру секциясы ашылды, сонда жазылып, оқуды бітіргенше бардым. Үйге оралғаннан кейін локомотив депосына спорт әдіскері болып жұмысқа кірдім. Содан бері менің өмірім тек спортпен ғана байланысты.

Депода бес жыл жұмыс жасадым. Екі шәкіртім спорт шебері атанып, көпшілігі разряд алды. Өзім де кір тасын көтеру жарыстарынан жүлдесіз оралып көрген жоқпын. Тек бір рет, КСРО-ның соңғы чемпионатынан олжасыз келдім. Жоғары дәрежелі спортшылармен кездескен сайын олардан өзім үшін жаңа әдістер үйреніп алуға тырыстым, әрі қарай жаттығу жасауыма серпіліс алдым. Мен әрқашан күштік тұрғыда жаттығатын едім, тек жарыстарға барып, кір тасын қалай дұрыс ұстау керектігін және т.б. тәсілдерді үйрендім. Сондықтан да тек 40 жасымда ғана шебер кір тасын көтеруші болдым. Содан кейін ғана, 2002 жылы ҚР президенті сыйлығына арналған Халық спорты ойындарын, Қазақстан чемпионатын, ҚР бірінші өндірістік спартакиадасын, ардагерлер арасында әлем чемпионатын ұтып, Пантелей Филикиди жүлдесі үшін болған халықаралық турнирде «қола» алдым.

- Өзіңіздің спорт жолыңызда әлемдік деңгейдегі чемпионаттардың қанша алтыны бар?

- 9 алтын медаль. Оның төртеуін жақында Витебскідегі әлем чемпионатында алдым. Сол жерде, Витебскіде, Еуразия чемпионатының үш «алтынын», Халықаралық олимпиадада – үш, Ф. Ушаковты еске алуға арналған халықаралық турнирде бір алтын алдым. Бұған дейін төрт жыл бойы халықаралық жарыстарға қатысқан жоқпын. Ерінбей жаттығу жасап, 11 номинацияға өтінім беріп, барлығында да жеңіске жеттім.

Бірнеше ай бойы өзім қазір жұмыс жасайтын «Мұнайшы» орталық жүзу бассейнінде жаттығу жасадым. Күштік жаттығулармен қатар, белгілі жаттықтырушы Иван Галкиннің қасында жүзумен шұғылдандым. Содан кейін Рүстем Құспаевтың жетекшілігімен фридайлингпен (аквалангсыз су астында жүзу) айналыстым. Мұның бәрі ағзама жақсы әсерін беріп, Витебскідегі жетістіктеріме көп көмектесті.

- Витебскіде тағы бір белгілі кір тасын көтерушіміз Евгений Ухов та қатысты ғой.

- Ол әлем чемпионаты мен Бүкіләлемдік олимпиадада 2 «алтын» медаль алды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

2 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.