Атырау, 20 сәуір 01:09
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Дипломмен ешкімді таңғалдыра алмайсың

3 742 просмотра

25 қыркүйекте қалалық жұмыспен қамту орталығында кезекті «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті.

60 МЫҢДЫ МЕНСІНБЕЙДІ

Қалалық жұмыспен қамту орталығында ресми түрде 5 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген және олардың көпшілігі - әйелдер. 25-тен 50 жасқа дейінгі қалалықтар жұмыс іздейді. Біліміңді растайтын құжаттарың көп рөл ойнамайды екен. Кейбір жұмыссыздардың жақсы білімі, қызыл дипломы және қырғын сертификаттары бар болып шықты.

- Жұмыс таба алмай жүргендердің көпшілігі - жоғары жалақы алғысы келетіндер. Есепте тұрғандардың біразы 80-100 мыңнан кем жалақысы бар бос жұмыс орындарын менсінбейді. Араларында Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарын бітірген «Болашақ» бағдарламасының түлектері де бар. Керемет білім алған олар бірден үлкен компаниядан жақсы жұмыс тапқысы келеді, алайда тәжірибелері болмағандықтан оларды жұмысқа алмайды. Уақытша болса да шағын жалақы алып, тәжірибе жинаудың орнына күткенді жөн көреді, - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы ҚАБИЕВА.Ол ештеңе емес, осындай беделді жоғары оқу орындарының дипломдары жоқтар да осылай жасайды. «Арнайыавтобаза», «Зеленстрой», «Ритм-ойл» (қонақ үй бизнесі) бізге үнемі өтінім жіберіп отырады, алайда адамдар, мысалы, «Зеленстройдағы» 60 мың теңге жалақыға келіспейді.

Жұмыс іздеп жүргендердің арасында зейнеткерлік жасқа жақындағандар да бар. Мәселен, бұрын жүргізуші болған Айбек аға. Соңғы жұмыс орнынан 2010 жылы денсаулығына байланысты кетуге мәжбүр болған. Қазір ол ІІІ топ мүгедегі. Аяқ-қолы аман-сау ер адам үйде отыра алатын ба еді, кейде әр жерде уақытша жұмыс жасап, нәпақасын айырып жүреді. Алайда тұрақты жұмысы болғанын қалайды. Шағын жәрдемақысы бар, жолдасы зейнетақы алады, бірге тұратын ересек балалары көмектеседі. Дегенмен, тұрақты жұмыс болса дейді, мүмкіндік болса, жанға жайлы вахтерлік сияқты жұмыс іздейді...

«Идеал» компаниясының қызметкерлерді іріктеу жөніндегі менеджері Лима МАЖЕНОВАкәсіпорынның Жұмыспен қамту орталығына бос орындар туралы мәліметтерді тұрақты түрде жіберетінін айтты. Алайда жәрмеңкеге бірінші рет қатысып отыр. Компанияның бос жұмыс орындар тізімі де үлкен екен: қауіпсіздік қызметі мамандары, сауда залы қызметкерлері, кассирлер, сатушылар, тазалаушылар, наубайшылар мен жүк түсірушілер. «Идеал» барлығы 100-ден аса адам алып, өз оқу орталықтарында тегін оқытуға дайын. Алайда үміткерлерге қоятын өз талаптары бар. Материалдық жауапкершілігі бар қызметкерлерді, сондай-ақ, бұрын бәсекелестерде жұмыс жасаған адамдарды компанияның қауіпсіздік қызметі тексереді.  

- Бұл биылғы 13-ші жәрмеңке. Бұрынғы өткендердің қорытындысы бойынша 199 адам жұмысқа орналасты. Жыл сайын 600 адамды жастар практикасына жібереміз, - дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Гүлнәр ТҰРАШЕВА (суретте).Біз ай сайын мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлік жасқа жақындағандар, интернаттық мекемелер шәкірттері және бас бостандығынан айыру орындарынан келген адамдар үшін жәрмеңке өткіземіз. Бүгін 1500-ден аса жұмыссызды шақырдық. «Нефтемаш» АҚ, «Гелтос» ЖШС филиалы, «ККС Сечим» КФ, «Тесла-тан» ЖШС және тағы басқа 16 ұйым мен компаниялар тізім берді, 690 қызметкер керек. Кәсіпорындарға көбінесе ағаш шебері, дәнекерлеуші, жүргізушілер, электриктер, жол жұмысшылары, аула тазалаушылар мен қара жұмысшылар қажет.

ЗАҢҒА ПЫСҚЫРМАЙТЫНДАР

Заңға сәйкес, жұмыс берушілер ТН-1 нысаны бойынша бос жұмыс орындары туралы статистикалық есеп берулері керек. Қалалық бөлімге 300-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілері тұрақты түрде осындай есеп жіберіп тұрады, алайда облыс бойынша осындай 25 мыңнан аса кәсіпорын тіркелген. Сонда қалғандары заңнама талаптарын орындамайды ма? Сонымен қатар, мақсаттық топтарға 1 пайыз және мүгедектер үшін 3 пайыздық  квотаға қатысты талаптарға да жұмыс берушілер мән бермейді.

Бұрын түрмеде отырғандарды да жұмысқа орналастыру оңай емес. Қылмыстық-түзету жүйесі органдарынан бостандыққа шығарылғаны жөнінде хат келгеннен кейін бөлім мамандары сол адамды хатта көрсетілген деректер бойынша таба алмайды: телефондарға жауап бермейді, кейде мекенжайлары теріс көрсетілген болады. Түрмеге дейін қарапайым өмір сүрген адамдар тез бейімделіп кетеді. Олар кез келген жұмыстарға келіседі, арақ ішпейді, бұғауда болған кездерін тез ұмытуға тырысады. Ал қаны қарайғандар, көбіне, жұмыс жасауға ұмтылмайды да.

Қалалық қылмыстық-түзету инспекциясының бастығы Ғарифолла ТҮРЕКЕШОВ шартты түрде жаза алған жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мәселесіне жетекшілік етеді. Оның айтуынша, жұмыс берушілерді сотталғаны туралы мәліметтер шошындырады. Алайда шартты сотталғандардың 70 пайызының тұрақты жұмысы бар. Көбіне олар құқықбұзушылықты жасамас бұрын жұмыс жасаған немесе жұмыс берушілерден жолы болған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

26 қыркүйек 2014, 15:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.