Атырау, 25 сәуір 11:38
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Спорт жаңалықтары

2 591 просмотра

Болашақ «барыстар»

3-БЖСМ шәкірттерінен құралған «Атырау барыстары-2000» командасы 2000 ж.т. жасөспірімдер арасында баскетболдан ел чемпионатының күміс медалін ұтып алды. 

Үстіміздегі жылдың сәуірінде Астана қаласында болған бірінші турда «барыстар» Павлодар, Ақтөбе, Орал және Қызылордадан келген құрдастарымен кездесіп, барлығын да жеңген еді. Жезқазған қаласында жақында аяқталған екінші турда Талдықорған, Алматы, Шымкент және Ақтау командаларын ұтып, финалда қостанайлықтарға 12 ұпай айырмасымен есе жіберіп қойды. Нәтижесінде – «күміс» медаль алды. Барыстардың шабуылшысы Ерғанат ҚАЙРОШЕВ (суретте) чемпионаттың үздік ойыншысы атанды.

***

 

Италиядан келген үш «қола»

Итальяндық Римини қаласында өткен жастар арасындағы кикбоксингтан әлем чемпионатында атыраулық файтерлер үш қола медаль алды. 

Ел құрамасының сапында төрт атыраулық спортшы өнер көрсетті. «Фулл-контакт» санатында «қолаға» қол жеткізгендер: 51 келіге дейін – Жанәлі Сәлімгереев, 57 келіге дейін - Азамат Өтемісов және 81 келіге дейін – Эльдар Мұхитов. К-1 дәрежесі бойынша 57 келіге дейін салмақта Жандос Назарбеков үшінші орын үшін айқаста хорваттық спортшыға есе жіберді.

Облыстың аға жаттықтырушысы Рүстем ҚИСМЕТОВ былай дейді:

- К-1 дәрежесінде «фулл-контактқа» қарағанда төбелесу қиын. Өйткені мұнда аяққа тебеді, ал толық контактілі ұрыста тек денеге ғана тебуге рұқсат етіледі. 

Италияға барар алдында спортшылар Семейде жаттығу жиынын өткізді. Олар 2-БЖСМ-де Д. Юсупов, Қ. Қосақов және Е. Сақыпов сияқты жаттықтырушылардан дәріс алады. 

Спорттың осы түрінен облысымыздың өз дәстүрі қалыптасқанын айта кеткен жөн. Марат Айтқалиев (2003), Қуанышбек Қосақов (2005), Абзал Дүсіпов (2013) әр жылдары әлем чемпионы болса, Талғат Қайрекешов (2008) жастар арасында Әлем кубогының иегері.

***

 

Үш дүркін чемпион

Литва астанасы Вильнюсте армрестлинг бойынша XXXVI әлем чемпионаты өтті.

Сайысқа 42 елден 1000 шақты спортшы қатысты. Қазақстан құрамасының құрамында атыраулық атлет Вали ФАРАДЖОВ та болды.

Вали 26 спортшының арасында 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. 11 жекпе-жекте жеңіске жетіп, финалда әлемнің 12 дүркін чемпионы Джамбул Виблианиді табандылықпен ұтты. Осылайша, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Вали Фараджов әлемнің 3 дүркін чемпионы атанды (ол алғаш рет Лас–Вегаста өткен 2010 жылғы әлем чемпионатында, екінші рет – 2013 жылы бразилиялық Сан-Паулуда жеңіске жеткен болатын).

2010 жылдан бері чемпион «Ариадна» ЖШС-де спорт нұсқаушысы болып жұмыс істейді. Ол «Ариадна» ЖШС бас директоры Алан Агубеевич Кайтуковқа үнемі демеушілік қолдау көрсететіні, сайыс ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттайтындығы үшін алғысын білдіреді.

***

 

Өз басымдығын дәлелдеді

Астана қаласында өткен Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшісінің кубогында облыс құрамасы қоржынын жүлдеге толтырды.

Жадыра Хайруллина мен Аманжан Нұрсұлтан жеңімпаз атанды. Айгүл Елубай мен Арыстанбек Әбдиқұлов «күміс» иеленсе, Арайлым Оразақова, Айдана Әділбаева, Сағадат Жолдасбаев, Әділжан Сәрсенов және Айтуар Шайкенов «қола» медаль жеңіп алды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.