Атырау, 24 сәуір 06:52
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

«Белсенділер» жұмыстан босап қалды

2 767 просмотра

Редакцияға биыл жазда қысқаруға ұшыраған «Өрт сөндіруші» АҚ Атырау филиалының бұрынғы қызметкерлерінің бір тобы хабарласты. 10 адам өткен жылдың аяғында орын алған еңбек дауынан кейін кәсіпорын басшылығы өздерінен осылайша құтылуды ұйғарған деп есептейді.

«БІЗ ҚАРА ТІЗІМГЕ ІЛІНДІК»

Біз бұл жанжал туралы жазған едікҚауіпті қызмет, алдамшы жалақы»). Естеріңізге салсақ, «Болашақ» зауытында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Өрт сөндіруші» АҚ Атырау филиалының №1 бөлімінің қызметкерлерінен құралған бастамашыл топ бірқатар мемлекеттік органдарға шағымданған. Адамдар еңбекақыларының мөлшеріне, оны кешіктіріп беретіндігіне, жасанды тыныс алу аппаратында жұмыс істегені үшін үстеме ақы төленбейтіндігіне, үстеме сағаттар мен қосымша жұмыстар үшін ақы төлен-бейтіндігіне келіспеген еді.

- Арызымызда баяндалған кейбір фактілер жоспардан тыс тексеру барысында расталды. Мәселен, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жұмыс берушінің 2009-2013 жылдар аралығында еңбекақыны 16-дан 20 күнге дейін кешіктіріп бергенін анықтады. Бұл еңбек заңнамасының бұзылуы, - дейді кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлерінің бірі Анарбек СҰЛТАНҰЛЫ (суретте). Жұмыс беруші тарапына заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым жолданып, әкімшілік іс қозғалды. Оның үстіне, Еңбек Кодексі бойынша, егер еңбекақыны кешіктіру жұмыс берушінің кінәсінен болса, ол бережақтан бөлек, әрбір кешіктірген күн үшін өсімақы төлеуге міндетті. Маған, мәселен, өсімақыны ақыры төлеген жоқ. Сонымен қатар, бұрынғы жұмыс берушімізге еңбек демалысын есептеуге қатысты да, ең бастысы – қазіргі қысқарту фактісіне байланысты көп сұрақтарымыз қалды.

Еңбек келісімшартын бұзу туралы хабарламаны біз 21 маусымда алдық. «Аджип ҚКО»-ның 20 маусымдағы хатының негізінде «Болашақ» зауытын іске қосуды кідіртуге байланысты «Өрт сөндіруші» АҚ АФ директорының біз жұмыс жасаған №1 өрт сөндіру бөлімінің штаттық санын қысқарту туралы бұйрығы шықты. Бірақ сонымен қатар, штатты қысқартуға әзірлік кезеңінде жұмыс беруші жаңа қызметкерлерді жинады, олар әлі күнге дейін жұмыс жасап жатыр. Кәсіпорында бірнеше жыл істеген, тиісті аттестациядан өткен бізге заңнамада көрсетілгендей, басқа жұмысқа ауысуды ұсынбады. Біз қысқарғанға дейін біраз бұрын біз үшін бос орын қалмасын деп, жаңа қызметкерлерді әдейі іріктеді деп күмәнданамыз. Қысқарту кезінде жұмыс өтілі де, бәріміздің отбасының жалғыз асыраушысы екеніміз де ескерілмеді. Барлығы 50 шақты адам қысқарды. Алайда содан кейін, қысқартылған қызметкерлердің жартысынан көбін - өткен жылы өзіміздің еңбек құқығымыз үшін күрескен біздерден, белсенділерден басқасын филиал басшылығы кері жұмысқа шақырды. Біз «қара тізімге» іліктік.

 

«БҰЛ ҚУҒЫНДАУ ЕМЕС»

Біз «Өрт сөндіруші» АҚ АФ басшылығынан бұл жағдайға байланысты комментарий беруді өтіндік. Филиал директоры Серік ХАЙРУШЕВТІҢ қолы қойылған жауапта былай делінген: «Аджип ҚКО компаниясының зауытын уақытша тоқтатуға байланысты Аджип ҚКО нысандарын күзететін №1 өрт сөндіру бөлімінің 50 қызметкері 2014 жылдың 23 шілдесінде штат санын қысқартуға байланысты жұмыстан босатылды. Бұйрық комиссия құрамымен бекітілді. Комиссия хаттамалық тәртіппен өрт сөндіру бөлімінің басшылығы ұсынған қысқартуға ұшырайтын қызметкерлердің тізімін қарап шықты.

Бөлімдегі газдан құтқару қызметін таратуға байланысты бұл тізімге 24 газдан құтқарушы мен газдан құтқару машиналарының жүргізушілері, 6 күндізгі жұмысшы және кезекші ауысымның 20 қызметкері (бөлімше командирлері, жүргізушілер, өрт сөндірушілер) кірді. Бұл тізімге тиісті білім деңгейі жоқ, кезекті аттестациядан өтпеген, еңбек тәртібін үнемі бұзатын қызметкерлер енді.

Тізімді қарау кезінде уақытша еңбекке жарамсыз қызметкерлер, жыл сайынғы еңбек демалысында жүрген қызметкерлер, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдер, 14 жасқа дейінгі баланы (18 жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар, анасы жоқ аталмыш санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған басқа да тұлғалар қысқартуға ұшыраған жоқ.

Қысқартуға ұшыраған қызметкерлердің бірінің үш жасқа дейінгі баласы болып, бұрынғы жұмысында қалды. Мүгедек балаларын тәрбиелеп отырған үш қызметкер жұмысқа орналастырылды. Қысқартылған 15 қызметкер төленетін еңбек демалысы кезінде жүрген жұмысшыларды алмастыру үшін уақытша қабылданды.

Осы қызметкерлерді жұмыстан босатуға қатысты біздің әрекетіміз қудалау болып табылмайды. Қысқартылған тұлғалар тізімі жеке тәртіппен қаралды».

Ал несібесіз қалған «Өрт сөндіруші» АҚ АФ бұрынғы қызметкерлері қол қусырып қалмақ емес. Олар еңбек биржасына есепке тұрып, қолдарынан келгенше табыс табуда. Сонымен қатар өздерінің қысқаруға ұшырауын заңсыз деп санап, сотқа талап-арыз берді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

25 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.