Атырау, 19 сәуір 07:01
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Таза су қашан келеді?

3 035 просмотра

«Ақ бұлақ» сумен қамту мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан Индер ауданының көптеген елді мекендерінде әлі күнге дейін су жоқ. Оған су тазарту қондырғылары (СТҚ) құрылысының кідіруі себеп болып отыр. 

- Біздердің таза су қашан келеді деп жүргенімізге 14 жыл болды. Су құбырын үш рет жүргізді! Соңғы рет осыдан екі жыл бұрын тартты. Олардың қазіргі жағдайы беймәлім, ал құдықтардың көбісі жарамайды. Сондықтан биыл да таза сусыз қаламыз ба деп алаңдап отырмыз, - дейді аудан тұрғындары.

2003 жылы алты ауылға салынған су тазарту қондыр-ғылары енді жарамайды, жаңалары салынуда. Биыл ауданға қарасты Бөдене, Жарсуат, Елтай, Өрлік, Көктоғай (Есболдан басқа) ауылдарындағы су тазарту қондырғысын іске қосу үшін бюджеттен жалпы 1 млрд 787 млн теңге қаралған еді. СТҚ-ны «НБСС», «БолатД», «СамалНефтеСтрой», «ТасқалаТрансГаз» ЖШС-лері салуда. 2013 жылы маусымда басталған жұмыс биылғы жылдың желтоқсанында бітуі тиіс.

- Келісімшарттағы тапсыру мерзіміне қарамастан біз жұмысты одан ертерек қабылдап алуға жұмыстанып жатырмыз, -дейді тапсырысшы - Индер аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бастығы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ. - Бес ауылдағы СТҚ-ның құрылысын жұмысшы комиссиясы қарап, бірнеше ескертулерін берді. Қыркүйектің 25-інде мемлекеттік комиссия бұл жұмыстарға нүкте қояды. Содан кейін ауыл адамдары таза су іше бастайды. Бүгінде Бөдене, Көктоғай ауылдарындағы құбырларға су жіберіп қарап жатырмыз. Жасыратыны жоқ, екі жылдан бері құдықтардың біразы жарамсызданды, бірақ оны мердігерлер демеуқаржыға жасап беруге уәде етті. 

- Сіздіңше, қысқы кезеңде жұмыстардан ешқандай қиындықтар болмай ма?

- Суды өзеннен алып отырған құбырлар екі метр тереңдікте жатыр. Сондықтан қыста су болмайды деп қорқудың реті жоқ.

- Ал Есбол ауылындағы СТҚ құрылысы қашан бітеді?

- Желтоқсанда. Оның құрылысына 211 млн теңге жұмсалды. 

Ынтымақ, Аққала, Құрылыс елді мекендеріне көшеішілік су құбырлары 2008 жылы жүргізілген болатын. Бірақ СТҚ толық салынып бітпегендіктен таза суға қол жеткізе алмауда. Осы елді мекендердегі СТҚ құрылысының әрқайсысына 35 млн теңге ғана бөлініп, жұмыс жарым-жартылай жасалған (суретте).

- Бұл елді мекендердегі СТҚ-ын бітіру үшін қосымша 500 млн теңге қажет. Қаржының қашан қолға тиетіні белгісіз. Біз оны өткен жылдан бері сұрастырып келеміз, бірақ, әлі күнге дейін жауап жоқ, -дейді Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

25 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.