Атырау, 19 сәуір 10:28
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Велосипедшілерге шектеу қойылды

2 708 просмотра

Осы жазда енгізілген велосипедшілердің қозғалысын шектеу шаралары жұртшылықтың алуан пікірін тудырды. Бұған қатысты дау әлі күнге дейін толастар емес.

Атап айтқанда, шектеулер қала тұрғындарының сүйікті орнына арналған жағалауға қатысты болып отыр. Қаланың осы бөлігінде (Жайық өзенінің екі жағы) сағат 19.00-ден 23.00-ге дейін велосипедпен жүруге тыйым салынған, бұл туралы орнатылған белгілерден білуге болады.

- Біз қала тұрғындары тарапынан көптеген шағымдардың түсуіне байланысты осы шектеулерді енгізуге мәжбүр болдық. Өйткені, жағалау бойы, әсіресе, сол жақ жағалау – адамдар көп жүретін жер. Әрі ол жер өте енсіз. Велосипедшілердің жаяу жүргіншілерді қағып кететін жағдайлары жиілеген. Бұл - велосипедшілер мен жаяу жүргіншілер арасындағы бітпейтін дау, - дейді Атырау ҚІІБ әкімшілік полиция қызметі бастығының орынбасары Руслан ЕСПАНОВ. - Біз заңнаманы түсіндіру үшін прокуратураға хабарласқанбыз. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-8-бабының 1-тармағының негізінде велосипедшілердің қозғалысы үшін шектеу енгізе алатынымыз туралы жауап алдық. Қалада велосипед тебуге арнайы бөлінген жер жоқ екенін ескеріп, біз тек уақыт бойынша шектеу енгіздік. Қазір жағалаудағы велосипедшілер де, шағымдар да әжептәуір азайған. Біздің қызметкерлер ол жерде үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрады. Әзірге ешкімге айыппұл салған жоқпыз (ҚР ӘҚтК-нің аталмыш баптарын бұзғаны үшін айыппұл мөлшері – 5 АЕК (9 260 теңге), жыл ішінде қайталанса – 10 АЕК (18 520 теңге) - Автордың ескертпесі).

Енгізілген шектеулер туралы өз пікірімен «Движение – Жизнь!»  атты велосипедшілер қоғамындағы белсенділердің бірі Сергей СУДЗИЛОВСКИЙ бөлісті:

- Бұл шектеу бізге, әрине, ұнамайды. Бірақ негізінен біз кішкентай балалары бар ата-аналардан, сондай-ақ, жағалау бойымен серуендейтін егде адамдардан әлденеше рет шағым түскенін білеміз. Олардың бәріне де құрметпен қараймыз. Шектеу белгілері текке орнатылмаған деп айтар едім. Өз басым кейде сол жақ жағалаумен жаяу серуендеп жүргенде екі велосипедшінің жағалаудың енсіз бөлігінен өте алмай, өздері үшін де, жүргіншілер үшін де қауіпті жағдай тудырғанын әлденеше рет көрдім. Бірақ біздің билікке осы мәселені анағұрлым жіті ойластырған жөн еді. Мәселен, «Атырау» ДСК-ден Жилгородок жағажайына дейінгі бөлікке шектеу қою қажет екенін түсінуге болады. Ол жерде кешкісін, шынымен де, адам көп жүреді. Алайда жаяу жүргіншілер аз жүретін оң жақ жағалау мен әкімдік маңына осындай шектеу енгізгенде шенеуніктердің нені басшылыққа алғаны түсініксіз.

Тағы бір маңызды жайт. Мен, мәселен, негізінен  велосипедті жалға алғандардың құйындатыптебетінін байқадым. Олар қоршаған ортаның қауіпсіздігіне, бөгде мүлікті сақтауға пысқырып та қарамайды. Бәлкім, осындай желікпелер мен жалға беру орындарының қожайындарымен әңгімелер жүргізген жөн шығар?

Бұл шектеудің қайшы жағы да бар. Меніңше, ешқандай балама ұсынбай, қандай да болмасын шектеулер немесе тыйымдар енгізуге болмайды. Өйткені, қалада велосипедпен серуендеу үшін орын жоқ. Тек көлік жолы бар, бірақ әуесқойлардың көпшілігі жолға шығудан қорқады. Жасөспірімдердің қай жерде тебе алатындығы түсініксіз? Жол қозғалысының ережесі бойынша, оларға көлік жолына шығуға тыйым салынған. Ал, осы мәселені шешу жолдары көп. Мәселен, жаңа әуежайға баратын тас жолдың екі жағынан велосипед жолы үшін 1,5 метр бөлуге болар еді. Меніңше, осы мәселені біздің әкімдіктегілер пысықтамаған секілді. Өйткені, бізде велоспорт қатты дамымаған. Бірақ жылдан жылға велоәуесқойлар көбейіп келе жатқанын мойындау керек. Сондықтан қаланың инфрақұрылымын жобалау және жаңарту кезінде осыны ескеру қажет. Тыйымдар мен шектеулер проблеманы шешпейді.

Жалпы, велоәуесқойлармен тілдескен кезде олардың көпшілігі жағалаудан сағат жетіге дейін кетіп қалуға тырысатынын, батылдары көлік жолының жағасымен жүруге мәжбүр екенін, үшіншілері қала сыртындағы далалыққа серуендеуге шықса, төртіншілері үйлерінен «темір тұлпарларын» шығармайтынын білдік.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

18 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.