Атырау, 20 сәуір 02:48
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Аудан жаңалықтары

2 438 просмотра

Бастық әлімжеттік көрсетті

«ЖылыойCу» ЖШС-нің директоры, 62 жастағы Балтабай ИБРАЕВ клиентке жеңіл дене жарақатын салғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі.

Жылыой аудандық сотының іс материалдарында жәбірленуші Р. Стуаниева анасының үйіндегі су желісін қосу үшін басшыға қол қойдыруға кірген. Бірақ Ибраев қолын қоймаған, шамасы, сенбі күні оның басқа жоспары болған. Арадағы айқай-шу ол сыртқа беттеген тұста, есік алдында болған. Сол кезде онымен ере шыққан жәбірленушінің қолы мен денесі қабылдау бөлмесініңесігіне қыстырылып қалған. Есікті қайта ашып-жабуға мүмкіндігі бола тұра Ибраев есікті қасақана қатты итерген. Жеңіл дене жарақатын сот-медициналық сараптамасының сарапшысы анықтады. Ал, куәгер-лердің жәбірленушіге қарсы жауаптары Жылыой аудандық сотының судьясы С. КЕНЖАЛИЕВА үшін негіз бола алмады. Ол мұны бағынышты адамдардың бастығын әкімшілік жауапкершіліктен құтқару мақса-тында айтылған деп бағалады.

Сот қаулысымен Б. Ибраев ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 79-3 бабының 2-тармағымен («Денсаулықтың қысқа уақыт бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру») кінәлі деп танылып, оған 50 АЕК мөлшерінде, яғни, 92 мың 600 теңге айыппұл салынды.

Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы Б. НҰРЖАНОВА аудандық соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырды.

***

 

Прокуратура түсіндіреді

«АЖ»-ның 28.08.2014 күнгі №35 нөмірінде Индер аудандық прокуратурасының жер теліміне құқық беретін құжаттардың күшін жою туралы әрекетіне байланысты мақала жарық көрген болатын (әкімнің шешімі, мемлекеттік акті, жалға беру келісім-шарты және идентификациялық құжаттар).

Мақалада ЖК С. Жәкиеваның ағымдағы жылы аудандық прокуратураның талап-арызы бойынша соттасуына байланысты кәсіпкерлік ісін жүзеге асыруға, яғни, Жайық өзенінің жағасында жазғы кафе ашуға мүмкіндігі болмағандығы айтылған.

Ал, 26.06.2014 күні Индер аудандық сотының шешімімен аудандық прокуратураның поселке әкімінің уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы шешімін заңсыз деп танып, бұзуды, келісім-шартты және идентификациялық құжаттарды жарамсыз деп тану, сонымен қатар, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы талап-арызы толықтай қанағаттандырылған.

06.08.2014 күні облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық алқасының қаулысымен Индер аудандық сотының шешімі өзгертілді. Атап айтқанда, 1-ші сатыдағы сот шешімінің поселке әкімінің жер телімін табыстау туралы шешімін заңсыз деп танылған бөлігінің күші жойылып, басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңының 8-бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекеттiк органның құқықтық актiсi осы құқықтық акт арналған адамдар оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.

Осы ретте, облыстық соттың шешімімен әкімнің жер телімін табыстау туралы шешімінің орындалуы жер теліміне мемлекеттік акті берілген және жалға беру шарты жасақталған сәттен бастап оның қолданылуы тоқтатылуына байланысты оны бұзудың қажеттігі жоқ деп танылды. 

Бұл жағдайда, ЖК С.Жәкиеваның жер теліміне құқық беретін құжаттар (мемлекеттік акті, жалға беру келісім-шарты және идентификациялық құжаттар) жарамсыз деп танылған.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.