Атырау, 29 наурыз 04:41
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Тоқта! Кім тасымалдауда?

1 392 просмотра

Құлсары қаласындағы №8 маршрут айналасындағы дау-дамай жалғасуда. «АвтостоянкаА» ЖШС-мен 12 автобус жүргізушісі арасындағы дүрдараздықтың ақыры немен бітері белгісіз.

Тендер бойынша 2011 жылы 6 жүргізушімен №6 және 8 маршруттарды «АвтостоянкаА» ЖШС бес жылға жеңіп алады. Басында бәрі жақсы болғанымен төлемақы төлеуде келіспеушіліктер пайда бола бастады(«АЖ», №4, 24.01.2014 күнгі «Жүргізушілер неге дүрлікті?» мақаласы)

- Бастапқыда жүргізушілер  ай сайын 30 мың теңге төлеуі тиіс болып келісілді, - дейді «АвтостоянкаА» ЖШС-нің директоры Зәуре ИДРИСОВА. -Кейін жиналыс жасап, күн сайын әрбір жүргізуші 2 000 теңгені серіктестікке төлеу туралы келісімшартқа отырдық. Ақшаны контролер-кассир жинайтын. Бірақ төлем төлеуде жүргізушілердің бәрі ықыласты болмады. 12 жүргізуші төлем төлеуді ай сайын 1 000 теңгеге түсіруді талап етті. Бірақ біз мұнымен келіспедік, өйткені, еңбекақы, басқа да шығындарымызды жаппайтын еді. Олар өткен жылдың тамызынан бері бір тиын төлеген жоқ.

Жүргізушілердің уәжі басқа:

- Біздің табысымыз автобус көбейгесін бірден азайды. Бүгінде қырықтан астам көлік жүріп жатыр, соның жартысы да жетер еді. Біз осы маршрут арқылы отбасымызды асырап отырмыз. Соны серіктестік басшылығы неге ескермейді?

ЖШС жүргізушілермен арадағы келісім-шартты өткен жылдың сәуірінде бұзды. Бірақ жүргізушілер қолдарында заңды жолпарағы болмаса да, маршрутта жүрулерін жалғастыруда. Бұған наразы болған ЖШС әкімшілігі Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз түсірген болатын. 2014 жылы 29 қаңтардағы соттың шешімімен күн сайынғы 1 000 теңге есеппен ЖШС пайдасына 12 жүргізушіден жалпы сомасы 850 мың теңге өндірілетін болды. Ал, ЖШС-нің аталған жүргізушілерді жолаушыларды тасу қызметін пайдаланбауды міндеттеуді сұраған талап-арызы қанағаттандырусыз қалды.

- Сот шешімі шыққалы бірнеше айлар өтсе де, олар төлеуге тиісті ақшаларын толық өтеп болған жоқ. Жуырда екі жүргізуші жартылай төлеп кетті, қалғаны тым-тырыс. Ең сорақысы - олар бір тиын төлеместен жолпарағынсыз, күнделікті медициналық бақылаудан өтпей-ақ маршрутта заңсыз жүріп жүр. Қайғылы жағдайдан ешкім сақтандырылмғаан, жол-көлік апаты кезінде жолаушылар үшін кім жауап береді? -дейді З. Идрисова.

ЖШС бірнеше рет прокуратураға, аудан әкімдігіне, ІІБ-не заңсыз жүрген автобустарды тоқтату жөнінде шағым түсірген, бірақ әзірге ешқандай әрекет жоқ. Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ айтуынша, жүргізушілердікі заңсыз, бірақ бұл - әкімдіктің емес, ІІБ құзырындағы шаруа. 

- Біздер бұған дейін қалада 18 рет рейд өткізіп, 700-ден астам жүргізушінің заңсыз жолаушыларды тасып жүргенін анықтадық. Олардың бәріне айыппұлдар салынды және олар біздің бақылауымызда, -дейдіЖылыой аудандық ІІБ бастығы Руслан АДИЛОВ.

- Біз отбасымыздың асыраушысы өзіміз болғандықтан қарап отыра алмаймыз, -дейді Ержан БӨЛДІРБАЕВ, Сәлімжан ЖОЛДЫБАЕВ, Аманқос ӘБІЛХАЙРОВ. -Мүмкін, ЖШС басшылығымен Сіз сөйлесерсіз, күн сайын 1 000 төлеуге келіссе, бірігіп жұмыс жасауға болар еді. 

Бірақ біздің ымыраластыру миссиямыз сәтсіз аяқталды. ЖШС басшылығы жүргізушілермен келісімге келуден бас тартты. Одан бөлек, ЖШС жүргізушілерді маршруттан шығару үшін Жоғарғы сотқа арызданбақ.    

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.