Атырау, 20 сәуір 04:19
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Шыңғыс Мұқан: ҰБТ-дан кейінгі толғаныс

3 412 просмотра

Жаңа оқу жылы басталғанда біраз қиындықтарға тап болдық. Кейбір қала мектептерінде оқушылардың саны күрт артып кетті. Ата-аналар балаларының мұндай жағдайда ҰБТ-ға қалай дайындалатынына алаңдаулы. Осыған байланысты біз Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАНМЕН (суретте) өңірдегі білім беру процесін ұйымдастыру жөнінде әңгімелескен едік.

БАЛА САНЫ ЖӘНЕ МЕКТЕПСІЗ ЫҚШАМАУДАНДАР

- Шыңғыс  Жұмабекұлы, облыс басшылығы үш ауысымдық оқу жойылды деп растағанына қарамастан, №16 орта мектептің оқушылары алғашқы оқу күндерінде үш ауысыммен оқыды.

- Бұл қыркүйектің алғашқы күндері болатын. Осы бір мектептің өзіне жаңа оқу жылында өткен жылға қарағанда360 оқушы көп келді. Сондықтан мұғалімдер сыныптарды жинақтауға үлгермеді. Мына цифрларға назар аударыңыз. №16 мектептің жобалық қуаттылығы - 1 568 орын. Егер екі ауысымға көбейтсе, 3 136 орын болады. Қазіргі уақытта №16 мектепте 2 368 оқушы оқиды, оған қоса тағы 198 бала «нөлінші» сыныпқа барады. Бүгінгі күні Авангард ықшамауданындағы мектептердің жүгі көп, жыл сайын оқушылар саны көбеюде. Бұл жақын жатқан Нұрсая мен Самал ықшамаудандарында мектептің жоқтығына байланысты болып отыр. Мәселен, тамыздың аяғында Нұрсаяда үш үй тапсырылды. Ол жерде қазір 198 отбасы тұрып жатыр. Олардың 600-дей оқушы балалары бар. Олардың бәрі, әрине, 1 қыркүйекте Авангардтағы мектептерге барады. Бұл, біріншіден.

Екіншіден, демографиялық серпілісті ескеру керек. Атырау облысындағы оқушылар саны осы оқу жылында 3 857 адамға көбейді. Нақтыланған деректер бойынша, бірінші сыныпқа 12 653 бала қабылданған. Бұл өткен жылға қарағанда 1 255 оқушыға көп. 2013 жылы 16 мыңнан астам бала дүниеге келді. Ал, бұл алты жылдан кейін бірінші сынып оқушылары 4 мыңға көп болады деген сөз.

Үшіншіден, білім алу талаптары өзгеруде. Егер бұрын мектептер әр сыныпқа 30 оқушыдан келеді деген есеппен салынған болса, қазір бір сыныпта 25 оқушыдан аспауы тиіс. Тағы бір жайт. Қазір кейбір пәндер, әсіресе, тілдік пәндер міндетті түрде бөліп оқытылады. Осылайша, қазақ немесе ағылшын тілі сабақтарында 12-13 оқушы бір кабинетте оқиды. Осының салдарынан жобалау қуаттылығы кейде мектептің жоспарлы қуаттылығына сай келмей жатады. Жалпы, облыс бойынша 195 мектепте 99 900 оқушыға 95 993 оқушы орнынан келіп тұр. Атырау қаласының 56 мектебінде қуаттылығы 33 622 орында 47 405 оқушы білім алуда. Таза арифметикалық есептеулер бойынша бізде үш ауысым түгілі, екі ауысым да болмауы тиіс. Мектептердегі балалар саны әртүрлі. Жоғарыда аталған себептер бойынша, Авангард мектебінде олардың саны көп. Басқа мектептерде, мәселен, балалар саны, керісінше, аз.

- Жаңа ықшамаудандарға мектептер қашан салынады?

- Нұрсая ықшамауданында 624 орындық мектеп құрылысы 2015-2016 жылдардың республикалық бюджеттік жобасына енгізілді. Жұлдыз ықшамауданында 624 орындық, Еркінқала селолық округінің Ракуша селосында 300 орындық, сондай-ақ, Ақжайық селосында апатты мектептің орнына 120 орындық мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Қазіргі уақытта Атырау қаласын дамытудың бас жоспары жасақталуда. Бас жоспар бекітілгеннен кейін толықтай жоспарлау жобасы әзірленетін болады. Ол жерден қала халқының өсу болжамы ескеріліп, әлеуметтік нысандар орны көрсетіледі.

 

НЕЛІКТЕН 12 БІРЛІККЕ «ҚҰЛДЫРАП КЕТТІ»?

- ҰБТ-2014 қорытындысы облыс тарихындағы көңіл жабырқатар жайт болды. Түлектердің 50 пайызы дерлік төменгі балл санын жинай алмады. Ал, орташа балл, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, 12 бірлікке төмендеді. Бұған қатысты сіздің пікіріңіз?

- Білім беру саласы әрдайым да сақтанымпаз сала деп есептеледі. Оған күрт өзгеріс тән емес. Елу жыл бұрынғы оқулықтарда Ньютон заңдары немесе Пушкин мен Абайдың шығармалары бар болса, қазіргі оқушылар да осыларды оқиды. Бұдан басқа, мектептерде кадрлардың тұрақтамауы болмайды. Бір жыл ішінде түлектердің білім деңгейі 20 пайызға өзгеріп кетуі мүмкін дегенге сене қоймаймын. Мұндай өзгеріс республика ауқымында да орын алды. 2012 жылы орташа балл 86,6-дан 70,9 баллға дейін азайды. Яғни, 15,7 баллға төмендеді. Егер өңір ауқымында талдау жасар болсақ, мұндай «айырма» жиі болып тұрады. Бұл жерде мәселе белгілі бір өңірдегі білім беруді ұйымдастыруда ғана емес, жалпы елдегі білім беру саласына, атап айтқанда, ҰБТ өткізуді ұйымдастыру мәселесіне тіреледі. Мәселен, Атырау қаласында таңертеңгі сағат 9-да басталудың орнына тестілеу сағат 11-12-де басталды. Түлектерді тестілеу орталығына жеткізуді ұйымдастырғанда мектептер түлектерді сағат 8-де сол жерде болу үшін таңертеңгі сағат 7-ден бастап жинайды. Түлектер өте ертемен сағат 5-6-да тұрады. Содан кейін алдыңғы жақта тұрғандар өтпейінше, ыстықта өз кезектерін күтуге мәжбүр. Әрине, түлектердің өздері де проблема тудырып, аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысады. Сондықтан бұл процесте бүкіл қатысушылар тарапынан нақты тәртіп сақталуы тиіс. Жергілікті биліктің тестілеудің ұйымдастырылуына араласуға құқығы жоқ. Біздің міндетіміз – түлектерді оқу орнының есігіне дейін жеткізу. Мұндай жағдайда білім және ғылым министрлігі бүкіл жағдайды ескергені, бізге жете ұғыну үшін кеңестер беріп, егер бар болса, жүйелік қателіктерді көрсетсе, артық болмас еді. Біз жергілікті атқарушы билікке тиесілі нәрселерді жасар едік.

 

 ҮЗДІК ҰСТАЗ «БҰЙЫРМАСА» ШЕ?

- Бұл жағдайды қалай өзгертуге болады? Білім беру жүйесін жақсарту үшін облыстық әкімшілік қандай қадамдар жасап жатыр?

- Мен бүкіл аудандық дерлік және қалалық тамызда өтетін конференцияларға қатыстым. Мектеп директорларымен, мұғалімдермен, оқушылармен, түлектермен, ата-аналармен тілдестім. Адам факторының білім беру жүйесінде үлкен рөл атқаратындығын тұжырымдадым. Бұл - жаңалық емес, баршаға мәлім ақиқат. Оқушы болған кезде көпшілігіміз, қазіргі оқушылар секілді оқушыларды тарта білетін, олармен жұмыс жасай алатын ұстаздардың пәндері бойынша жақсы оқуға тырысатынбыз. Кез келген салада, соның ішінде, білім беру саласында үздіктер көп емес. Оның үстіне, қазіргі педагогтар бұрынғы ұстаздар сияқты емес деген пікір бар. Олардың айтқандары дұрыс немесе қате деп дауласпаймын. Бірақ ұстаздардың дайындық деңгейі мен тәжірибесі оқушылардың білім алуында анықтаушы фактор болмауы тиіс. Егер бір оқушыға үздік мұғалімнен тәлім алу бақыты бұйырса, бұл жақсы-ақ. Бірақ оқушылардың негізгі бөлігі өздеріне кім «бұйырса», соған риза болуға тиіс пе? Олай болмауы тиіс! Егер ұстаз өз ісінің білгірі немесе үздігі болмаса, соның салдарынан оқушылар не үшін зардап тартуы керек? Егер жүйелі түрде қарар болсақ, біздің оқулықтарымыз жаман емес. Білім беру стандарттары әлемдік аналогтардан кем түспейді. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсаруда. Бірақ оқыту сапасы да осындай деп айта аламыз ба?

- Ендеше, қазіргі мектепке не жетіспейді?

- Адами факторды азайту үшін оқыту және оқушылардың білімін бағалау процесі автоматтандырылуы тиіс екендігіне сенімдімін. Бүгінгі күні білім беру стандарттарының шеңберінде озық ақпараттық технологиялар базасында оқыту процесін автоматтандыру бойынша қазақстандық әзірлеушілермен жұмыс жүргізудеміз.

- Облыстағы қай мектептерді автоматтандыру жоспарланып отыр? Бұл республика бойынша «пилотты» жоба бола ма, әлде тек біздің облыс бойынша ма? Бұл жұмысты жүргізу қай уақытқа жоспарланған?

- Қазір біз жоба әзірлеушілердің өнімдерімен жете танысудамыз. Олардың ішінде «ИнтерАктивҚазақстан» компаниясы бар. Бұл компанияның өнімдерін «Назарбаев зияткерлік мектептері» қолдануда. Жоба танысу кезеңінде болғандықтан, әзірге бюджеті туралы айту ерте. Егер жүйенің оқушылардың білім деңгейін көтеруге мүмкіндік беретіндігіне көз жеткізсек, онда облыстық бюджет комиссиясына ұсыныспен шығатын боламыз. Бұл - біздің облысымыздың бастамасы, сондықтан егер жоба мақұлданса, онда Атыраудағы қала мектептерінің біріне «пилотты» жоба ретінде алғаш рет енгізілетін болады.

 

САБАҚ ӘР ОҚУШЫҒА АРНАЛУ КЕРЕК

- Оқытудың автоматтан-дырылған жүйесі қандай?

- Елестетіп көріңіз: бір сыныпта 25 оқушы оқиды. Бір сабаққа бөлінген уақыт - 45 минут. Бәрі орнығып отырғанша, мұғалім оқушыларды түгендегенше 5 минут өтеді. Қалған 20 минут оқушылардың алдыңғы сабақты игеруін тексеруге және 20 минуты жаңа тақырыпты оқытуға кетеді. 20 минут ішінде мұғалім орташа алғанда тек 5 оқушының білімін ғана толыққанды тексере алады. Осылайша, оқушының білімі әрбір 3-4 сабақ сайын бір рет бағаланады. Әдетте, бүгін сабақ сұралған оқушы келесі сабақта өзінен сұрамайтынына сенімді болып, ертеңіне сабаққа дайындалмай келеді. Ол соңғы бірнеше сабақ бойына журналға баға қойылмаған сабаққа дайындалған жөн деп есептейді. Ал, егер оқушылардың барлығында проксимити-карталар бар болса, онда мектепке кірер кезде ақпарат тіркеліп, ата-аналар смс хабарлама алатын болады. Осының арқасында сабаққа қатысушыларды тексеруге уақыт жұмсау қажеттілігі жойылады. Оның үстіне, кез келген уақытта облыс бойынша 99 565 оқушының күн сайын қаншасы мектепке баратынын бақылауға болады. Егер кімде-кім ұзақ уақыт жоқ болса, тіпті, директор бұл туралы хабарламаса да, біз білетін боламыз. Өткен жылы Жылыой ауданында бір жағдай болды. Ата-аналар басқа мектепке ауыстырамыз деп балаларының құжаттарын алып кеткен. Ал, іс жүзінде бұл балалар белгілі бір уақытта еш жерде оқымаған.

Бүкіл оқушыда мониторлар мен планшеттердің немесе интеллектуалды тақтаның болуы уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Тапсырма планшеттердің бетіне шығарылады. Әр оқушының өз тапсырмасы болады, сондықтан басқа біреуден көшіре алмайды. Бүгінде ол былай жасалады: бір оқушы тақтаға шығып есеп шығарады, қалған оқушылар оның қалай шығаратынын қарап отырады. Процесті автоматтандыру кезінде бәрі де бейтарап бақылаушылар емес, белсенді қатысушылар болады. Бәрі де тапсырманы өз планшеттерінде орындайды да, оқушылардың білімін оқытушы емес, жүйе бағалайды. Автоматты түрде дәстүрлі субъективті бағалау жойылады. Егер оқушы есепті шығара алмаса, ол «ойға салу» функциясын қолдана алады. Оқушы 20 минут ішінде 5 есепті шеше алады немесе тек бір есепті ғана шығара алады. Ол «ойға салу» функциясын жиі қолданған сайын алатын бағасы да төмендей береді. Есепті көп шығарған сайын бағасы да жоғары болады. Қабілетті оқушы 5 минуттың ішінде 3 есепті, ал, екіншісі 30 минутта шығара алады. Егер олар тапсырманы орындаса, екеуі де бірдей баға алады. Ал, автоматты жүйеде бағдарлама аз уақыт ішінде есеп шығарған оқушыға артықшылық береді. Бізде мектепті компьютерлендіру компьютерді басқаруға бағытталған. Біз компьютерлер бізге білім алуға көмектесу үшін келесі деңгейге көтерілуге тиіспіз. Компьютер тек информатика пәнінің құралы ретінде білім беру нысаны болып қалмай, субъект ретінде қолданылуы тиіс. Оқу процесін автоматтандыру оқытушылардың шеберлік деңгейін де анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, бір мектепте математика пәнінің бірнеше мұғалімі бар. Кімде үлгерімі жақсы оқушылар көп болса, сол  мектептегі үздік оқытушы болады. Мұндай жүйе әрбір пән бойынша облыс оқытушыларының рейтингісін анықтай алады. Бүкіл ақпарат бірыңғай дерекқорға жиналатын болады. Облыстық білім беру әкімшілері тек оқушылардың ғана емес, оқытушылардың да біліміне бақылау жасайтын болады. Бұл мұғалімдердің оқыту деңгейі мен нәтижелерін анықтап, біліктіліктерін көтеру курстарына жіберуге мүмкіндік береді. Әрі қарай еңбекті материалды бағалау олардың қосқан үлесіне сай келу үшін оқытушылардың еңбегін төлеу жүйесін қайта қарауды қолға алуға болады. Бұл жерде оқытушылық қызметіне кеткен уақыты емес, ақырғы нәтиже анықтаушы болуы тиіс. Бағалау жүйесін автоматтандырмайынша, біз оқушылар алған нақты білім деңгейін анықтай алмаймыз. Мәселен, қазір орта мектептің үздігі анағұрлым күшті мектептің үшке оқитын оқушысымен тең болуы мүмкін. Оқушы еңбегінің нәтижесі бес баллдық жүйемен бағаланады. Ал, біз оқытушының еңбек нәтижесін қалай бағалаймыз? Білім беру саласында оқушылардан бастап мұғалімдер мен мектеп директорларына дейін бәсекелестіктің әділ элементтерін енгізбей, әлденені түбегейлі өзгерту қиын. Оқытушылардың ұмтылыстары қағаз жүзінде (рейтингте) қалмай, іс жүзінде еңбекақыларымен бағалануы тиіс.

Атырауда іс жүзінде мықты мектептер бар. Олардың мықты ететін кімдер? Директорлар! Мұғалімдер! Жылдар бойына қалыптасқан педагогикалық ұжымның дәстүрлері. Бұл жерде тағы да адами фактор маңызды орын алады. Сондықтан, тәжірибелі оқытушылар зейнеткерлікке кеткен кезде олармен бірге мектептің білім беру сапасы да «құрметті демалысқа» кетпес үшін біз жүйенің жекелеген тұлғаларды емес, білім беру деңгейін көтеруге алғашқы қадамдар жасаймыз.

 

ТЕСТ АРБАУЫНДА

- Ал, бұл нәтижелерге - оқушыларды тестілеу кезінде қалай әсер ете алады?

- Биыл ел бойынша тек 40 пайыздай түлек «Алтын белгі» атағын қорғап қалды. Оқытушылар 60 пайызға қателесті деп күдіктенуге құқылымыз ба? Орташа статистикалық оқытушы оқушыларды бағалау кезінде 6 немесе 10 есеге қателеседі деп тұжырым жасай аламыз ба? Жылдан жылға түрлі өңірлердегі тестілеудің сәтсіздікке ұшырауының себептері осында жатыр. Тағы бір жайт, өкінішке орай, тестілеу түлектер үшін білім алудың негізгі құралына айналған. Түлектер жыл бойына сынама тестілеу тапсырады. Жыл аяғында олар керемет нәтижелер көрсетеді. Өйткені, сынама тестілеуге кірген бүкіл сұрақтарды жаттап алады. Сондықтан ҰБТ тапсыру кезінде оқушыға беймәлім сұрақтар түсіп, олар дұрыс жауабын таба алмай қалады. Тек білім беру жүйесін автоматтандырғанда ғана біз білім беру процесіне қатысушылар еңбегінің нәтижесін әділ бағалауға қол жеткізе аламыз. Осылайша білім берудің жалпы деңгейін көтереміз.

- Облысымызда, бүкіл республикадағыдай, электронды оқыту – e-learning жобасы енгізілуде. Бірақ соңғы кездері жобаны жүзеге асыру мәжіліс депутаттарының сынына ұшырап жүр. Сіздің айтып отырған оқыту үлгіңіз осы бағдарламаны қайталамай ма?

- Е-learning облыстағы 54 мектепке енгізілген. Бұл жүйе әзірге оқыту процесін емес, білім беруді ұйымдастыруды автоматтандырады. Қазір ата-аналарға өз балаларының алған бағаларын, ал, мектеп директорларына мұғалімдердің сабақ жоспарларының жасалуына онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін функциялар жұмыс істейді. Біздің жүйе е-learning жүйесін қайталамайды, оны толықтыратын болады. Электронды бағдарламаны жазып, оны енгізу қиын емес. Бұл тек құрылымы ғана. Ең бастысы – мазмұнында. Сондықтан біз электронды бағдарлама тек мемлекеттік стандарттар шеңберінде ғана емес, көпфункциялы әрі қолайлы болу үшін, оны енгізу нәтижесі білім беру жүйесіне қатысушылардың баршасына пайдалы болу үшін әзірлеушілердің түрлі бағдарламаларымен жете танысамыз.

Сұхбаттасқан Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.