Атырау, 29 наурыз 20:26
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Бизнеске айналған «баклажкалар»

3 661 просмотра

Фархат Джамилитдинов бес жерлесімен бірге шағын өзбек ауылынан Атырауға осыдан үш жыл бұрын табыс табу үшін келген екен. Үй салудан бастап, қала көшелеріне кеспек тастар төсеуге дейінгі кез келген жұмысты атқара беретін көрінеді. Ал енді Өзбекстан азаматтары ешкімге керек емес пластик бөтелкелерден ақша жасауды үйреніпті.

- Атырауда пластик бөтелкелер ешкімге керек емес, бұл жерде олар толып жатыр. Ал Өзбекстанда алтынмен пара пар, - деп әңгімелейді Фархат. - Өткен жылы бізге пластик жинауды ұсынған бір адаммен танысқан едік. Ол сол үшін бізге ақша төледі. Бір келі бөтелке үшін ол бізге жиырма теңге берді. Егер бір КамАЗ-ды толтырып жинаса, алты мың теңге табуға болады. Бұл өте жақсы табыс. Ол адамға пластик бөтелкелердің неге қажет екенін сұрай қоймаған едік. Жинадық та тапсырдық. Ал қыста үйімізге барған кезде, пластиктен одан да көп ақша жасауға болатынын түсіндік. Сондықтан Атырауға қайта келген кезде пластикті өзіміз үшін жинай бастадық.

- Адамдар негізінен қоқысты кешкісін жұмыстан кейін лақтырады, ал таңертең өзімізге керек нәрселерді бактардан жинап аламыз, - деп түсіндірді Фархат.

Күндіз жолдастары Атырау - Орал трассасында жұмыс жасайды екен. Жүргізушілер мен жолаушылар сусын құйылған құнды пластик бөтелкелерді далаға жиі лақтырады. Трассаның жиегінен табылған нәрселердің барлығын жолдан қашық емес жерлерге үйіп жинайды. Содан кейін жігіттер такси жалдап, әр нүктелерді аралап, осы «қазынаны» алып кетеді. Кешке пластик бөтелкелер қаланың көшелерінде жеткілікті мөлшерде болады. Әсіресе, жұма мен сенбіде көшелерде халық көп болатын кезде бөтелкелер де мол.

Әжептәуір жиналған кезде жігіттер оларды аяқтарымен таптап, сығымдай бастайды. Содан кейін оларды үлкен қапшықтарға нығыздап буып-түйеді. Әрі қарай пластик қоқысты Өзбекстанға жібереді.

- Біздің біреуіміз пластикті отанымызға жеткізу үшін пойызбен кетуіміз мүмкін. Кейде Бейнеуге дейін барамыз да, сол жерден Өзбекстанға қатынайтын жүргізушілермен келісеміз. Азғана ақшаға олар біздің жүгімізді Өзбекстанға дейін жеткізеді, ал ол жерден біздің жолдастарымыз күтіп алады. Қоқысты шетке шығаруға заңда тыйым салынбаған. Біз ол үшін салық пен баж салығын төлемейміз.

Әрине, бізде:

– Атыраудың пластик бөтелкелері өзбектерге неге керек? – деген  сұрақ туындады.

- Бұлар сіздер үшін қоқыс, ал біздер үшін ақша. Өзбекстанда қазір пластиктер мен пластик бөтелкелерді өңдеумен айналысатын кәсіпорындар көп. Пластик бөтелкелерді тасымалдау жеңіл. Олар аяқ аттаған сайын кездеседі. Сіздерге қажет емес осы заттың бір тоннасынан біз өзімізде жүз елу долларға дейін ақша аламыз. Өзбекстанда бұл мол ақша, - деп жауап берді Фархат.

- Ал қоқыс орнынан пластиктер алуды байқап көрме-діңіздер ме? Ол жерде көп шығар?

- Байқап көрдік, бірақ оны жинайтын тек біз ғана емес екен. Ол жерден пластикті әкете салуға ешкім бере қоймайды.

Ендеше Қазақстан мен Өзбекстан үкіметінің арасында Атыраудан баклажкаларды экспорттау-импорттау саласында бірігіп жұмыс жасау туралы және Фархат пен оның достарының бағыттас бизнестері үшін кепілдік болу жөнінде мемлекетаралық келісімге қол қою ғана қалып тұрған сияқты.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

21 шілде 2011, 17:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.