Атырау, 29 наурыз 10:19
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Тыйым салу құқығы

3 381 просмотра

Азаттық даңғылының бойындағы №5А және 5Б үй тұрғындарына көптеген ірі кеңселермен көршілестігі қолайсыздықтар туғызып отыр. Аулада тұраққа қойылған көліктердің арасынан көшеге қарай өту мүмкін емес. Тұрғындар бірнеше жыл бойы осы тұраққа қатысты бүкіл инстанцияларға шағымданумен келеді. Бірақ содан кейін өздері құзырлы органдардың рұқсатымен шлагбаум орнатып алған болатын.

Осы үйлердің жанында «Аджип» компаниясының, мұнай және газ институтының, «Центр Кредит» банкінің және басқа да мекемелердің кеңселері орналасқан. 

– Таң атпай қызметкерлер мен студенттер көліктерін қойып, жұмыстары мен сабақтарына кетеді, осылай кешке дейін жалғасады. Көліктердің тығыз тұратындығы сондай, ауладан өту мүмкін емес. Қажет болған жағдайда жедел медициналық жәрдем мен өртке қарсы қызмет көліктеріне өтуге мүмкіндік жоқ, -дейді үй тұрғындары.

Қалалық әкімдік тұрғындардың сауалына 2014 жылдың наурызында аулада екі үйдің тұрғындарына тиесілі көліктерден басқасына кіруге тыйым салатын белгі орнатылатындығын хабарлады. Белгінің орнатылуын күтпестен, тұрғындар өздері әрекет етуді ұйғарды. ПИК жиналысында олар өз қаржылары есебінен аулаға кірер жерге шлагбаум орнатамыз деп шешті. Рұқсат алуға қалалық әкімдікке, ҚІІБ-не жүгінді. Полицейлер тұрғындарды ТЖ департаментіне жолдады. ТЖ департаментінің келісімін алған соң аулада бөгеуші құрылғы пайда болды. Алайда, шлагбаум бір күн де тұрмады. Орнатылған соң келесі күні, 3 қыркүйекте аулаға кіргісі келген жандардың бірі көтермелі механизмді сындырып тастады.

– Шлагбаум біздің ауламыздың көлік қожайындарының барлы-ғында бар басқару пультінің көмегімен реттеледі. Келген ер адам шлагбаумды сындырып қана қоймай, тоқтатқым келген кезде маған да тіл тигізді. Менің полиция шақырып жатқанымды естіп, жылыстап кетіп қалды. Көлік нөмірін жазып үлгердім. Полиция сол сәт бағдар бойынша сол мәліметтерді берді. 4 қыркүйекте мені ҚІІБ-не тануға шақырды, - дейді №5А үйдің тұрғыны Гүлшара Дүсіпқалиева.

Оқиғаны тергеумен қазір ҚІІБ айналысуда. Бірақ іс жүзінде мәселе бір үйдің ауласындағы жеке даудан да тереңде жатыр. Қала тұрғындары аялдамаларда, өз аулаларында көліктің заңсыз қойылуы жағдайымен күніге дерлік бетпе-бет келеді. Кейде аула тұрғындары ешқандай рұқсатсыз жасанды кедергілер орнатып немесе көліктердің жолын бетон тақтамен бөгеп, асыра сілтеп жатады. Бірақ мұндай жағдайда қарапайым көлік құралдары ғана емес, жедел жәрдем және өртке қарсы күрес қызметінің машиналары да өте алмайды.

Мәкенұлы (бұрынғы Кудряшов) көшесімен өтетін жүргізушілер дәл осындай жасанды кедергіге шағымдануда. Бұл бірнеше коттедж орналасқан шағын көше, ол жерде көп қозғалыс та жоқ. Жеке үйлердің қожайындары биіктігі 20 см болатын екі жол кедергісін салып тастаған.

Мұндай құрылғыларды: жолда жасанды кедергілер, шлагбаумдар және т.б. орнатпас бұрын тұрғындар қалай әрекет етулері тиіс. Рұқсат алу үшін қайда өтініш жазу керек? Егер рұқсат алынған болса, құрылғыны кім төлеуі тиіс? Комментарий алу үшін адвокат Гүлсім САБЫРОВАҒА жүгіндік.

– Азаттық даңғылындағы үй тұрғындары бетпе-бет келген жағдайға келер болсақ, егер шлагбаум заңды негізде орнатылған болса, осы үйлердің тұрғындары азаматтық негізде осы азаматқа жөндеуге байланысты немесе жаңа шлагбаумды орнатуға қатысты талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы, - дейді ол.

Мұнда сот оның қандай жағдайда әрекет еткенін, мәселен, бұзақылық пиғылмен жасағанын немесе өте қажет болған соң жасағанын анықтауы тиіс.

Шлагбаумды орнатуға рұқсат алу үшін үйге іргелес жатқан жер телімінің құқықтық жағдайын анықтау қажет. Егер бұл жалпы қолданыстағы жер болса, онда үй тұрғындары ашық жатқан жолға ешқандай бөгет орната алмайды. Егер көппәтерлі үй кондоминиум (ПИК) нысаны болып табылса және жер телімі тұрғындарға ортақ үлестік меншікке берілген болса, онда осы шлагбауммен шектелетін жер телімінің шекарасын анықтау керек.

ҚР Жер кодексінің 62-бабының 1-тармағына сәйкес, көп пәтерлi үйдi немесе кондоминиумның өзге де нысанын орналастыру, пайдалану, күтiп-ұстау үшiн қажеттi жер телімi кондоминиум нысанының құрамындағы үй-жайлардың меншiк иелерiнiң ортақ үлестiк меншiгiне белгiленген тәртiппен өтедi.

ҚР Үкiметiнiң 1997 жылғы 22 желтоқсанда бекітілген №1813 «Кондоминиум үй-жайларының меншiк иелерiне (қатысушыларына) жер телімін берудiң тәртiбi» қаулысына сәйкес, кондоминиум нысанының ажырамас бөлiгi кондоминиумның барлық қатысушыларына ортақ үлестiк меншiкке (ортақ жер пайдалануға) берiлетiн және үйдi, құрылысты және ғимаратты орналастыру, ұстау және пайдалану үшiн қажеттi бiрыңғай және бөлiнбейтiн жер телімi болып табылады.

Кондоминиум қатысушыларына берiлетiн жер телімінің шекаралары көше жағынан қызыл сызық бойымен, тiгiнен алғанда iшкi жағынан - жүретiн жол осьтерiнiң бойымен iргелес жер телімдерiнiң шекарасы бойынша белгiленуi мүмкiн. Жер телімiнiң шекарасына, әдетте, кондоминиум нысанының мүлiктiк кешенiнiң құрамына кiретiн нысандар қоғамдық мақсаттағы нысандарға барудың қамтамасыз етiлуiн ескере отырып енгiзiледi. Кондоминиум нысанының жер телімiнiң шекарасы iргелес жер пайдаланушылардың мүдделерiн ескере отырып белгiленедi.

Әрі қарай, көппәтерлі үйдегі үй-жайлардың меншік иелері көппәтерлі үйдегі үй-жайлардың меншік иелерінің жалпы жиналысын өткізуі және көп дауыспен көппәтерлі үйдің ауласында автоматты шлагбаум орнату туралы шешім қабылдауы тиіс. Содан соң тиісті мемлекеттік органдармен аулада шлагбаум орнату үшін келісім алу қажет. Мұнда оларға әдетте келесі шарттардың сақталу талаптары қойылады: тұрғын үйдің жер телімі арқылы қоғамдық мақсаттағы нысандарға қолжетімділік қамтамасыз етілген-етілмегенін, іргелес жер пайдаланушылардың мүдделері сақталған-сақталмағанын, осы жол бір үйге ғана апаратынын-апармайтынын, әлеуметтік инфрақұрылымның басқа нысандары бар-жоғын, бұл шлагбаум өрттен қорғау, жедел медициналық жәрдем, полицияның арнайы көлігі, пошта мекемелерінің көлігі жылдам кіру  үшін кедергі болатынын-болмайтынын және т.б.

ІІД ЖПБ қызметкерлері тарапынан сұрақтар туындаған жағдайда аулаға шлагбаум орнату ҚР Жол қозғалысы ережесінің құқықтық нормаларын сақтауға бағытталғанын еске сақтау керек. Соған сәйкес, тұрғын аймақта көлiк құралдарының тура қозғалуына тыйым салынады, тұрғын аймақтар мен аула аумақтарында 20 км/сағаттан аспайтын көлiк құралдары қозғалысына рұқсат етiледi.

Мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметі органынан келісім алу қиынға соғады. Өйткені, 16 қаңтар 2009 жылы ҚР Үкіметінің №1459 қаулысымен бекітілген «Өрт қaуiпciздiгiне қойылатын жалпы талаптарында» өрт сөндіру автомобильдерінің:

1) екі бойлық жақтан - биіктігі 28 м және одан артық (9 қабат  және одан артық) көп пәтерлі тұрғын үйлердің ғимараттарына, биіктігі 18 м және одан артық (6 және одан артық қабатты) адамдар тұрақты тұратын және уақытша келетін өзге ғимараттарға, көрсетілім жасалатын және мәдени-ағарту мекемелерінің, халыққа қызмет көрсету ұйымдарының, жалпы білім беру ұйымдарының, стационарлық типті емдеу мекемелердің, мекемелерді басқару органдарының ғимараттарына;

2) барлық тараптардан - көп пәтерлі тұрғын үйлердің, жалпы білім беру мекемелерінің, балаларға арналған мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің, стационары бар емдеу мекемелерінің, ғылыми және жобалық ұйымдардың, мекемелерді басқару органдарының бір секциялы ғимараттарына жақын келуі қамтамасыз етілуге тиіс.

Яғни, ғимаратқа, орынжайларға, ашық қоймаларға, сыртқы өртке қарсы баспалдақтар мен өрт сөндіру мақсатында қолданылатын су көздеріне   баратын жолдар, өткелдер және кірер жолдар өрт сөндіру техникасы өту үшін бос болуы тиіс. Мұнда өрт сөндірушілерге автобаспалдақтар немесе автокөтергіштер кез келген пәтерден немесе көппәтерлі үйдің орынжайынан қолжетімді болуы тиіс. Және соңғы инстанция – бұл әкімдік. Егер шлагбаумды орнату қаланы абаттандыру ережесін бұзу болып табылмайтындығына және арнайы техниканың өтуіне кедергі келтірмейтіндігіне осы мемлекеттік органның көзін жеткізіп, келісім алса, онда шлагбаумды заңды негізде батыл орнатуға болады. Шлагбаум реттелетін, бүкіл тұрғын-көлік қожайындарының және кешен кезекшісінің билігінде болатын радиобрелоктың көмегімен ашылатын болуы тиіс.

Көбінесе атқарушы билік органдары үй маңындағы аумаққа кварталішілік өткелдер мен жолдар, жаяу жүргіншілер жолдары бойынша қозғалысты шлагбаумдарды, металл қоршауларды, бетон блоктарды және басқа заттарды орнату арқылы шектеуге тыйым салынғандығын желеуретіп, осындай құрылғыларды орнатудан бас тартады.

Сонымен қатар олар кварталішілік аумақта көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын төмендету үшін жасанды кедергілер орнатуды ұсына алады. Бұл жасанды кедергілер (ҚР СТБ 1538-2007, СТБ 1538-2005 «Жолдар мен көшелердегі жасанды кедергілер. Техникалық талаптар мен қолдану ережесі»)  мемлекеттік стандарттардың келесі талаптары сақталып орнатылу тиіс: жасанды кедергілердің құрылымдары мен орналасу сызбалары жалпы қолданыстағы көлік жолдарының, елді мекеннің көшелері мен жолдарының баланс ұстаушысымен және автомобиль жолдары бойынша мемлекеттік өкілетті органмен мақұлданады; жасанды кедергілердің материалдары мен құрылымдық орындалуы ол бойынша бекітілген қозғалыс жылдамдығын шектеп, зақым келтірместен көлік құралдарының өтуін қамтамасыз етуі тиіс; жасанды кедергілер орнатылатын жол бөліктері ҚР СТ 1124, ҚР СТ 1125 және ҚР СТ 1412 талаптарына сәйкес, жол белгілерімен және жол таңбаларымен жарақталуы тиіс. Егер жасанды кедергілер стандарт бекіткен биіктіктен асатын болса және оларды кесіп өту кезінде автомобильдің аспа және рөлдік басқару элементтерінің істен шығуына немесе көліктің түбіне немесе қозғалтқышына зақым келуіне әкелетін көлік аспасының аса шайқалу қаупі бар болса, облыстық ІІД жол полициясы басқармасына мұндай құрылғыны бұзу туралы талаппен тиісті арыз жолдау керек.

Осыған ұқсас пікір қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінде айтылды: әкімшілік полиция басқармасы жол белгілері орнатылуы тиіс жерлерді белгілейді, тікелей орнатумен немесе бұзумен ТКШ айналысады. Бүкіл шағымдар мен ұсыныстар бойынша әкімшілік полиция басқармасына хабарласқан жөн.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

11 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.