Атырау, 25 сәуір 16:57
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Шеберлер басы қосылса...

2 500 просмотра

Атыраудан шеберлер үйін ашу жергілікті қолөнершілердің көптен бергі арманы. Ол үшін орынжай табу қажет, бөлек ғимарат болса, тіптен жақсы. Әзірге арман арман күйінде қалып отыр.     

- Біз Атырауда да Алматы-дағыдай шеберлер ауылы секілді шеберлердің ортақ шеберханасы болса екен дейміз, - дейді қолөнершілердің бірі, зергер Қайрат ШАПАБАЕВ: - Мен қалалық әкімдікке, «Нұр Отан» партиясына қолдау көрсетулерін сұрап бардым, бірақ бүгінгі күнге дейін ешқандай жауап болған жоқ. Тек жақында «Нұрсая» ықшамауданындағы тұрғын үйлердің бірінің іргеқабатынан орынжай ұсынған болатын. Бірақ ол - бізге келетін адамдар үшін алыс. Бізге орынжайды «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінің жанында тұрғызылған мемлекеттік баспаналардың бірінің іргеқабатынан берсе, жақсы болар еді. Бізге сол да жетеді.

Оның айтуынша, бұл шеберхананы Атырау облысының шеберлер үйі деп атауға болар еді. Шеберлер онда жұмыс істеп қана қоймай, оларға өз қолдарынан шыққан бұйымдарын жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарына, туристерге ұсынуға мүмкіндік туады.

- Атырауда жұмыс істейтін шетелдіктер бұл үйге қуана келеді, себебі, олар біздің ұлттық қолданбалы өнеріміз бен көне кәсібімізге қызыға қарайды. Осы сынды кәсіпшілікпен айналысатын шеберханалар әртүрлі елдерде өте танымал. Бізде Атырауда халық шеберлері, мәселен, көршілес Ақтауға қарағанда аз. Өйткені, Ақтауда қолдау басым. Шымкентте де солай,  - дейді Қ.Шапабаев. – Шеберлер үйінде тек кәсібилер ғана емес, әуесқойлар да жұмыс істей алатын болады. Одан бөлек, шеберлер бір-бірімен тәжірибе алмасады. Осылайша ұмытылып бара жатқан көне технологияларды еске түсірер едік. Мұның бәрі біздің ата-бабаларымыздың өнерін сақтап, жаңғыртуға септігін тигізер еді.  

Айнұр САПАРОВА

11 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.