Атырау, 29 наурыз 20:34
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Тексерушіні қалай тексеруге болады?

3 390 просмотра

Атырау қаласында  өткен жарты жыл ішінде 57 заңсыз тексерулер жүргізілгендігі анықталды.  Бұл қалалық прокуратура қызметкерлері анықтаған ресми факті. Дегенмен іс жүзінде олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. 

 

САЙТҚА КІРІП, ТАНЫС БОЛ!

Бұл туралы Атырау қаласының прокуроры Халидолла ДӘУЕШЕВ кәсіпкерлер мен бақылаушы органдардың өкілдері қатысқан кездесуде мәлімдеді. Бүгінгі күні мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын тексерулерді есепке алу және бақылау, бірыңғай мемлекеттік тіркеу жүргізу туралы Нұсқаулық енгізілген және ол қолданылуда.

«Дегенмен, көптеген заңсыз тексерулер жасырын жүргізіліп, прокуратура органдарының көз қырынан тыс қалып жатады. Бұл жағдай көбіне мемлекеттік орган өкілдерінің мәселен, акті тіркемеген  немесе тексерушілер өз өкілеттігінің аясынан шығып кеткен жағдайда орын алады. Ал, кәсіпкерлер болса, мемлекеттік органдармен арақатынасты ұшықтырмауға тырысады, олардың көрсеткен «корочкасын» көреді де барлық қажетті деген құжаттарын көрсетуді талап та етпейді. Мұндайда кейбір алаяқтар өздерін өртке қарсы қызмет немесе санитарлық қызметтің тексеруші өкілі ретінде танытып, сан соқтыруы мүмкін,-дейді Х.Дәуешов.

Мұндай фактілерді анықтау үшін кәсіпкерге оның өзіне қатысты жүргізіліп жатқан тексерудің шын мәнінде тіркелгендігін білуге мүмкіндік беретін «Бизнес тірегі» жобасы іске қосылды. Ол үшін тексеру жүргізілетін нысанның иесі pravstat.kz сайтындағы актіде көрсетілген тіркеу нөмірін енгізеді және тексерудің тіркелгендігі, орган атауы, тексеру мәселесі және кезеңі туралы, сондай-ақ, тексеруші тұлғаның өзі туралы мәліметтерді алады. Бұл қызмет түрі СМС арқылы қолжетімді. Тексерудің жиынтық жоспары Бас прокуратураның сайтында орналастырылған. Әрбір мемлекеттік органның жоспарлы тексерулері жылына бір рет жүргізілуі тиісті. Заң бұзушылықтар адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін салаларда: санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, ветеринария, өсімдіктерді қорғау және карантин, тұқым шаруашылығы, дәнді дақылдар және мақта нарығында  жиі жүргізіледі. Осы немесе басқа да кәсіпорындарға шағымдары бар кейбір адамдар өздерін таныстырудан қашады, алайда, құпия шағымдану жоспарсыз тексеру жүргізуге негіз бола алмайды. Сондай-ақ, алдын-ала хабарландырусыз тексеру жүргізуге тыйым салынады: мемлекеттік органдар жоспарлы шаралар туралы кәсіпкерлерді 30 күн бұрын, жедел тексерулерді, мәселен, тұтынушының шағымы бойынша 24 сағат бұрын хабардар етуге тиісті. Ал, «жоғары тұрған органның бұйрығы бойынша» деп сілтеме жасалған тексерулер, прокуратураның пікірінше, қатаң заң бұзушылық болып табылады.

 

ҚОҢЫРАУ ШАЛУДЫ ҰМЫТПАҢЫЗ!

Тексерушілердің қолында тексеру тағайындалғандығы туралы акт болуы тиіс, айтпақшы, онда олардың аты-жөндері жазылуы қажет. Кәсіпкерлерге келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабын жүргізу керек, сол кітапта мемлекеттік органдардың өкілдері өз аты-жөндерін, лауазымдарын және тексеру туралы мәліметтерді міндетті түрде жазып қалдыруы тиіс. Егер заңда көрсетілген барлық талаптар сақталмаған болса, онда кәсіпкер тексерушіні кәсіпорын аумағына мүлдем кіргізбеуге құқылы. Егер тексеру заңсыз жүргізілгелі жатса, сол сәтте-ақ, прокуратура өкілдері мен кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерінен құралған мобильдік жұмысшылар тобын шақыртуға болады. Айтпақшы, ондай шақыртулар бірнеше рет орын алды да. Мәселен, 19 мамыр күні кешкісін қалалық прокуратураның сенім телефонына тексеру тағайындау туралы акты жоқ ветеринарлық инспектордың заңсыз тексеру жүргізгелі жатқандығы жөнінде кафелердің бірінің басқарушысынан қоңырау түсті. Тексеру орынына жедел түрде мобильдік топ жіберілді. Шынында да тексерудің заңсыз екендігі анықталды, осыған байланысты қалалық прокуратура инспекторға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 153-бабы, 1-бөлімінің 2-ші тармағымен әкімшілік іс жүргізу бойынша іс көтерді.

Сондай-ақ, жыл басынан бері қалалық, аумақтық ветеринарлық инспекцияның алты қызметкерінің ешқандай актсыз және ешқандай тіркелусіз 54 заңсыз тексеру жүргізгендігі анықталды. Осыған байланысты іс қозғалып, сот органдарына 6 әкімшілік ісі жолданған. Заңсыз тексерулер қалалық ІІБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторлар тарапынан да орын алған. Оларды статистика бойынша және арнаулы есепке алу барысында өкілетті органның тексеру тағайындау туралы актының болмауы үшін кінәлады. ІІБ-ның 3 қызметкері қатаң сөгіс алды. 

 

СҮТ КУХНЯЛАРЫ АЙ САЙЫН ТЕКСЕРІЛЕДІ

Бұрын жерге, кәсіпорын ашуға рұқсат алу құжаттарына барлығы 6-7 мемлекеттік органдардың  рұқсаты қажет болса, енді ол тізім 16 мекемеге дейін көбейді. Егер мекеме басшысы еңбек демалысында болса, оның жұмысқа шығуын күтуге тура келеді, соның салдарынан басқа мемлекеттік органдардың бұрыштама қоюы кешіктіріледі.

- Кейбір мекемелердің бұрыштама қоюы жалпы артық деуге болады,-дейдіқалалық кәсіпкерлер одағының басшысы Серік НӘЖІКЕНОВ. Қайда барсаң да әкімшілік кедергілерді жою туралы айтқанмен, олардың тізімі керісінше, көбейіп кетті. Бұдан басқа, ол кәсіпкерлерден өндіріліп алатын салықтар мен төлемдерді өндіріп алу нормасы мен кәсіпорын мекен-жайы өзгеру барысында салық салу туралы заңнамаларды қайта қарауды сұрады.

Қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының азық-түлік бөлімінің бастығы Әлия БЕКЕШОВАтексеру жүргізу тәртібі туралы әңгімелеп берді. Бір жыл ішінде ешқандай ескерту алмаған кәсіпорын одан әрі 12 айда бір рет тексерілетін  болады, ал, заң бұзушылықтар орын алған жағдайда тоқсан сайын тексеріледі. «Тазарту қондырғылары, кондитерлік цехтар, балалар сүт кухнясы секілді эпидемиологиялық маңызы бар нысандар ай сайын тексеріледі»,- деп атап өтті ол. Ол сондай-ақ, кәсіпкерлерді өз тараптарынан заңдылықты сақтауға шақырды. Тексеру барысында нысан иелері, әсіресе тұрғын үйлердің бірінші қабатына орналасқан шағын азық-түлік дүкендерінің иелері орындарынан табылмайтындығын, сатушылардың құжаттардан хабары жоқ, ал, СЭС қызметкерлері қайтадан тексеруге келген кезде әдетте, дүкендердің жабулы тұратындығын айтты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

21 шілде 2011, 01:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.