Атырау, 25 сәуір 13:20
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Миллионер Марат Әбиев вице-министрді қорқақ деп айыптады

3 044 просмотра

Марат Әбиев. ©vk.comМарат Әбиев. ©vk.comАқтөбелік жас миллионер Марат Әбиев ҚР Энергетика вице-министрінің шешімдер қабылдаудағы жүрексіздігін айыптады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы кәсіпкер Энергетика министрі Владимир Школьникке жазған хатында мәлімдеді. Хат мәтіні бұқаралық ақпарат құралдарына таратылды.

Әбиев өзі басқаратын Қазақстан тауарөндірушілері қауымдастығының Мұнай және газ министрлігіне қазақстандық тауарөндірушілерді қолдауды және нарықта жер қойнауын пайдаланушыларға тауарлар, жұмыс пен қызмет түрлерін (ТЖҚ) ұсынатын шетелдік компаниялар басым болған жағдайда отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін арттыруды сұрап, бірнеше рет өтініш білдіргенін айтады.

"Вице-министр Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетіп, Қазақстан бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, бұл жұмыс тиімді болмай тұр. Біз тауарлар, жұмыс пен қызмет түрлерін сатып алу саласында Қазақстан заңнамасын жиі бұзатын жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл салуды ұсындық. Бірақ бұл ұсыныс ескерілмеді, ол мұндай шараны қолдануға қорыққан сыңайлы болды. Мағзұм Маратұлы жүрексінді және ондай тұлғалар мемлекет мүддесін қорғамауы тиіс деп есептеймін, себебі олар тіпті қазақстандық тауарөндірушілердің мүддесін де қорғай алмайды", - деп жазды Әбиев.

24 жастағы бизнесмен жер қойнауын пайдаланушылар жиі жол беретін заңбұзушылықтарды атады. Әбиевтің мәлімдеуінше, инвесторлардың көбі еншілес бұрғылау компанияларымен жұмыс істейді, ол компаниялар жабдықтарды өз бетімен сатып алады, көбіне шетелден алады. Кәсіпкер жер қойнауын пайдаланушылардың көбінің өз отандастарын қолдауға тырысатын шетелдіктер екенін айтты.

Әбиевтің айтуынша, көптеген ірі компания сатып алуларды өз ережелері бойынша іске асырады. Жеткізушілер кейде қатаң талаптар қояды, оларды қазақстандық кәсіпорындар орындай алмай жатады. Мұндай байқауларда, бизнесменнің пікірінше, алдын ала келісіп қойған қатысушылар жеңіп шығады.

"Тапсырыс беруші байқауға шетелдік компаниялардың қатысуына жасырын түрде басымдық береді, олар қазақстандық емес өнімді ұсына отырып, оның бағасы қазақстандық жеткізушінің конкурстық тапсырыста көрсеткен бағасынан әлдеқайда оңтайлы болады", - дейді хат авторы. Әбиев айыппұл салуды ұсынған компаниялардың тізіміне "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ, "Теңізшевройл", NCOC, "Фэлкон Ойл энд Гэс ЛТД" ЖШС және басқалар еніп отыр.

Айта кетейік, "KSP Steel Сауда үйі" ЖШС-нің 24 жастағы басшысы Марат Әбиев Forbes Қазақстан журналының нұсқасы бойынша қазақстандық 100 миллионердің тізіміне енгеннен кейін танымал болған еді. Мұнай саласына арналған тауарлар өндірісімен айналысатын бизнесменнің дәулеті 11 млн доллар деп бағаланады.

Дереккөз: tengrinews.kz

29 тамыз 2014, 13:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.