Атырау, 25 сәуір 00:40
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қалалықтардан қалған қалдық

2 276 просмотра

Редакцияға телефон соққан «Энергетик 5» бағбандық қоғамының төрағасы Тамара ТИТОВАНЫҢ даусы көмек сұрай жалынған жанның жан айқайындай естілді. Әйелдің бойын сезім билегені соншалық, біз қалалықтарға Бугорки деген атпен таныс саяжайлар орналасқан жерге баруды шештік. Осы жерге демалыс күндері қаладан ондаған демалушылар келіп, сейіл құрады екен.

Бағбандық қоғам басшысының айтуынша, бірнеше жылдан бері осы жазғы маусым саяжай иелері үшін үлкен сын болып отыр. Барлығына кінәлі – сол демалушылар.

Саяжайларға барар жолдағы ашық даладан Тамара Васильевна бізге тау болып үйілген сыра бөтелкелерін көрсетті:

- Бұл біздің өз күшімізбен демалушылар жиі келетін аумақты тазалағанымыздың нәтижесі – қоқыстарды осы жерге жинап қойдық. Алайда, мәселені өз бетімізбен шешуге қауқарсызбыз. Әрі қарай жүрейік, барлығын көрсетемін.

Жайық өзені мен саяжай массивінің арасындағы 30 гектарға жуық ауданы бар аумақта жаздың осындай аптап ыстық күндері саясы адамдарды тартатын жайқалған тоғай бар. Бәрі жақсы-ау, алайда, адамдардың сейіл құратын сүйікті орнына айналған жер қоқыс төгу орнына айналғандай. Әр аттаған сайын, әр талдың түбінде шыны және пластик бөтелкелер, целлофан дорбалар, шіріп жатқан тамақ қалдықтары және басқа да сасық заттар үйіліп жатыр.

- Осы жерде демалушылардың ойына барлық қалдықтарын өздерімен бірге алып кетіп, жақын маңдағы контейнерлерге салу кіріп-шықпайтыны былай тұрсын, тоғай ағашын шабатынын айтыңыз, - дейді бағбандық қоғам төрағасы.

Шынымен де, жақында шабылған ағаштардың түбірлерін көрдік.

- Қураған ағаштарды шапса жақсы ғой, жоқ, олар жайқалып өсіп тұрған талдарды отайды. Міне, қараңыздаршы! – деп Тамара Васильевна балтамен шабылған көпжылдық талды көрсетті: - Біраз уақыт өткеннен кейін бұл талдар өледі. Сосын не қалады? Бұл - нағыз тағылық, мұны басқаша атай алмаймын. Сыра ішіп, бөтелкесін өзенге лақтырады. Мен бірде ер адамға ескерту жасап едім, ол өз мансабын айтып, кеудесін ұрып, қолындағы бөтелкесін босатып, сындырып, суға лақтырып жіберді. Осындай мал болудың не қажеті бар, жаз өткенше осы жерге қайтып келмей ме? Мен мұны түсінбеймін. Әрі бұл жерде жоғары мансабын көрсетіп, қызметтік куәлігін бетіме тақаудың не қажеті бар еді? Бәріміз бір жерде өмір сүріп жатырмыз, бәріміздің туған жеріміз, бір Жайықтан су ішеміз. Ішім удай ашиды.

Біздің бағбандық қоғам төрағасымен әңгімемізге басқа саяжайшылар да араласты. Араққа тойып алып, учаскелеріне егінге түсуге келген демалушылардан қорғанған әрқайсысының әр түрлі оқиғалары бар.

- Алмалы полиция бөлімінің №12 тірек пунктіне қоятын талабымыз жоқ. Олар шақырған бойда келіп, санаулы минуттарда осы жерде тәртіп орнату үшін бәрін жасайды. Алайда, өздеріңіз түсінесіздер, осындай үлкен аумақта тәулік бойы кезекшілік атқара алмайды ғой, - дейді саяжайшылар.

«Энергетик 5» бағбандық қоғамы әртүрлі құзыретті органдарға бұл жерде тәртіп орнату туралы бірнеше рет хат та жазған. Алайда, жағдай түзелер емес.

Саяжайшылар осы жерде демалушылар мәселелерін шешудің бірнеше нұсқаларын ұсынған. Мысалы, мұнда демалушылардың тазалықты сақтауын қадағалайтын табиғат қорғау бекеттерін ұйымдастыру. Тоғай аумағы мен жағалауды кәсіпкерлерге жалға немесе сенімді басқаруға беріп, осы жерден мәдениетті демалыс базасын ашуға да болар еді.

- Алайда, бұл ешкімге керек емес сияқты, - дейді саяжай массивіне жақын жерде шаруа қожалығын салып жатқан және саяжайшылармен бірігіп, осы тазалық үшін шыр-пыр боп жүрген жас жігіт Айбек. – Егер жақын арада бұл жағдай өзгермесе, біз бұл шаруаны өз қолымызға аламыз. Мәселен, тоғай мен жағалауға апаратын далалықта бір ғана қара жол бар. Біз жиналып, техника жалдап, сол жолды қазып тастаймыз. Содан кейін өздерінің жақсы көретін жерлеріне өтіп көрсін.

Қарап тұрсақ, шешімі табылмайтын мәселе емес сияқты: қоқыстарың мен қалдықтарыңды өзіңмен бірге ала кет!

Бугоркидегі қоқысқа толған аумақ туралы біз Атырау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына хабарладық. Табиғат қорғау прокуроры барлығын тексеріп, сәйкесінше шара қабылдауға уәде берді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

28 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.