Атырау, 29 наурыз 11:16
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Алғашқы қоңырау болмай ма?

4 979 просмотра

Индер ауданында жеті мектеп жаңа оқу жылына дайын емес.

Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Берік ШАКИМОВ мектептердің оқу жылына дайындығы қанағаттанарлық деп есептейді.

- Мен мектептердің жылу жүйесінің техникалық жағдайын айтып отырмын. Ал төрт мектептегі күрделі жөндеу жұмысы 1-ші қыркүйекке дейін толық бітеді. Оған сенімдімін, -деп хабарлады Б.Шакимов.

Алайда сенімді болып отырған ауданның бас ұстазы жағдайды тереңінен білмейтін сияқты.

Аудандағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Шолпан  ЕРЖАНОВА бізгеаудандағы үш мектеп (Ынтымақ орта мектебі, М. Мөңкеұлы атындағы орта мектеп, Аққала орта мектебі) апатты жағдайда деп танылған, ал төртмектепте (Бөдене орта мектебі, Махамбет атындағы орта мектеп, М. Сиранов атындағы орта мектеп, Б. Нысанбаев атындағы орта мектеп) күрделі жөндеу жұмысы әлі бітпеген. Осыған байланысты оқушыларды қабылдауға рұқсат беретін акт берілмеген.   

Осыдан бір жыл бұрын аудан әкімдігіндегілер осы мектептер демеушілердің көмегімен жаңадан салынады деп айтып еді, бірақ, құрылыс әлі басталған жоқ.

Сондай-ақ, төрт мектептегі жөндеу жұмыстары тамыздың 15-нде бітеді делінген болатын. Бірақ, жаңа оқу жылына санаулы күн қалғанына қарамастан, жұмыстар әлі жалғасуда.

 

УКРАИНА БАТАРЕЯСЫ ЖӘНЕ СМЕТАДАҒЫ САУАТСЫЗДЫҚТАР   

М. Сиранов атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге мердігерлікті тендерде ақтаулық «СК Көш керуен» ЖШС (директоры Олжас ДЕМЕСІН) жеңіп алған болатын. Келісімшартта күрделі жөндеу жұмысын бітіру мерзімі 20тамыз деп көрсетілгенімен, алайда жұмысты ұйымдастырудағы шалағайлықтардың кесірінен қажетті материалдар уақытында жеткізілмеуінен жұмыс баяу жүріп жатыр.

ЖШС директорының орынбасары Ғабит БУЛИКБАЕВ бізді көре сала, сөзбен түйрей бастады:

- Мүмкін Сіз әлдекімнің тапсырмасымен келген боларсыз? Әдейі келдіңіз ғой?

Біз шынымен де, нысанды әдейі көзбен көру үшін келген болатынбыз. Үш блокқа бөлінген мектепті түгел аралап шықтық. Линолеум астына төселген ағаш талшықты тақта (ДВП) кейбір бөлігінде мүлде жоқ. Тегіс орнықпаған нәрсенің кедір-бұдыры шығып, көпке бармай, жыртылатыны белгілі. Ғ.Буликбаев еден астын тегістеу (лай құю) жобалық-сметалық құжаттамада (ЖСҚ) қарастырылмағанын айтады. Түгел ауыстырылуға жататын шатыр қозғалмаған күйі тұр. Баспалдақтардың бірі жөнделсе, екіншісіне қол тиместен қалған. Сметаға сәйкес, бастауыш мектептегі сынып ақжемделіп, жұлымы шыққан едендері де жаңартуға жатпайды екен. Сыныптардың төбесін майлап, сылау бар да, ал қабырғалары жөндеуге жатпайды екен! ЖСҚ-да жіберілген қателіктерге қатысты кінәні мердігер де, тапсырысшы да жөндеудің ЖСҚ-ын 2012 жылы жасаған «ЕрАлиБарысСтрой» ЖШС-на артып отыр. Оны одан кейін екшелеудің неге болмаған деген сауалымызға тапсырысшы, М. Сиранов атындағы орта мектептің директоры Сәбит ЕШМҰХАМБЕТОВ былай деп жауап берді:

- Мен мектеп директорының лауазымын өткен жылдың аяғынан бастап атқара бастадым. Қазір біз кеткен олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатырмыз. Егер жаңа оқу жылына дайын болмаса, жұмысты кешіктірген мердігерді сотқа бермекшіміз. Жасалар жұмыстар бар, канализация желісінің бойын қайта қаздырмақпын, қазіргісі қыста қатып қалуы мүмкін.

Бүгінде бұл мектепте қабырғаларын ақтау ЖСҚ-қа енбеген сыныптарды ақтау, едендерді, басқыштарды сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Әбден тозығы жеткен мектеп қоршауы мен ауласын тегістеу сол күйінде қалған.

56млн 434 мың теңгенің жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Б. Нысанбаев атындағы орта мектепте де едендерді жаңасына ауыстыру сметада қарастырылмаған (ЖСҚ жасақтаған «ДАНАиК» ЖШС, директоры ЖҮНІСОВ). Электр желілерін жаңартуда және сыртқы ауланы қоршауда сметада өрескел қателіктер жіберілген. Бүгінде мектепті жөндеу жұмысының 20 пайызы орындалмаған. Жұмыстың кешігуін мектеп директоры жұмысшы күшінің жетіспеуімен және материалдардың уақытында келмеуімен байланыстырады. Ал мердігер өкілі, «АлауADC» ЖШС директорының орынбасары Марат ГИНАЯТОВ материалдардың уақытында келмеуіне Украинадағы  жағдаймен байланысты деп отыр:

- Біз жылу батареясын Украинадан сатып аламыз деп кешіктік, бағасы Ресей мен Қытайдағыдай бір болғанымен, онда сапасы жақсы.  

АлБ. Нысанбаев орта мектебінің директоры Анар ҮМБЕШ мердігерді сотқа беруге бекініп отыр:

- Сметада қате кеткені былай тұрсын, екі жыл кепілдігі бар мердігер ЖШС-і банкротқа кетіп қала ма деп қорқамын. Мердігер жұмысты 15-ші тамызда бітіруі керек еді, әлі созғылап отыр. Мектеп іші бітер, ал сырттағы төсемтас төсеу, құдық салу жұмыстары әзір бітпейтіні анық. Сондықтан ЖШС жосықсыз деп тану және өсімпұл өндіру үшін ауданаралық экономикалық сотқа бермекпіз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

27 тамыз 2014, 10:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.