Атырау, 19 сәуір 07:58
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Ресей бензиніне тәуелділік

3 071 просмотра

Бензиннің бөлшек сауда бағасын кезекті рет көтеруді халық мойынсұна қабылдады. 92-маркалы бензиннің жоқтығы, кәртішке бойынша беру және ҚР мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИННІҢ ЖЖМ бағасы тамызда көтерілмейді деген мәлімдемесі қымбаттаудың міндетті түрде болатынын сездіргендей. Міне, 21 тамызда үкімет отынның халық көп тұтынатын маркілерінің шектеулі бағасын көтерді.

 

ҚҰЮ СТАНЦИЯЛАРЫ БАҒАНЫҢ КӨТЕРІЛУІН КҮТТІ

Салалық ведомстволардағы жағдай баға көтерілгенге дейін мүлдем басқаша өрбіді. Құю станцияларындағы ЖЖМ тапшылығы жөнінде алып қашпа әңгімелер туындаған тамыз айының басында ұлттық оператор – «ҚазМұнайГаз» АҚ бензин тапшылығы жөнінде әңгімелерді жоққа шығарды. Тамыз ортасында Бірыңғай ұлттық оператор - «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС (ҚМГӨ) те Қазақстанда бензиннің жаппай тапшылығы болады дегенге негіз жоқ деп мәлімдеді және «Қазақстандық бөлшек саудада бензин тапшылығының болуына ҚР нарығында шекті бөлшек сауда бағасының көтерілуін күткен нарық қатысушыларының бензин өткізуді қолдан тежеуі бірден бір себеп болуы мүмкін» деп атап өтті.

Арада бір апта өткеннен кейін, 21 тамызда «ҚазМұнайГаз - өңдеу және маркетинг» АҚ бензин бағасын 10-15%-ға арттыру қажеттігі жөнінде мәлімдеме жасады.

- Біздің сараптамалық пікірімізше, бүгінде бағаның көтерілуі керектігін дәлелдейтін екі фактор бар: ұлттық валютаның құнсыздануы және осы мұнай өнімінің маусымдық көтерілуі. Яғни, біздің сараптамалық пікіріміз – баға 10-15 пайызға көтерілуі қажет. Бұл әділ баға деп ойлаймыз, - деп хабарлады «ҚМГ - өңдеу және маркетинг» АҚ-тың маркетинг бойынша директорының орынбасары Ерлан ҚОЙБАҒАРОВ.

Осы мәлімдемеден бірнеше сағаттан соң үкімет АИ-92 шекті бағасын 115-тен 128 теңгеге көтерді.

Баға көтерілгеннен кейін бензин тапшылығы жоғалды. Атап айтсақ, Атыраудағы «Гелиос» жанармай құю станцияларында (ЖҚС) баға көтерілместен бұрын байқалған тұрақсыздық бірден қалпына келді:

- Мен әрқашан «Гелиостан» бензин құямын, 92 қымбатсығанға дейін оны кәртішкемен берді немесе мүлдем жоқ болды. Баға көтерілгеннен кейін диспетчерге соққанмын, ол барлық бекеттерде бензин бар екендігін айтты, - дейді жүргізушілердің бірі. - Алайда, шынын айту керек, 24 тамызда кешкі жетілерде Орал трассасына шығар жердегі құю бекетінде 92 болған жоқ.

 

БЕНЗИН МЕТРОПОЛИЯСЫНА БАҒЫНЫШТЫ

Елдегі бензин ахуалы жөнінде түсінік беру үшін Инвестициялардың тиімділігін зерттеу агенттігіне (ИТЗА) хабарластық.

Осы агенттік директоры Ерлан ХАСАНБЕКОВТІҢ жауабы:

«Баршаңызға белгілі, Қазақстанда отын қымбаттады. Ол бензиннің барлық маркілеріне және дизельдік отынға қатысты. Атап айтсақ, халық көп қолданатын АИ-92 маркалы бензині 115-тен 128 теңгеге, яғни 12%-ға қымбатсыды. Сол күні сәл ертерек «ҚМГ - Өңдеу және Маркетинг» өкілдері брифингте отын бағасы жақында 10-15%-ға көтеріледі деп хабарлады. Алайда, халықтың басым бөлігі дәл сол күні қымбаттайды деп ойлаған жоқ.

Осы жаңа баға қашанға дейін тұратыны белгісіз. Дегенмен, бір анығы, қазақстандық отын нарығындағы қазіргі жағдай керемет деп айтуға болмайды, отын бағасын көтеру – тиімді шарасыздық шарасы. Сондай-ақ, Қазақстан болашақта да осындай тапшылықтың алдын алу үшін әлі талай осындай қадамдарға баратыны сөзсіз.

Бүгінде Қазақстанда неге бензин тапшылығы бар және осындай баға тұрақсыздығы қашанға дейін созылмақ? Қысқа да нұсқа жауап: «Қазақстан өзінің бензин қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды және оны Ресейден тасуға мәжбүр». Кеңірек жауап іздесек, отандық кәсіпорындардың жеткіліксіз өндірістік қуаты, РФ өндірісі деңгейіне тәуелділігі, ұлттық валютаның құнсыздануы, ақырғы өнімдегі мұнай бағасы, спекуляциялық факторларды және т.б. атауға болады.

Әр аталған тармаққа қысқаша тоқталайық. Отандық Мұнай өңдеу зауыттарының (МӨЗ) жеткіліксіз өндірістік қуаты жөнінде бұрыннан да белгілі. Қазіргі уақытта Қазақстанда күн сайын 1,9 млн тоннаға жуық АИ-92 маркалы автобензин және 4 млн тонна дизельдік отын өндіретін үш мұнай өңдеу зауыты жұмыс жасайды және өндіріс пен тұтыну арасындағы тапшылық Ресей Федерациясынан мұнай өнімдерін жеткізу арқылы жабылады.

Дизельдік отынға деген сұраныс шілде – қыркүйек айларында артады. Өйткені ҚР Энергетика министрлігінің кестесі бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге өңірлерде күзгі егін орағы жұмыстарын жүзеге астыру үшін дизельдік отын жеткізіледі. Өнеркәсіптің қажеттіліктері тағы бар. Сонымен қатар, елдегі автокөлік құралдары санының артуын да есепке алғанымыз жөн: 2014 жылдың ортасындағы мәліметтер бойынша, Қазақстанда шамамен 3,8 млн автокөлік бар.

Ел қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін елдегі барлық МӨЗ-дерді толық қайта жаңғырту шамамен 2016 немесе 2017 жылдарда аяқталады деп күтілуде. Алайда, қайта жаңғырту болжанған уақыттан ұзаққа созылып, жобалық қуаттылыққа тек 2019 жылы шығуы мүмкін деген де қауіп жоқ емес. Төртінші МӨЗ салу туралы да талқыланып жатыр, алайда бұл алыс болашақтың үлесіндегі жұмыс.

РФ өндірісі деңгейіне тәуелділік. Қазақстан мен Ресей жыл сайын елімізге кіретін мұнай өнімдерінің жоспарлық көлемдері көрсетілетін индикаторлық балансқа қол қояды. Бұл көлемдер сөзсіз сақталуы тиіс, яғни, Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін осы жоспарланған көлемнен не артық, не кем сатып ала алмайды.

Сонымен қатар, Ресейдегі көтерме баға қазақстандық бағадан көп жоғары, яғни, Ресей Федерациясынан бензин тасу экономикалық жағынан тиімсіз. Ресейлік өнім бағасы 2014 жылғы маусымда болған Ачинск мұнай өңдеу зауытындағы апат салдарынан қымбатсыды. Ал ол апаттың салдарларын жою осы жылдың аяғына дейін созылатын болар. Осы зауыт жылына 7 млн тонна мұнай өнімдерін өндіреді, соның ішінде 4 млн тоннаға жуығы – ашық түсті мұнай өнімдері. Осы кезеңде федералдық монополияға қарсы қызмет Ресей Федерациясының ішкі нарығында тапшылықтың туындауын болдырмау мақсатында бензинді экспорттауға шектеу қойды.

Бүгінгі нарық конъюнктурасы (кешегі күнге дейін) мұнай өнімдерін тиімді бағаға алуға мүмкіндік бермейді, өйткені ресейлік мұнай өнімдерінің бағасы ҚР нарығы үшін өте жоғары. Дегенмен, «ҚМГ Өнімдері» АҚ мемлекеттің тапсырмасымен, ішкі нарықты толтыру үшін, ауыл шаруашылығы мен коммуналдық нысандарға қолдау көрсету үшін 2014 жылғы маусым-шілде айларында 21 тонна АИ-92 бензині және 33 тонна дизельдік отын жеткізді және 2014 жылғы тамыз айының аяғына дейін 10 мың тонна АИ-92 және 15 мың  тонна дизельдік отын жеткізуі тиіс. Ауылдықтар үшін арзандатылған отын жеткізу «ҚМГ Өнімдері» АҚ-тың кестесіне сәйкес жүргізіледі. Әкімдіктер мәлімдеген күзгі егін орағына және басқа да мақсаттарға арналған ЖЖМ көлемдері өз мерзімінде жеткізілетін болады. Естеріңізге салсақ, қазақстандық МӨЗ өндірген өнімдердің өткізілуіне іркіліс жасауға әкеліп соқтыратын РФ-дан бақылаусыз мұнай өнімдерін кіргізуге жол бермеу мақсатында, «ҚМГ Өнімдері» АҚ бірыңғай оператор болып тағайындалды. Бұл шара еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін сақтау үшін қабылданды. Алайда, шілде айында әрі қарай қажетсіз болғандықтан, бұл шектеу алынып тасталды. Дегенмен, осы шектеуді алып тастау ресейлік бензинді кіргізудің артуына әкелген жоқ, өйткені АИ-92 маркалы бензин мен дизельді отынның ағымдағы бөлшек саудадағы бағасында оны сатып алу экономикалық тиімсіз.

Ұлттық валютаның құнсыздануы: Бәрімізге белгілі, 2014 жылғы ақпанда теңге девальвацияға ұшырады және өткізуші компанияларға АҚШ долларына отын сатып алып (яғни, теңге бұрынғыдан да көп жұмсалады), ұлттық валютаға сату тиімсіз болып қалды. Ресей Федерациясында бензин бағасы көптен өзгермеген қазақстандық бағамен салыстырғанда бірталай өсті, бұл соңғы уақыттарда айқын көрінуде. Мәселен, 2014 жылғы қаңтар-ақпан айларында АИ-92 бензинінің 1 литрі 147 теңге тұрса, наурыздан маусым айына дейін 151-ден 165 теңгеге дейін өсті. Дизельдік отын бойынша қазақстандық және ресейлік бағадағы бұл айырмашылық одан да көбірек. 2014 жылдың басында бір литр дизельдік отын үшін бұл сәйкесінше 102 және 160 теңгені құраса, шілдеде 115 теңге мен 178 теңгені құрады... Осындай жағдай ұзақ уақытқа дейін созылмайтыны түсінікті жайт. Тапшылықты болдырмау үшін ерте ме, кеш пе, бағаны көтеруге тура келетін еді.

Мұнай бағасы: Біздің агенттіктің талдауы бойынша, Қазақстанда өндірілген бензин бағасындағы мұнайдың құны 57,7%-ды құрайды. Процессинг (мұнай иесімен жасалған шарт бойынша мұнай өңдеу) - 14%, акциздер мен салықтар (ҚҚС және КТС) - 15,2%, көлік шығындары – 5%, көтерме саудадан табыс  – 0,6%, бөлшек саудадан табыс – 7,5%. Мұнайды (процессингті) өңдеу құнын монополияға қарсы ведомство реттейді, сондықтан да мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын МӨЗ-дің бағаны «айналдыруға» мүмкіндіктері жоқ.

Спекуляциялық факторлар: Бұл соңғы аптада өзіміз куә болған жағдайлар. ЖҚС-тар АИ-92 сатуды тоқтатып, бензин бағасының көтерілуін күтіп, қоймаларында сақтады. Мұны спекуляция немесе бағалық сөз байласу деп атамасқа амалымыз жоқ.

Жоғарыда айтылғандай, отын нарығындағы жағдай мәз емес. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары қайта жаңғыртылғаннан кейін де осылай болады, өйткені технологиясы дамыған, қайта жаңғыртылған зауыттарда да өзекті мәселелер мен тоқтаулар орын алады. Дегенмен, қазіргі ең басты міндет – тапшылықтың алдын алып, халық пен экономика қажеттіліктерін қамтамасыз етуді жалғастыру. Бағаны көтеру – бүгінгі таңда отын тапшылығын жеңудің жалғыз тиімді тәсілі деп қорытынды жасауға мәжбүрміз».

Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде бір-екі жаңа МӨЗ салып, шынайы (отын) тәуелсіздікке қол жеткізуге болатын еді ғой. Кім кедергі болды?

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

25 тамыз 2014, 18:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.