Атырау, 25 сәуір 02:57
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Мемлекет әріптестер іздейді

1 637 просмотра

22 тамызда облыстық әкімдікте «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ өкілдері, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы, салалық басқармалар, коммерциялық банктер, ДАМУ қоры басшылары және бизнесмендер бас қосқан «дөңгелек үстел» өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА Атырауда, басқа өңірлерге қарағанда, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) әлі де болса дами қоймаған, алайда бізде бұған мүмкіндіктер көп екендігін атап өтті. Әріптестіктің бұл түрі бүкіл әлемде өзін мемлекеттік меншік түріндегі қоғамдық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға жеке меншік инвестиция тартудың тиімді де ыңғайлы механизмі ретінде дәлелдеген. Мәселен, МЖЭ негізінде әйгілі Эйфель мұнарасы және Ла-Манш түбіндегі темір жол тоннелі салынған. МЖӘ жүйесі бойынша білім беру, денсаулық сақтау, жол құрылысы, инфрақұрылым және т.б. сияқты бұрын дәстүр бойынша мемлекеттің жауапкершілігінде болған жобалар жүзеге асырылады. Тек кейбір денсаулық сақтау нысандарын (Қан орталығы, СПИД орталығы), стратегиялық, сондай-ақ орман шаруашылығына қатысты нысандарды бизнеспен бөлісуге тыйым салынады.

- Шетелдік инвесторлар да мемлекет әріптесі бола алады. Әріптестер арасындағы келісімшарт 30 жылға дейін мерзімге жасалады, яғни, бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін ұзақ мерзімді қарым-қатынас, - дейді «Қазақстандық МЖӘ орталығы» жұмыс тобының басшысы Жанар ТАЙЖАНОВА. – Бүгінде мемлекет балабақшалар сияқты өзекті мәселелерді түбегейлі шешуге жеткілікті қаржы бөлуге қауқарсыз, ал жеке меншік әріптестік арқылы бұған қол жеткізуге болады. Ал мұның бизнеске тиімділігі – алға қарай мемлекет барлық шығындарды, қолданыс шығындарын өтейді, тұтынуға кепілдік береді. Әкімдік балаларды осы МЖӘ бағдарламасы бойынша салынған балабақшаларға жіберуге міндетті.

«Қазақстандық МЖӘ орталығының» өкілі Айдос КӨБЕТОВ сәтті жүзеге асырылған жобаларды мысалға келтірді: Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы өңіраралық электр тарату желісінің құрылысы, Ақтау халықаралық әуежайының терминалы, Қарағандыдағы түзету мекемесі және т.б. Егер бұрын барлық жобалар Астанадан сараптамадан өтетін болса, қазір құны 4 млн АЕК-ке дейін бағаланатын жобалар жергілікті әкімдіктерге берілді.

«Қазақстандық МЖӘ орталығы» өңіріміздегі түрлі компаниялардың өкілдерімен келіссөз жүргізіп, алдын ала келісімдерге қол жеткізді. МЖӘ-нің әлеуетті 7 жобасы талқыланды. Бұлар: Индер – Александров Гай (Ресей) темір жол құрылысы, әуежайдың жолаушылар-жүк терминалы, ҚТҚ өңдеу зауыты, газ-турбиналық станция, медициналық орталықтар, ауысымда 250 адам қабылдайтын қалалық емханалар, сондай-ақ ТКШ нысандарын салу және қайта жаңғырту.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суртетті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

25 тамыз 2014, 10:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.