Атырау, 25 сәуір 04:29
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Барлаушының» ерлігі

4 722 просмотра

Атырау қалалық №2 соты Қазақстан азаматы, Атырау қаласының тұрғыны, шетелдік фирмалардың бірінің еңбек заңнамаларын сақтау және қызметкерлерді басқару жөніндегі аға кеңесшісіне полиция қызметкерлеріне тіл тигізгені және ҚР Қорғаныс министрлігі Бас Барлау Басқармасы (БББ) қызметкерінің жалған қызметтік куәлігін пайдаланғаны үшін үкім шығарды.

Істің мән-жайы туралы ақпаратты бізге облыстық соттың баспасөз қызметі ұсынды. Облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВТЫҢайтуынша, 2014 жылғы қаңтардың 3-інен 4-іне қараған түні Атырау қаласы ІІБ-нің учаскелік полиция инспекторы Исатай мен Махамбет алаңында кезекшілік атқарып жүрген кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып жүрген 30-35 жас шамасындағы мас ер адамды байқайды. Инспектор бұл туралы жақын маңда кезекшілік атқарып жүрген Атырау қалалық ІІБ-нің жол-патрульдік батальоны қызметкерлеріне хабарлайды. Полиция жасағы тәртіп бұзушыға жақындағанда мас жігіт оларды жұрттың көзінше балағаттап, ҚР Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасы қызметкерінің қызметтік куәлігі мен әскери бөлім командирі берген офицер куәлігін (фотосы бәрі бар) көрсетеді. Сотта айғақ берген полиция қызметкерлерінің айтуынша, жас жігіт өзіне офицерге лайық құрмет көрсетуін талап етіп, бұларды «салага» деп балағаттаған.

Әрі қарай бұл адамды наркология диспансеріне куәлікке алып барған. Сол жерде де ол маманға БББ қызметкері куәлігін көрсеткен. Нарколог-дәрігердің қорытындысы бойынша, ер адамның орта дәрежелі мас екендігі анықталды.

ІІБ қызметкерлері гарнизоннан әскери полиция шақыртты. «Барлаушы» өзінің Астанадан Атырауға маңызды құпия тапсырмамен келгенін алға тартып, тез арада босатуын талап етті. Әскери полицияның офицері телефон арқылы Астанадағы әскери бөліммен байланысып, телефон тұтқасын БББ офицеріне берді. Алайда, ол бөлім бойынша кезекшінің «кодтық анықтау» сұрақтарына жауап бере алмады. Бұл кезде әскери бөлімдегілер факс арқылы «барлаушының» құжаттары жалған екенін, ескі үлгіде түрлі-түсті принтерден шығарылғанын, ал, куәліктегі бөлім командирінің аты-жөні шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады. «БББ қызметкері» әшкереленді.

Сот отырысында сотталушы тағылып отырған айыптармен келіспей, 2014 жылғы 3 қаңтарда ол өз таныстарымен мейрамханада демалғанын, алайда спирттік ішімдік ішпегенін, мейрамханадан телефон соғу үшін ғана бірнеше рет шыққаны туралы айтты. Оның айтуынша, сол кезде бұған полиция қызметкерлері жақындап: «Әй, индеец, төлқұжатыңды көрсет!» - деп балағаттаған. Ол бұған шамданып, оларға да бейәдеп сөздермен жауап қайтарып, полиция қызметкері әр азаматқа құрмет көрсетіп, кім екенін таныстыру керектігін ескерткен. Олар мұны жасамаған. Содан кейін оны полицияның қызметтік автокөлігімен наркологиялық диспансерге алып барады. Алайда жол бойында көлік ішіндегі полиция қызметкерлерінің біріне біреу телефон соғып, олар дереу кері бұрылып, ІІБ-ге алып барған. Ал біраз уақыттан кейін осы жерде оны әскери полицияға тапсырған және құжаттары салынған әмиянын, 90 000 теңге тұратын ұялы телефонын және 35 000 теңге ақшасын алып қалған. Ол полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне шағым жазған, алайда күні бүгінге дейін ешқандай жауап ала алмаған.

Ал, енді жалған куәліктерге келетін болсақ, сотталушы сот отырысында ешқандай жалған құжаттарды қолданбағанын, оның атына жазылған әскери қызметкердің жеке куәлігі мен қызметтік куәлігі, темір қызметтік белгісі бар портмоне достарының туған күніне берген ескерткіш сыйлықтары екенін айтты.

ҚР ҚК-нің 320-бабына («Өкімет өкілін қорлау»)және 325-бабына («Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлердi, мөрқағаздарды, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу»)сәйкес, сот шетелдік фирма қызметкеріне 120АЕК мөлшерінде айыппұл салу жазасын тағайындады. Атырау облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасы №2 қалалық сот шешімін күшінде қалдырды. Осыдан кейін шпиондық құжаттар түріндегі заттай айғақтар жойылды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

21 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.