Атырау, 19 сәуір 20:01
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Алаңдатқан алаң

3 973 просмотра

Индер ауданы Аққала ауылы іргесінде бірнеше жылдан бері мұнай қалдықтары төгіліп келеді. Жергілікті тұрғындар көршілес орналасқан төгу алаңынан қауіптеніп отыр.

2011 жылы 15 ақпанда сол кездегі аудан әкіміЖанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВТІҢ қаладағы «Эко-Техникс» ЖШС-не өндіріс қалдықтарын зарарсыздандыру және тазарту алаңы құрылысы үшін жер телімін бөлу туралы шешімімен 7, 844гектаржайылымдық жер телімін (Аққала ауылында орналасқан) жалға алу құқығымен 5жыл мерзімге бөлген болатын.

Жер телімі Аққала ауылынан үш шақырым, Жайық өзенінен екішақырым қашықтықта орналасқан.

Атырау облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының аудандағы инспекторы Марат МҰҚАНОВауыл халқын полигонның өзенге ешқандай кері әсері жоқ деп сендірген. Біз одан жағдайға түсінік беруді өтіндік:

- Төгу алаңының жұмысы күн жылы кезде - мамыр-қараша аралығында іске қосылады, басқа кезде жабық болады. Мұнда құбырдан аққан, болмаса басқалай апат кезінде төгілген мұнай қалдықтарының топырақтары әкелінеді. Бүгінде «Эко-Техникс» ЖШС тарапынан заңбұзушылықтар жоқ, оған прокуратурамен бірлескен биылғы наурыз айындағы тексеріс дәлел бола алады. Мұндай орын Жылыой ауданында да бар. Біздің ауданның көлемінде мұнай айдау стансасы бар, бірақ олар қалдықтарды Атырауға әкетеді.

Ал, Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН аққалалықтардың алаңдауы бекер емес деп санайды:

- Бұл алаң жер жетпегендей Жайыққа жақын жерден таңдалынған. Кезінде мамандар мен экологтардың қайда қарағанын білмеймін. Одан басқа да бос жерлер бар еді ғой, -дейді С.Арыстан.

- «Эко-Техникс» ЖШС-мен келісімшарт мерзімі 2016 жылы бітеді. Одан кейін келісімшарт мерзімі ұзартыла ма?

- Дәл қазір ештеңе айта алмаймын, дегенмен, қарсылық танытатынымыз анық.

«Эко-Техникс» ЖШС-нің директоры М. ТИТОВбіздің сауалымызға орай былай деп хабарлады: «Эко-Техникс» ЖШС-нің өнеркәсіптік қалдықтарын зарарсыздандыру және кәдеге жарату учаскесі Индер ауданына қарасты Елтай селолық округінде орналасқан. Учаскенің жалпы алаңы 7,8 гақұрайды. Технологиялық карталармен салынған учаске табиғат қорғау нысаны болып табылады және ол өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндіріс қалдықтарын орталықтандырылған жинау мен қайта өңдеуге арналған. Учаске аумағы бөгде заттардың, оның ішінде үй жануарлары кіріп кетпес үшін периметр бойынша қоршалған. Учаскедегі барлық технологиялық нысандар құрылысы санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, құрылыс нормаларына сай жүзеге асырылған. Қоршаған ортаға ластаушы заттардың таралуын болдырмау мақсатында қалдықтарды қабылдауға арналған карталардың құрылыстарды су әсерінен қорғайтын гидрооқшаулық материалдары (гидроизоляция карт) ҚР құрылыс нормалары мен ережелері талаптарына (1.04-14-2003 «Өнеркәсіптік улы қалдықтарды зиянсыздандыру және көму полигондары. Жобалау жөніндегі негізгі ережелер») сай жасалған және қалыңдығы 1 мм геомембранадан, қалыңдығы 100 мм құм қабатынан, қалыңдығы 500 ммжергілікті топырақтан жасалды.

Учаске құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы бақылаушы органдардың ескертпесінсіз барлық келісуден өтті. Учаскені пайдалануға беру құрамында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, экология, төтенше жағдай департаменті, әкімдік және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері бар комиссияның қатысуымен жүргізілді.

Учаске орналасқан ауданда қоршаған ортаның жағдайын бақылау үшін «Эко-Техникс» ЖШС қоршаған ортаның компоненттеріне тоқсан сайын мониторингтік зерттеулер жүргізуге «Геоэкосервис» ЖШС-нің аккредиттелген зертханасымен келісімшартқа отырды. Учаске орналасқан аудандағы жерасты сулары сапасын бақылау мақсатында 5бақылаушы гидрогеологиялық ұңғымаларының желісі құрылған. Онда тоқсан сайын жерасты суларының сынамасын іріктеу жүзеге асырылады. Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, өндірістік экологиялық мониторингтің қорытындысы бойынша есеп тоқсан сайын Атырау облысы бойынша экологиялық департаментіне ұсынылады.

«Эко-Техникс» ЖШС жер телімін жалға алу мерзімін 2016 жылдан бастап ұзартуды жоспарлап отыр. Телімді пайдалануға беру кезеңінде қалдықтар әрі қарай қайта өңдеуге мазутталған топырақ және мұнай қалдығы түрінде екі рет 2011 жылы және 2012 жылы әкелінді.

Қалдықтарды қайта өңдеу нәтижесінде түзілген органикалық топырақ «Эко-Техникс» ЖШС-нің Жылыой ауданындағы өнеркәсіптік қалдықтарын зарарсыздандыру және кәдеге жарату алаңын кеңейту кезінде және Индер ауданындағы өнеркәсіптік қалдықтарын зарарсыздандыру және кәдеге жарату телімін қайта салу кезінде пайдаланылған болатын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

21 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.