Атырау, 24 сәуір 07:34
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Еш дайындықсыз өткен тыңдау

3 509 просмотра

«Ұлттық индустриалдық мұнай-химиялық технопарк» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) инфрақұрылымдық нысандары құрылысының қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау (ҚОӘАБ) бойынша өткен тыңдаудың жұртшылық тарапынан наразылық тудыруы ұйымдастырушылар үшін күтпеген жайт болды. Қоғамдық бірлестіктердің бірнеше белсенділері тыңдауды өткізілмеген деп тануды ұсынды. Қатысушылардың пікірінше, ҚОӘАБ әзірлеушілері тыңдауға дайындықсыз келген.

20 000 БОС ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛМАҚ

«Ұлттық индустриалдық мұнай-химиялық технопарк» еркін экономикалық аймағының (ЕЭА) инфрақұрылымдық нысандары құрылысы, Қарабатан, Теңіз учаскелері» жобасының техникалық экономикалық негіздеуіне (ТЭН) ҚОӘАБ жүргізуді «Біріккен Химиялық Компания» ЖШС әзірледі. 7 млрд доллар (қаржыландыруға мемлекеттік бюджетпен бірге шетелдік инвесторлар тартылады) тұратын технопарктың жобасы Теңіз кен орны ілеспе газынан 500 мың тонна полипропилен, 800 мың тонна полиэтилен, сондай-ақ 250 мың тонна бутадиен және 15 мың тонна полимер үлдірін өндіруді қамтиды. Болашақ мұнай-химиялық кешенге еркін экономикалық аймақ мәртебесі берілді және оған Атырау, Қарабатан және Теңіздегі нысандар кіреді. Кешеннің жалпы ауданы 3,5 мың гектардан асады.

- АЭА аумағында бизнесмендер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған – мүлік салығын, корпоративтік салық төлеуден, сондай-ақ, ЕЭА аумағына кіретін тауарларға ҚҚС төлеуден босатылады. Жер телімдерін де жеңілдікпен беру заңнамаларда қарастырылған, - дейді «Ұлттық индустриалдық мұнай химиялық технопарк арнайы экономикалық аймағы» КБ басқарма төрағасы Нұрлан СЫДЫҚОВ.

Технопарк түрлі пластмассаларды шикізат ретінде қолданатын шағын өндірістерді дамытуға септігін тигізеді деп болжануда.

- ЕЭА аясында шағын және орта бизнеске арналған сәйкесінше инфрақұрылымы бар жеке аймақ жасау қарастырылуда. Онда ақырғы полимер өнімдерінің түрлерін шығаратын он шақты кәсіпорын жұмыс жасайтын болады, - деп өз ойын қосты Біріккен химиялық компанияның (БХК) бас менеджері Дәурен ШЫҒАНБАЙ.

Қазір технопарктың кейбір нысандарын көтеру жұмыстары басталды. Жоспар бойынша жоба 2017 жылға қарай толық жүзеге асырылады деп болжануда. БХК мамандары зауыт құрлысының жұмысы қызған кезде 20 мың жұмыс қолы тартылады деп үміттеніп отыр. Мұнай-химиялық өндіріс пен шағын және орта бизнес нысандарында 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа алынады. Оптимистік болжамдар бойынша, зауыттар толықтай іске қосылғанда, полимер өнімдерінің жалпы өндірісі жылына 2,5 миллиард долларға дейін жетеді.

ТАҒЫ ДА ЕКІЛІК

Технопарк инфрақұрылымы нысандарын таныстыруды «Тетракон» ЖШС-нің (ҚОӘАБ әзірлеушісі) бөлім бастығы Олег КРАТАВЦЕВ жүргізді. Инфрақұрылымға әкімшілік ғимараттар, қатты және тұрмыстық қалдықтар полигоны, ЖҚС (жанар май құю станциясы), қоймалар, кір жуу орынжайы, газ-турбиналық станция, өрт сөндіру депосы және басқа нысандар енгізілген. Таныстыру аяқталғаннан кейін ҚР ҰҒА академигі Мұфтах ДИАРОВ өзіне тән мәнерде Атырау облысының экологиясы мен тұрғындарының денсаулығына әсер туралы сегіз нақты сұрақ қойды. Алайда бірде-біріне жауап ала алмады.

- Мен кейін сізге жазбаша есеп беремін, - деді ыңғайсыз үнсіздікті бұзғысы келген Кратавцев. Ол жауап беруге қажетті деректерді тыңдауға әкелмегендігін сылтауратты. Алайда Диаров оны тоқтатып қойды:

- Керек емес! Сіздер маған емес, халыққа есеп бересіздер. Неге дайындықсыз келесіздер?

СУ БӘРІНЕ ДЕ ЖЕТЕДІ

ҚОӘАБ аясында топыраққа, суға жасалған қажетті фондық зерттеулер, сондай-ақ, болашақ зауыт шығарындыларының жан-жануарлар мен өсімдіктерге әсерін зерделеу, әзірлеушілердің пікірінше, «кері әсерлердің мардымсыздығын» көрсетті және ластаушы заттардың шектік рұқсат етілген шоғырлануы мөлшерінен асуына әкеп соқтырмайды.

- Халықтың денсаулығына үлкен әсері болмайды, негізінен, әсерлер адамдарға емес, экологиялық жүйеге тиеді, - деді сенімділікпен Кратавцев. Оның бұл сөзі де қатысушылар арасында күлкі туғызды. Өйткені экологиялық жүйенің маңызды бөлігі сол адамдар емес пе?

- «Үлкен әсер» деген тұжырым нені білдіреді? Презентацияда ешқандай талдау нәтижелері және сандық деректер жоқ, сіздер жұртшылық тыңдауына дайын емессіздер, - деп Диаровты қолдады Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ.

Қашан да қызуқандылығымен көзге түсетін «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының директоры Галина ЧЕРНОВА тыңдауды одан әрі қыздыра түсті:

- Осында қойылған сұрақтардың барлығы жақында болған кеңестік кездесуде (бірнеше күн бұрын болған еді) айтылды және қазір мен осыларға жауап берілгенін қалаймын. Мәселен, Астархан – Маңғышылақ су таратқышы (белсенділердің айтуынша, Қиғаш – Маңғышылақ деп дұрыс аталып жүрген) толықтай ескірді. Одан Маңғыстау халқы түгел су ішсе, Теңіз кен орны да, ерте ме, кеш пе бәрібір өз жұмысын бастайтын Қарабатан кеніші де осыған қарап отыр. Облыста онсыз да су жоқ, ал жылдар өткен сайын бұл мәселе ушыға түсуі мүмкін. Жайық көз алдымызда тартылып жатыр. Барлық су қоймаларында да осындай жағдай. Су тапшылығын көріп отырсаңыздар да, сіздер оны химиялық зауыттарыңызға қолданамыз дейсіздер.

Жобаны әзірлеушілер мен тапсырыс берушілер бұл мәселені де ескермепті. «Біріккен химиялық компания» ЖШС («Самұрық-Қазына» ХӘҚ-тың еншілес компаниясы) директоры Ален ТАҢАТАРОВ бұл мәселені Самұрық-Қазынаға жеткізіп, Ұлттық қор бұл мәселенің шешімін табатын болады деп сендірді.

- Біз бұл мәселені барлық мүдделі тараптарды қатыстыра отырып, Қор деңгейінде қарауды жоспарлап отырмыз, - деп мәлімдеді ол.

- Суды қайдан аласыздар?

- Балама су көздерін қарастыратын боламыз.

- Мұның бәрі ҚОӘАБ материалдарына салынуы керек, алайда онда бұлар туралы бірде-бір сөз жоқ. Сіздерде балама су көздері жоқ! - деді сеніммен Чернова.– Сіздердің жобаларыңыз да халықаралық нормаларға сәйкес емес және қазіргі талаптарға жауап бере алмайды. Қазақстан Киот хаттамасының аясында булы газ шығарындыларын 22 мың тоннаға дейін төмендету бойынша міндеттеме алған (баяндамашы шығарындылар зиянсыз, газдар булы болады деп сендірген). Болашақта жұтатын ауасыз қалатынымызды түсінесіздер ме?

- Шығарындылар болады және біз оларды жоққа шығара алмаймыз, - деді Кратавцев. – Алайда олар санитарлық-гигиеналық қауіпсіздік нормаларынан көп төмен. Шығарындылар желді есепке алсақ та, қалаға жетпейді.

Бұл тұжырым Диаровты қатты таңғалдырды:

- Бізге Теңіздің, Қарабатанның және Қашағанның шығарындылары жетеді. Мұнай-химиялық технопарк те қаладан алыс емес (47 шақырым). Олардың шығарындылары және сіздердің шекті рұқсат етілген шоғырлануларыңыздың (ШРШ) жарты пайыздары бар, бұлардың барлығы бірігіп, халықтың денсаулығына зиян тигізеді, - деді ол. – Сіздер, ең болмаса, тотықтың ыдырау периодын білесіздер ме? Бір тәулікте шығарындылар 1 800 шақырымға жайылады, ал қалаға жеті минуттың ішінде жетеді.

БӨЛІП АЛЫП, ТЫҒЫП ТАСТАДЫ

Жоба бөлек-бөлек кезеңдерге бөлінген және олардың әрқайсысының өз қатысушылары, жеке операторлары және тәуелсіз қаржыландыру көздері бар, дайындық кезеңдері де әртүрлі. Осылайша, «Біріккен химиялық компания» ЖШС-нің басқарушы директоры Ален Таңатаров мойындағандай, «оларды өзара сәйкестендеру мүмкін емес». Соның ішінде зиянды заттар шығарындыларының жалпы мөлшерін анықтауда да осылай. Олардың ШРШ деңгейі де әр төрт өндіріс бойынша жеке талқыланады, сәйкесінше барлық жоспарланған өндірістердегі зиянды шығарындылардың әсері мөлшерін ешкім есептемейді. Жобаның осы ерекшелігі Атырау облысы қоғам белсенділерінің шымбайына тиді.

- Сіздер барлық өндіріс бойынша жиынтық әсерді, яғни технопарктың барлық зауыттарының ортақ әсерін есепке алмай, санитарлық-қорғаныс аймағын әр зауытқа бөлек есептеп, қулыққа барып отырсыздар. Нақты түсінікті жауапты да естіп отырған жоқпыз, сондықтан да мен Диаровтың жұртшылық тыңдауын өтпеген деп тану жөніндегі ұсынысын қолдаймын, - деді Галина Чернова.

Ұйымдастырушылар да Тыңдау материалдарының толық еместігін мойындап, тыңдау модераторы Орхусс орталығының Атырау филиалы директоры Шынар ІЗТІЛЕУОВАНЫҢ тағы бір кездесу керектігі жөнінде ұсынысымен келісті.

Кездесу алдағы дүйсенбі күніне белгіленді. Алайда болмай қалды. Ақыр аяғында академик Диаров та, басқа қатысушыларда өз сұрақтарына жауапты пошта арқылы алды.

...Бұдан бір жыл бұрын сол кездегі мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН өзінің Атырауға жасаған сапарында осы жобаның Қазақстан экономикасында алатын маңыздылығын ерекше атап өткен еді. Ол көмірсутегі шикізатын өндіруден өнім өңдеуге көшу қажеттілігін айтқан болатын. Болашақ кешеннің қуаттылығы ел іші сұранысынан көп артық, сондықтан да оның қорғаушылары қазірдің өзінде өнімді экспорттау мәселесін шеше беруі қажет. Экспортталатын өнімнің бір бөлігін Кедендік одақ мемлекеттеріне, бір бөлігін Еуропа, Түркия және Қытай елдеріне жіберу жоспарлануда. Әлемді өз өнімдерімен толтыруға қабілетті Қытайда немесе нарығымызды арзан сапалы пластик тауарлармен толтырған Түркияда біздің өнімдеріміз қаншалықты қажет болатыны – үлкен сұрақ. Әзірге бұл жобада қазақстандық билік үшін өз амбициялары маңызды ма, әлде донор облыстардың бірінің экологиясына зиян келтіргенмен, экономикалық қажеттілік маңызды ма, біз үшін белгісіз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

20 тамыз 2014, 10:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.