Атырау, 29 наурыз 14:55
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Мерекеде береке болмады

3 124 просмотра

Индер ауданының күні мерекесі қатты ыстыққа сай келгендіктен әдеттегідей тойланбады десе болады.

Меркелік сазды әуен аспанда қалықтап тұрғанымен қырық күн шілденің әсері болмай қалмады. Әрі жұмыс күні болғандықтан тамашалаушылар мыңға тарта ғана болды. Оның өзі мереке соңында сиреп қалды. Негізі аудан бойынша отыз мың халыққа қарағанда бұл тым аздық ететіні сөзсіз еді. Таңертеңгі тоғызда барғанда шеруге шығушылар жиналып тұрған. Білгеніміздей, ауданға қарасты жеті округтен жетпіс, тоқсанға жақын адам келген. Олардың құрамында мемлекеттік қызметшілерден бастап, балабақша қызметкерлері, мұғалімдер, ақхалаттылар, қарттар болды. Бұлар аудан орталығына жету үшін таңғы жеті, сегізде жиылып келгенімен басталуы бір сағатқа кешіктірілді. Есбол селолық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Орақовтың айтуынша, 13 медицина қызметкері шеруге қатысуға келгені жұмысқа еш әсер етпейтінін тілге тиек етті. Шаршаңқы қызметкерлер амал жоқтықтан келгендерін жасырмады. Бірақ тікелей сұхбаттан қашты. Полицияның күшімен жабылған орталық көшедегі шеруге алты селолық, бір поселкелік округтің адамдары өтуі тиіс болатын және театрландырылған көріністі жеке-жеке беруі керек болды. Шеру екі сағатқа созылды. Бұл күн астында тұрған шерушілерді қатты әбігерге салғаны сөзсіз. 40 градус ыстықта тойланған аудан күнінен әркім әрқалай әсер алып жатты.   

 - Той десе елп етпейтін қазақ жоқ. Оның үстіне ауданның күні тұңғыш рет тойланып тұрғандықтан өзгешелігі бір басқа болады ғой. Бірақ осы тамаша тойды күзге неге белгілемеген, болмаса сенбіге ойластыруы керек еді. Ұйымдастырылуы дұрыс, бірақ көрдіңіз бе, шеруге шығушылар күн астында әзер тұр. Бұл дегенің қорлық қой. Күн астында екі сағат бойы қақталып тұру мынадай алапат ыстықта қайдан жақсы болсын. Бұдан үш жыл бұрын ауданның сексен жылдығы күзде болып еді. Мынасы енді таң қалдырарлық болып тұр. Аудан әкімінің айтуынша жеті саны қасиетті болғанымен шілдені таңдамауы керек еді, - дейді мерекеге келушілер.

Бірақ олар қатыспай қалуға қорыққандарын айтады. Жұмыстан шығарып жібере ме деп қорыққаннан жүрміз деді сұхбаттастарымның бірі.

Бір қыз бала биін билеп болысымен сұлап түскен. Фельдшер Нұрбек ЕРҒАЛИЕВТІҢ мәлімдеуінше, қызға күн өткендіктен дәрігерлік көмек көрсетілген.

Дегенмен, бұл мерекеде үздік округ, үздік үй, көше, мекемелер анықталып, марапатталды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор 

14 шілде 2011, 22:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.