Атырау, 16 сәуір 17:58
 бұлттыВ Атырау +15
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Ақкиізтоғайдың алты арманы

10 637 просмотра

Мұнайлы өлкедегі ауылдардың жағдайы оңып тұрған жоқ. Мәселен, Ақкиізтоғай ауылы әлеуметтік көмекке мұқтаж.

АУЫЛҒА ЖЕТУДІҢ ӨЗІ БІР МҰҢ

Құлсары қаласы мен Ақкиізтоғай ауылының арақашықтығы 35 км. ғана. Алыс емес, бірақ қатынаста қиындық көп. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жиырма жылдың жүзінде жөндеу көрмеген жолдар істен шыққан, асфальттар шұрқ тесік. Лайсаңда екі сағатын жоғалтатынын тұрғындар жасырмайды. Жазда шаңын бұқыратқан жүргізушілер қара жолмен сырғыта береді. Осы селоға жақын карьерден топырақ, шебень тасыған ауыр машиналар онсыз да талқаны шыққан асфальт жолдардың одан әрі быт-шытын шығарыпты. Енді оның азабын ақкиізтоғайлықтар көріп отыр. 230 үйге біріккен 1416 халықтың басты талабы мәдениет үйі, балабақша және монша болса дейді. Бұл нысандар мұнайлы өлкедегі ауылда болмауы тұрғындардың орынды ренішін туғызуда.

- Бүлдіршіндеріміз балабақшаның не екенін білмей өсіп жатыр, мәдени шаралар уақтылы өтпейді. Тіпті мәдениет саласы қызметкері жоқ. Ал балабақша мен мәдениет үйі жекешелендіру кезінде сатылып кеткен, - дейді тұрғындар.

Жазғы су құбыры мүлдем жүргізілмеген. Ауыз су ауылдағы су тазарту қондырғысынан водовозбен тасылуда. Тасымал суға қарап отырғандар бау-бақша өсіруді мүлдем ұмытқан. Көкөніс-терді Құлсарының базарынан тасиды.

- Су болса жеміс ағашын өсіріп, бақшамызды салар  ма едік. Ауламыздың топырағы шығып жатыр. Ауылдың жері құнарлы, құмайт болғандықтан не ексең сол өседі, әсіресе, картопқа керемет. Бос келіншектер көп, жұмыссыз, бірақ водовоз суымен шығарған бақша бақша болмайды. Соңғы жылдары ыссылықтың күшейіп тұрғаны мынау, - дейді Гүлсім.

Ресми түрде 13 адам жұмыссыз ретінде тіркеліпті, ал санасаң бұдан бірнеше есе көп.

«БЕСЖЫЛДЫҚТА БӘРІ БОЛАДЫ»

Ауыл әкімі М. Бектембаевқа жоғарыдағы жоқтардың орны қашан толатынын сұрағанымызда алдағы бес жылда бәрі қалыпқа келеді деп сендірді.

 – Балабақшаға, мәдениет үйіне жер белгіленген. Келесі жылдан бастап қаржы болса салу жайы шешілмекші. Индикативтік жоспарға еніп қойған. Сондықтан үміт жоқ деуге болмайды, ал жол жайы шынымен қиын. Жемге су шықса шабындық болады, малға өріс те. Биыл жоғарыдан су жақсы келді ғой. Бірақ егін егуге ықылас нашар.  Былайша ауыл адамдарының тұрмысы жақсы, көбі вахталық әдіспен жұмыс жасайды, - дейді әкім Мүбарак БЕКТЕМБАЕВ.

Мұнайлы өңірдегі Ақкиізтоғай ауылының сиқы осы. Жылыойдың есепсіз мұнайын алуын білгендер ауылдың әлеуметтік экономикасын көтеруге құлықсыздық танытқан. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

14 шілде 2011, 22:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.