Атырау, 23 сәуір 22:10
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Кел, билейік!

3 064 просмотра

Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған би мектебі жұмыс жасайды.

Осы бір ерекше мектепті ашуға алғашқы қадамдар бұдан бес жыл бұрын жасалған еді.

- Сол кезде маған осы идеямен «Мүгедек Әлемі» ҚБ жетекшісі Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА хабарласқан-ды, - дейді мектеп басшысы, белгілі хореограф Гүлсина БАЙКЕНОВА. – Бізде екі жұп пайда болды: Асылай АҚБЕРГЕНОВА мен Нұрлан ЖАЛҒАСПАЕВ және Руслан АЙТПАЕВ пен Динара БЕЛЬЧИКОВА. Асылай мен Руслан мүгедек арбасына таңылғандар болса, Нұрлан мен Динара - біздің балет студиямыздың бишілері. Алғашқы сабақтарымыз арнайы биге арналған орынжайда емес, оңалту орталығының тренажер залында, кілем үстінде өтті. Жастарға да, маған да қиын болды, әсіресе психологиялық кедергілерден өтуге көп күш салдық. Алайда біз қиындықтарды жеңе білдік және аянбай атқарған еңбегіміз өз жемісін бере бастады.

Асылай мен Руслан өз жұптарымен алғаш рет сахнаға 2009 жылы Қостанайда өткен Республикалық арбамен билеу фестивалінде шықты. 2010 жылы облыстық «С любовью к вам!» мүгедектер шығармашылығы фестивалінде олар көрермендердің жүрегін баураған болатын. Ал тағы бір жылдан кейін Қостанайда болған арбамен билеуден бірінші ел чемпионатына қатысты. Сол кезде Асылай Ақбергенова мен Нұрлан Жалғаспаев чемпионатты ұйымдастырушы – «Үміт-Надежда» ҚБ кубогына ие болған-ды.

- Арбамен билеу бүгінде параолимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілді. Қазір бұл бағыт Атырауда дамып, оны Талғат және Лидия МҰҚАНОВТАР басқаратын облыстық спорттық би федерациясы қолдап отырғаны жүрекке қуаныш ұялатады. 2012 жылы Руслан Айтбаев өз жұбы «Аэлита» ансамблінің бишісі Іңкар ҚАЙЫРЛИЕВАМЕН бірге арбамен билеуден екінші Қазақстан чемпионатында еуропалық және латынамерикалық бағдарлама бойынша «күміс» иеленді. Өткен жылы Руслан мен Іңкәр Атырауда өткен Қазақстан кубогының иегерлері атанды, - дейді Г. Байкенова.

Қазір мектеп жергілікті биліктің қолдауымен Балықшыдағы ДСК-ден жаттығулар өткізетін орынжай алды. Оған мүгедектіктің кез келген санатындағы, тірек-қозғалыс жүйесі, есту, көру мүшелері зақымданған және т.б. адамдар қатыса алады. Бүгінде мұнда алты адам тегін жаттығу жасауда, олардың үшеуі – арбаға таңылғандар.

Ал бұл күндері ұзақ дайындықтан кейін бишілер тамыз айының басында Польша мен Германияда өтетін халықаралық фестивальге жол жүргелі жатыр. Өкінішке орай, оларда әлі күнге дейін биге арналған жеңіл жүрісті арба жоқ. Осындай үлкен халықаралық деңгейде өнер көрсетуге дайындалу үшін арнайы арбаны оларға қостанайлық жаттықтырушылар Дүйсенғали ОСПАНОВ пен Аруна ЖАҚСАҒҰЛОВА уақытша берді.

- Бұл жай ғана би болмайды, біз фестиваль аясын кеңейтіп, би театры мен ұлттық костюм-дерімізді көрсетпекшіміз, - дейді Г. Байкенова.

Айта кетсек, Гүлсинаға Германия мен Польшада тағы бір жауапты міндет жүктелмекші. Ұйымдастырушылар оған өз тәжірибелерімен бөлісіп, басқа елдердегі әріптестеріне шеберлік дәрісін өткізуді өтініпті.

Сәттілік тілейміз!

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

31 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.