Атырау, 19 сәуір 11:16
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Тағы 100 үй жылу өлшегіштермен жабдықталады

1 476 просмотра

Жыл аяғына дейін Атырауда 100 тұрғын үйді жылу өлшегіштермен жабдықтау жоспарлануда. Қаржы «ТКШ дамыту қоры» АҚ желісі бойынша төрт жылғы төрт пайызбен несие ретінде бөлінбекші.

23 шілдеде Атырауға «ТКШ дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Дархан ҚЫРҒАБАҚОВ бастаған бір топ мамандар келді. Оның айтуынша, біздің өңірде осы жұмыстардың операторы «Атырау ЖЭО» АҚ болмақ. Несиені өтеу шотына ай сайын төлейтін ақы мөлшері пәтердің көлеміне қарай 500 теңгеден басталады. Кейбір үйлерге кірген жылу құбырларының санына байланысты төлемақы 2-3 есе жоғары болуы мүмкін (әр кірген тұрбаға бөлек есептегіш салынады). Көрсеткіштерді онлайн режимінде алып тұру үшін есептегіштерге арнайы модем орнатылады.

Қырғабақовтың айтуынша, бір жылу өлшегіштің құны қондыруымен қоса алғанда Қазақстан бойынша 600 мың теңгені құрайды.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ақылбек БАЙШАХАНОВТЫҢ айтуынша, тізімге жертөлелеріндегі құбырларға жөндеу жүргізген, яғни, қосымша қаржы салуды қажет етпейтін үйлер енгізілді. Бұл жұмыстарды жүргізуде тұрғындарға бағдарламаның пайдасын түсіндіріп, жылу есептегіштерді несиеге алуға келісім хаттамаларын толтыратын, ЖЭО-мен ай сайын төлем төлеп тұру туралы шартқа қол қоятын ПИК төрағаларының атқаратын рөлі маңызды.

ТМРАД анықтамасына сәйкес, өткен жылыту маусымында жылу өлшегіштерді орнату нәтижесінде тұрғындар келесідей қаржыларын үнемдеген: Құлманов көшесі, 1 «а» – 4,9 млн теңге; Құлманов, 152 – 5,3 млн; Cмағұлов көшесі, 56 «а» – 4,4 млн; Сәтпаев даңғылы, 50 – 2,2 млн; Авангард 3-ықшамаудан, №40 үй – 2 млн; Махамбет көшесі, 121 – 1,2 млн; Махамбет, 118 «а» – 2,2 млн.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

28 шілде 2014, 10:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.