Атырау, 20 сәуір 05:17
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Ілияс Телеуғалиев: «Үздік нәтиже дейсіз бе? Менің шәкіртім сауығып кетті!»

1 881 просмотра

«Атырау облысы мүгедектерінің спорт клубы» КМК пауэрлифтинг тобы шәкірттерінің жетістіктері күннен-күнге көбейіп келеді. Мұның қандай құпиясы бар? Біз жаттықтырушы Ілияс ТЕЛЕУҒАЛИЕВПЕН (суретте) сұхбаттастық.

- Ілияс, құрыш қалай шынықты?

-2007 жылы мен қарапайым тірек-қозғалыс мүшелері бұзылған мүгедек едім. Бірде емханада облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Бауыржан Тахауовпен кездесіп қалдым. Ол сол кезде спортпен шұғылданғысы келетін мүгедектерді жинап жүр екен. Ол маған қарап тұрып, «қолың қысқа, қозғалысың да епті, пауэрлифтингпен айналысуың керек» деді.

Мен осылайша «Мұнайшы» спорт кешенінің тренажер залына тап болдым. Бүгінде өмірден өтіп кеткен  белгілі бапкер Николай Николаевич Занкевич алғашқы жаттықтырушым болды. Әлі есімде, ол мені көрген бойда бос жатқан 20 келілік зілтемірді көрсетіп, «Көтер» деді. Мен темірді сегіз рет көтеріп, болдырып қалдым...

Сол сәтте Талдықорғанда өтетін Қазақстанның Паралимпиадалық ойындарына екі ай жарым уақыт қалған еді. Тұрақты түрде жаттығу жасамадым, алайда турнирде 35 келілік зілтемірді көтеріп, 5-ші нәтиже көрсеттім.

2008 жылы Қазақстан Кубогында күміс жүлдегер атандым. Бұл менің алғашқы медалім еді. Осы жарыстар өмірімнің жаңа кезеңінің бастаушысы болды. Мені бір күш алға жетеледі. Салмақ жинадым, бұлшық еттерім бұрынғыдай бос емес, үлкен, шымыр болды. Николай Николаевичтің маған: «Бұрынғыдай өмір сүре бересің бе, әлде мықтап жаттығып, көп жүлдеге қол жеткізесің бе - өзің шешесің»,- деген сөзі есімде. Мен бұл сөзді өмір бойы ұмытпаймын. Осыдан кейін спартакиадалар, чемпионаттар және Қазақстан кубоктарында тұрақты түрде үшінші нәтиже көрсетіп жүрдім. 2013 жылы Астраханда Мүгедектер күніне арналған турнирде жеңімпаз атандым.

2008 жылы Атыраудағы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірінде ұлы оқиға болды – өзінің типтік дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар «Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубы» КМК ашылды. Жарыстарда тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларды нұсқаушы ретінде жұмысқа алып, мүгедектерді тасымалдауға арналған арнайы көлікпен қамтамасыз етті. Бұл істе облыстық әкімдіктің үлкен еңбегі бар.

- 2010 жылдан бері сіз спортпен бірге жаттықтырушылық қызметті атқарып жүрсіз. Шәкірттеріңіз қандай нәтижелер көрсетіп жүр?

-Қазақстанда мүгедектер спорты жақсы дамып келе жатқанын айтып өткен жөн. Жыл сайын пауэрлифтингте жаңа жеңімпаздар шығып жатады.Жүлделер алу қиындап бара жатыр. Бұған қарамастан, өткен жылғы Қазақстан Кубогында жастар арасында Нұрлыбек Исатаев күміс медаль алса, биыл Бурабайда болған Қазақстан чемпионатында Нұржан Молдан жасөспірімдер арасында «алтын», ересектер арасында «күміс» жүлдеге қол жеткізді. Осы жарыста Индира Назарбаева да «күмістен» алқа тақты.

- Қандай жетістігіңізбен ерекше мақтанасыз?

- 2010 жылы шәкіртім Қалыбай Тұрғалиев Қазақстан чемпионатында 3-орын алды. Ал келесі ҚР чемпионатында дәрігерлік комиссия оған дені сау спортшылар арасында сынға түсуді ұсынды!

Оның қаншалықты күш жинап, денсаулығының түзелгенін осыдан көруге болады. Біз мүгедектер арасындағы жарысқа дайындалғандықтан, бұл жарысқа қатысудан бас тарттық. Алайда жарысқа жоғары көңіл-күймен бардық.

- Бүгінде пауэрлифтингте көрсетіп жүрген жеке нәтижелеріңіз қандай?

- 130 келі көтеремін. Пауэрлифтингте ертең қанша көтеретініңді болжау қиын. Жыл бойына он келі немесе екі-ақ келі қосуға болады. «Химияның» көмегімен екі центнерді де көтеруге болады. Алайда мен оны қолданбаймын, шәкірттеріме де рұқсат етпеймін.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

24 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.