Атырау, 29 наурыз 14:58
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Абайсызда кісі өлтіру

2 359 просмотра

Шілде айы басталғалы бері аз уақыттың ішінде кісі өлімімен аяқталған бірнеше жол-көлік оқиғасы жұртшылықтың кезекті наразылығын тудырды. Комментарийлердің көпшілігінде оқырмандар өткен және биылғы жылдарда орын алған анағұрлым «атышулы» апаттарға қатысты істердің немен аяқталғанына қызығушылық білдіруде.

«Тергеу ісі 2014 жылдың 5 қаңтарында 1985 жылы туылған Марат ЕРМЕКОВТІҢ (ЖКО жасаған уақытта Жылыой ауданы прокурорының аға көмекшісі қызметін атқарған – З.Б.) 01:00 шамасында Құлсары қаласындағы Махамбет көшесі жақтан Нұрманов көшесінің бойымен Е 330 LPM мемлекеттік нөмірі бар Lexus ES-330 көлігімен келе жатып, 29 жастағы жаяу жүргіншіні қағып, оқиға болған жерден кетіп қалғанын анықтады. ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-тармағы («Абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан көлiк құралдарын жүргiзушi адамдардың жол қозғалысы ережелерiн бұзуы») және 297-бап («Жол-көлiк оқиғасы болған орыннан кетiп қалу») бойынша қылмыстық іс қозғалды, -делінген біздің сауалымызға берілген ІІД жауап алу басқармасының бастығы Нығымет МҮТИГУЛЛИННІҢ қолы қойылған жауапта.– Тергеу барысында зардап шегушінің өкілінен (марқұмның әкесінен) тараптардың ымыраласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қарсы арыз келіп түсті. Зардап шегуші өкілінің айтуынша, Ермеков өзінің кінәсін толықтай мойындап, тигізілген материалдық және моральдық зиянды өтеген. 2014 жылдың 1 наурызында қылмыстық іс тоқтатылды».

Тағы бір атышулы көлік апаты 2013 жылы 15 желтоқсанға қараған түні Азаттық даңғылында орын алған болатын. Ерқанат ҚАЛДЫБАЕВ енесініңЕ722 LHM мемлекеттік нөмірі бар Honda Accord Cd7 көлігін құжатсыз және жүргізуші куәлігінсіз жүргізіп келе жатып, сағатына 98 км жылдамдықпен «Империум Плаза» мейрамханасының алдында 36 жастағы қала тұрғыны мен оның 4 жасар қызын қағып кетті. Алынған зақым салдарынан екеуі де сол жерде көз жұмды. Оқиға сәбидің анасының көз алдында орын алды. ІІД мәліметі бойынша, Қалдыбаев оқиға болған жерден таксиге мініп кетіп қалған. Кейінірек сот залында жауап берген таксист, оны «Армада» мейрамханасына апарғанын айтты. Ал жолаушы жолай әлдекімге телефон шалып, жылап: «Не істеймін?» деп қайталап айта берген екен.

«Қалдыбаев сағат 05.00-де медициналық куәландыру үшін наркологиялық диспансерге жеткізілді. Ол жерде билік өкілінің – Атырау қалалық ІІБ жол-патрульдік қызметі батальоны взводының командирі Нұрлан СӘРСЕНБАЕВТЫҢ заңды талаптарына бағынбас-тан, балағат сөз айтып, бетінен ұрған. Осылайша оның денсау-лығына жеңіл зиян келтірген», - делінген біздің сауалымызға берген ІІД жауабында.

Жинақталған материал №2 Атырау қалалық сотына жолданды. Біздің сауалымыз бойынша облыстық соттың баспасөз қызметі осы іс бойынша үкімнің мәтінін ұсынды. Сот 2014 жылдың наурызында өтті. Сот залында жасалған қылмыстың – кезекті қайталану екені анықталды. 2009 жылы Қалдыбаев ҚР ҚК-нің 178-бабы («Тонау») бойынша 3,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алып, 2012 жылдың қыркүйек айында босап шыққан. Бұдан басқа, 2013 жылдың сәуірінде оған ҚР ҚК-нің 327-бабының 2-тармағында («Күш қолданумен немесе оны қолданбақ болып қорқытумен жасалған өзiнше билiк ету») қаралған қылмыс үшін екі жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылған.

Сотта сөз алған Қалдыбаев қазіргі уақытта зардап шегушінің өкілі Л.С.-мен, марқұмның жұбайымен және зардап шегуші ЖПҚ командирімен ымыраласқанын, тигізген зиянын жуып-шайғанын, болған іске өкінетінін назарға алуды өтінді. Өзіне бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза қолдануды өтінді. Жапа шегушілер ЖКО-ға кінәліге талаптары жоқ екенін, ымыраласқандарын, ол тигізген зиянның толықтай өтелгенін растады. Сөйтіп соттан оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды өтінді.

Эльмира ОЙҚҰЛОВАтөраға-лық еткен сот жоғарыда айтылған фактілерді назарға ала отырып, Қалдыбаевты шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол сот отырысы залында күзеттен босатылды.

Таяуда Махамбет – Сатыбалдиев көшелерінің қиылысында қызыл шамнан өтіп кетіп, әйел адамды өлімші етіп қағып кеткен №2 қалалық соттың хатшысы Алтынгүл МАЕВАНЫҢ қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы оқырмандардың көпшілігіне Сәтпаев даңғылында болған өткен жылғы апатты еске салған еді. Сол кезде қала прокурының 24 жастағы көмекшісі 27 жастағы әйелді жаяу жүргіншілер жолында өлімші етіп қағып кеткен болатын. Ол іс немен аяқталды? №2 қалалық соттың шешімімен прокурор көмекшісі шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылу жазасын алған еді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

24 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.