Атырау, 23 сәуір 17:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Жайықтың бойы ен тоғай еді...

5 316 просмотра

Атырауда трансшекаралық су нысандарын қорғау жөніндегі қазақстандық-ресейлік комиссия отырысы өтіп, Жайық өзенінің тайыздануы мәселесі қаралды.

МӘРТЕБЕГЕ ҚАУІП ТӨНІП ТҰР

Комиссия Қазақстанның Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Орынбор облысының (Ресей) сушы мамандарынан құралған.

Жайық 4,5 миллион адамды сумен қамтамасыз етеді. Оның жағалау бойында Қазақстан мен Ресейдің 70 қаласы мен елді мекендері орналасқан. Отырыста соңғы 20 жылда өзендегі су көлемі екі жарым есеге: 12-ден 5 текше километрге дейін азайғандығы туралы мәліметтер айтылды. Егер бұл процессті тоқтатпаса, Жайық кеме жүзу және балық шаруашылығы өзені мәртебесін жоғалтуы мүмкін. Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ БИСЕМБИЕВТІҢ айтуынша, өзен жағалауында бекіре уылдырық шашатын бар болғаны 13 орын қалған. Ал ол бір кездері 80 болған еді.

Орынбор облысы бойынша Төменгі Волга бассейндік басқармасының су ресурстары бөлімі басшысының орынбасары Сергей ЮЗЕПЧУК Жайықтың негізгі төрт проблемасын атады: табиғи факторларға байланысты; шаруашылық қызметі салдарынан; тоғандар мен суаттардың құрғап кетуінен су көлемінің төмендеуі; кен өнеркәсібінде пайдалану салдарынан өзен суы сапасының нашарлауы.

Жайықты Қазақстанның да, Ресейдің де кәсіпорындары ластауда, - деді Жайық-Каспий су қорларын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциясының басшысы Бисен ҚУАНОВ.Су құрамында темір, хром және басқа да қосындылар көбейді. Мәселен, Ақтөбе облысында химиялық кәсіпорындар, хром қосындылары зауыты, коммуналдық кәсіпорындар суды ластаушылар болып табылады. Егер Атырауда біздің пайдаланған суымызды қала буландыру алаңына төксе, Ақтөбе оны тазартып, Елек өзеніне жіберуде. Бірақ, өкінішке орай, суды қалай тазаласаң да, онда зиянды заттар бәрібір қала береді. Бұл проблеманы бірлесіп қана шешуге болады. Бұл үшін біз өзен бойында ондаған бекет орнаттық және аптасына екі рет мәліметтер алмасудамыз.

Өзеннің жай-күйі туралы дұрыс әрі уақытылы ақпарат алмасу қажеттігі туралы Юзепчук те еске салды. Ол комиссия құрылғанның арқасында түрлі деңгейде өзенде төтенше жағдай туындаған жағдайда трансшекаралық қауымдастықтың бүкіл елдеріне шұғыл ақпарат беру туралы хаттамаға қол қойылғанын айтты. Бұл оларға анағұрлым жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Комиссия Ираклинск су қоймасындағы су жинау және су жіберу деңгейі мәселесін талқылады. Қазақстандық тарап өткізу нормасын көбейту қажеттігі туралы айтты, бұл Жайық суының мол болу деңгейіне тікелей әсер етеді. Бұдан басқа, комиссия мүшелері судың булануына кедергі келтіретін өзен сағасының бойындағы ағаштарды қалпына келтіру және сақтау қажеттігі туралы өзара келісімге келді. Өзен бассейнін ластауды азайту жөніндегі біріккен шаралар жоспары жасалды.

 

«АҚ БҰЛАҚ»: ТАҒЫ БАЙҚАП КӨРЕДІ

Қуанов баламалы су көздеріне көшудің ықтимал мүмкіндігі туралы еске салды. Мәселен, Қызылқоға, Құрманғазы мен Жылыой аудандарындағы жерасты су қоймалары зерттелді. Сонымен бірге, облысымыздағы жерасты көздерінің барлығында пайдалануға жарамды бір жарым миллиард текшеге дейін су болуы мүмкін.

Өзен көлемі әзірге жеткілікті екеніне қарамастан, бұл ресурс та сарқылады. Отырысты ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕНБАЕВ мойындағандай, су тұтыну деңгейі көтерілуде: «Көптеген инвестициялық жобалардың жүзеге асуына байланысты да су тұтыну деңгейінің көбейіп отырғаны сөзсіз. Бізде қазіргі кезде жалпы 1,6 триллион теңге сомадағы 44 жоба бар».

Сондай-ақ, әкім орынбасары жанжал туындаған «Ақ Бұлақ» бағдарламасы туралы айта кетті. Еске салсақ, 2013 жылдың күзінде сол кездегі Қазақстанның премьер-министрі Серік АХМЕТОВ «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша бар болғаны 26 қылмыстық іс қозғалғанын, 120-дан астам прокурорлық әрекет ету актісі тіркеліп, 140-тан астам лауазымды тұлғалар түрлі жауапкершілікке, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын хабарлап, ашуланған еді. Біздің облысымызда облыстық әкімдіктің алдыңғы командасы бұл бойынша баяғыда есеп берді, қағаз жүзінде облыс сумен 100 пайыз қамтылған. Ал бүгінде бағдарлама «қайта жүктеуді» бастан өткеруде: Дүйсенбаевтың айтуынша, «Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік беретін  Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда».

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

23 шілде 2014, 10:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.