Атырау, 25 сәуір 15:37
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қала медицинасының осал тұстары

2 134 просмотра

Қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ қаланың медициналық мекемелері басшыларымен кездесті. Кездесудің көп бөлігі туберкулезге арналды.

ТҮРМЕДЕН КЕЛГЕН ІНДЕТ

Туберкулезбен ауру бойынша Атырау облысы әлі күнге дейін Қазақстанда үшінші болып тұр. Әкімнің Атырау қаласында бұл індетпен ауыратындар саны неге артып отыр деген сауалына жауап ретінде №7 емхананың бас дәрігері Ғазиз ЕСҚАЛИ полиция, медицина және ҚАЖК органдары арасында үйлесімді байланыс жоқ екенін алға тартты. Мәселен, оның учаскесінде бір туберкулезбен ауыратын жас жігіт түрмеден үйіне келіп, отбасына, яғни, қарындасына, ағасына, оның әйелі мен екі кішкентай баласына жұқтырған. Егер оны түрмеден шыққан бойда тубдиспансерге бірден жібергенде немесе емханаға хабар бергенде, мұндай болмас еді. Жиналысқа қатысып отырған ІІД басшысы осы мәселе бойынша ҚАЖК-ге ұсыныс жібергенін айтты. Ғ. Есқали, сондай-ақ, туберкулездің алдын алу үшін вирусқа қарсы ем алған балаларды мектеп қабырғасында міндетті түрде ыстық тамақпен қамтамасыз ету керек деп ұсыныс жасады. Қазір ыстық тамақ тек бастауыш мектеп оқушыларына ғана беріледі.

- Келесі жылға келісімшарт жасағанда балалардың осы санатын да ескеретін боламыз, - деп сөз берді қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА.

Науқаспен байланысы бар 180 бала арнайы мекемелер - №8 «Айгөлек» балабақшасына және Авангардтағы мектеп-интернатқа барып жүр. 29 мектепке дейінгі тәрбиеленуші және 22 оқушының ата-анасы арнайы балабақша мен мектеп-интернатқа жатқызуға келіспей отыр.

Биыл туберкулезбен ауру-сырқаулығы жөнінде төлқұжат дайындау бойынша жұмыстар басталды. Қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Әлия НҰРЖАНОВАНЫҢ айтуынша, көптеген науқастардың әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Туберкулездің ашық түрімен ауыратын 88 науқас жеке тұрғын үй алу кезегінде тұр.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВАНЫҢайтуынша, туберкулезге қарсы диспансерден бөлімге әлеуметтік көмекті қажет ететін 92 науқас жіберілді:

- Алайда біз тек диспансердің ұсыны бойынша көмек бере алмаймыз, адамның өзі келіп, өтініш жазып, құжаттарын ұсынуы қажет. Бізге жіберілген 92 адамнан тек 22-сі ғана келді, осы тізім бойынша қалған адамдарды таба алмай отырмыз, көрсетілген мекенжайда тұрмайды, телефон көтермейді. Көпшілігі, неге екені белгісіз, қате деректер береді екен.

«ОСЫЛАЙ СЕНІМДІРЕК»

Медициналық және фармацевтік қызметтерді бақылау комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Байтолла ҒАЗИЗОВТЫҢайтуынша, департаментке хабарласқан адамдар, негізінен, медициналық қызметтердің төмендігіне, қазіргі уақытта ауруханада жату қиындап кеткеніне, медициналық қызметкерлердің дөрекілігіне шағымданып жатады. Жыл басынан бері шағымдардың көпшілігі - алты шағым - №1 емханаға қатысты түсті. №3 және №7 емханаларға үш шағымнан, №4 емханаға – екі, қалалық перзентханаға, жедел медициналық жәрдем  станциясына және Еркінқаладағы емханаға бір-бірден шағым берілді.

- Барлық шағымдар бірдей біздің жұмыстарымызға қатысты емес, - деп қорғанды №1 емхананың бас дәрігері Еркінбай ҚУАНОВ. – Мысалы, адамдар облыс әкіміне емге баруға немесе облыстық ауруханада тегін физиологиялық ем алуға көмектесу туралы жазады, ал бұл адамдар бізге қатысты аумақта тұратындықтан, олардың өтініші бізге жіберіледі. Немесе, мысалы, біздің бір науқасымыз дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясы мүгедектік топ санатына қоспайды деп шағымданған. Оған біздің не қатысымыз бар?

Медициналық қызметтерге төлем жасау комитеті департаментінің басшысы Балкенже БАРСАЕВАмедицина қызметкерлері еңбегіне дифференциалды төлем жасау бойынша қаражаттардың игерілмеуі туралы мәселе көтерді. Егер республика бойынша ол 17-33%-ды құраса, Атырау облысында 7%, Атырау қаласында, тіптен, - 0,3%. Оның пікірінше, басты себебі –менеджментті дұрыс жүргізбеу. Мәселен, дәрі-дәрмектер қоры ережелері бойынша емханаларда бір айға жететін қор болуы тиіс, ал біздікілер жарты жылға сатып алып қояды. Дифференциалды төлем жасау жүйесін енгізу қажет, онымен дәрігерлер де келісті, алайда өздерінде үлкен дәрі-дәрмек қоры болуын қалайды. Өйткені, кейде тендер өткізу барысында кешігулер болып тұрады. Осылай сенімдірек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

22 шілде 2014, 10:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.