Атырау, 16 сәуір 09:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Бейбіт шерудің көшбасшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды

3 117 просмотра

Ақтауда «Қаражамбасмұнай» компаниясының ереуілге шыққан жұмысшыларының көшбасшысы Қуаныш СИСЕНБАЕВҚА қатысты сот процесі басталды. Ал «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының жаппай наразылық акциясы өтіп жатқан Жаңаөзенде жұмысшылар қалалық әкімдікке пикетке шығуға өтініш берді.

БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР

Сисенбаевқа 5 маусымдағы Ақтаудағы мұнайшылардың бейбіт шеруін ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. Шеруді тарату кезінде полиция шеруге шығушылардың бірнешеуін ұстаған болатын. Сол кезде Қуаныш Сисенбаев пен оның екі әріптесі «дене мүшесіне зақым келтіру актісін» (өз өздеріне қол жұмсап) жасап, аздаған жарақатпен ауруханаға түскен еді.

«Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы бірлестігінің төрағасы Мұхтар ҮМБЕТОВТІҢ айтуынша, Сисенбаевты «Заңсыз митингілер, пикеттер, шерулер мен демонстрациялар ұйымдастыру» деген бап бойынша айыптап отыр.

- Қуанышқа қатысты сот ешқандай бостандығын шектеу шарасын алған жоқ, ол қазір бостандықта, - дейді Мұхтар Үмбетов.

Бұдан басқа, Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мұнайшыларыныңбелсендісі Ақжанат ӘМИНОВТІҢ тұтқындалғаны туралы да бейресми ақпарат пайда болды. Оған қарсы «әлеуметтік алауыздықты қоздырды» деген айып тағылыпты. Әминовті екі айға тұтқындаған, - деп хабарлады Мұхтар Үмбетов. Алайда бұл ресми түрде расталмады.

Бұған дейін дәл осындай бап бойынша қылмыстық іс «Қаражамбасмұнай» компаниясы жұмысшыларының тәуелсіз кәсіподақ заңгері  Наталья СОКОЛОВАҒА да қатысты қозғалған болатын.

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖАҢА ТАЛАПТАР

Ал Маңғыстау облысындағы мұнайлы қала Жаңаөзендегі жағдай қайтадан шиеленісуде. Мұнайшылар ереуілі бұл жерде жиі орын алып тұрады. Соңғы наразылық акцияларына мұнай компанияларының басшылары жаппай жұмыстан шығарумен жауап берген болатын. Осы жұмыстан босатылғандардың қатарындағы белсенділер наразылық акциясының жаңа толқынын ұйымдастырған.

«АЖ»-ға «Өзенмұнайгаз» жұмысшылары ереуілінің белсендісі Талғат САҚТАҒАНОВ хабарлағандай, жұмыстан босап қалған мұнайшылар Жаңаөзенде қалалық әкімдіктің ғимараты жанында аштық түрінде жаппай наразылық акциясын жасамақ.

– «Өзенмұнайгаз» басшылығы наразылық акциясына қатысқан екі жүзден аса адамды заңсыз жұмыстан шығарды. Еңбек кодексінің 305-бабына сәйкес, еңбек дауы кезінде жұмыс беруші қызметкерін жұмыстан босатуға құқығы жоқ. Енді жұмыстан босаған адамдар мен олардың туысқандары қалалық әкімдікке пикетке шықпақшы, - дейді Сақтағанов.

Оның айтуынша, жұмыстан босаған мұнайшылардың жаппай наразылық акциясын Жаңаөзендегі басқа да жұмыссыз тұрғындардың қолдауы мүмкін екен.

- Адамдардың мемлекеттік органдарға бәрі де заңды болсын деп, әкімдікке пикетке шығу туралы өтініш жазғаны белгілі. Содан соң бірнеше күннен кейін жаппай аштық басталады. Біз «Өзенмұнай» өндірістік филиалының директоры Киікбай ЕШМАНОВ жұмыстан кетсін, «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясы тарасын немесе Маңғыстау облысына көшірілсін» деген талап қойып отырмыз.

ӘКІМ ЖҰМЫСШЫЛАРҒА УӘДЕ БЕРДІ

Жаңаөзен қаласы әкімінің  кеңесшісі Айнаш ТІЛЕКҚАБЫЛОВАНЫҢ айтуынша, 1 шілдеде қала әкімшілігіне жұмыстан босаған «Өзенмұнай» жұмысшыларынан аштық жариялайтындары туралы ескертулер келіп түскен.

- Егер жұмысшылар жұмыс беруші өздерін заңсыз жұмыстан босатты деп есептейтін болса, олар сотқа шағымданулары тиіс. Олар аштықпен және әкімдік жанындағы пикетпен мәселені шеше алмайтынын түсінулері керек. Әкімдік «Өзенмұнайгаздағы» еңбек дауына араласа алмайды. Адамдар өз проблемаларын заң шеңберінде шешкендері жөн, - деді Айнаш Тілекқабылова.

Ал 30 маусымда Маңғыстау облысының билігі «Қаражамбасмұнай» және «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмыстан босаған жұмысшыларын жұмысқа орналастыру үшін («Нұр Отан» президенттік партиясының қатысуымен)  Қоғамдық кеңес құрды.

«Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметтері бойынша, ереуіл орын алған уақыт ішінде еңбек тәртібін бұзған 400-дей адам жұмыстан босатылған. Олар «Қаражамбасмұнай» АҚ, «Өзенмұнайгаз» ӨФ, «ТұлпарМұнайСервис» және «АрғымақТрансСервис» фирмаларының жұмысшылары. Бұл қоғамдық кеңестің мақсаты – жұмыстан босағандардың әлеуметтік отбасы жағдайына жан-жақты зерттеу жасау және оларды аймақтағы басқа кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру» делінген баспасөз релизінде.

Қоғамдық кеңестің отырысында Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ барлық факторларды, соның ішінде жұмыстан босағандардың отбасыларының әлеуметтік жағдайын ескеру керек деп мәлімдеді.

– Қолдағы бар мәліметтер бойынша, наразылық акциясына қатысушылардың көпшілігі - отбасының жалғыз асыраушылары. Оларды наразылық акциясына бопсалау немесе қорқыту арқылы тартқан. Сондықтан әр жұмысшының ісі жеке қаралады, – деп мәлімдеді облысы әкімі Қырымбек Көшербаев

1 шілдеде Жаңаөзенде «Нұр Отан» президенттік партиясы филиалында жұмыстан босаған тұлғалардың мәселелерін қоғамдық кеңесте қарау басталды.

Азамат МАЙТАНОВ

7 шілде 2011, 18:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.