Атырау, 24 сәуір 10:08
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Тілсіз жаудан сақтасын

4 628 просмотра

«ЖАЗДЫҢ АПТАБЫНДА БІЗДЕ ДАМЫЛ ЖОҚ»

Әдетте, жаз мезгілінде өрт оқиғасының жиілеп кететіні белгілі. Тәжірибе көрсеткендей, өрт сөндірушілердің кәсіби тұрғыда қауіптенетін нысаны – шатыр. Себебі, биік қабаттардың шатырындағы алаулаған отты сөндіру азапқа түсіріп қана қоймай, адам өмірін де жалмаған қайғылы оқиғалар да кездесіп жатады.  Шатырдағы өртті сөндіремін деп өмірімен қош айтысқандар қаншама.

Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Омар БЕРЖАНОВТЫҢ  (суретте) айтуынша, жыл басынан бері облысымызда 101 нөміріне 400-ден астам дабыл қоңырауы соғылған. Оның 200-ге жуығы өрт оқиғасы ретінде тіркеліп, 75 пайызы қалада орын алған.

Бүгінде республика бойынша басқа қалаларда өрт сөндірушілер құрамының саны 1500-ден 2000-ға дейін барса,  Атырауда бар болғаны  450-ге жуық адам. Омар Құмарұлының мәлімдегеніндей, Атырауға бөлінген штаттың өзі сондай шектеулі. Әзірге бәрі қаржыға тіреліп тұр. Айталық, Атырау облысының аудандарындағы өрт сөндіру бөлімдерінде негізгі талап бойынша олардың саны 50-60-ты құрауы тиіс болса, қазіргі нақты саны -28-32. Ал қалада мамандар жетіспеушілігі көп біліне қоймайды, - дейді мекеме бастығы. Себебі, қалада, Балықшы кентінде, Гагарин көшесінде және Вокзал маңы ауданында орналасқан үш өрт сөндіру бөлімі бар. Әр бөлімнің өзіне қарасты учаскелер белгіленген. Алайда, зауыттың жануы секілді үлкен өрт оқиғасы орын алса, осы үш мекемедегі өрт сөндірушілер көмекке келеді. Олардан бөлек, бізде қалада Атырау мұнай өңдеу зауытының және «АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ-ның өз өрт сөндірушілер құрамы бар. Облыстың бас өрт сөндірушісі штатты көбейту жөнінде министрлікке ұдайы ұсыныс хат жазып отырғанын айтып өтті. Бірақ, жуық арада бұл мәселенің шешілуі екіталай секілді. Себебі, былтыр ғана бюджет саласындағы қызметкерлердің санының қысқартылғаны мәлім.

Атырау қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Салауат ӘЖІҒАЛИЕВТІҢ(суретте) айтуынша, бүгінгі күні облыстық өрт сөндіру мекемесінде бұрынғыға қарағанда, жағдай оң жағына қарай өзгерген. Бұрын өрт сөндіру техникасы да ескі болғандықтан онымен жұмыс істеудің өзі қиынға соғатын. Бүгінде техника да жаңарған, өрт сөндіру құралдарымен бірге арнайы маман киімдері де жеткілікті. Облыста өртке қарсы қызметке қарасты 72 автокөлік бар. Оның ішінде арнайы және негізгі көліктермен бірге, Финляндиядан әкелінген 54 метрлік басқышы бар автокөлікпен жабдықталған.  Бұл автокөлікті Қазақстанда тек Атырауда, Астанада және Қарағандыда ғана кездестіресіз.   

-Бұрын қызметкерлер жалақысы төмен деп жұмыстан қашса, қазір президенттің жолдауымен жалақы да жыл сайын өсіп отыр. 2007 жылдан бері қарай жаңа өрт сөндіруге арналған автокөліктер келіп жатыр. Өрт сөндірушілердің де жағдайы әлдеқайда оңалған, - деп отыр Салауат Ибрашұлы

 

ЖҰМЫСҚА КЕДЕРГІ БОЛАР ЖАЙТТАР БАР

Бір айтатыны, өрт сөндірушілер де әскери қызметкерлерге жатқанымен, оларға тиесілі жеңілдіктер мардымсыз. Жалғыз жеңілдік - өрт сөндірушілер 45-47 жастан бастап зейнеткерлікке шығады. Және олардың еңбек өтілі әскери борышын өтеген жылын қосқанда 25 жылға толуы тиіс (өрт сөндіру қызметіне әскери билеті бар маман ғана қабылданады). Оған қоса, кезекті еңбек демалысына 45 күн беріледі. Тағы бір айтатыны, өрт ішінде газ қағармен (противогаз) жұмыс істеген өрт сөндірушінің жалақысына үстеме ақы қосылады. Әр бөлімнің бастығы ол туралы ай сайын мәлімет беріп отыруы тиіс. Айтпақшы, өрт сөндірушілердің жұмысы зиянды кәсіп болып есептелгенімен, оларға тиесілі сүт, айран өнімдері берілмейді. Ал министрлік ең болмаса осы секілді жеңілдіктер жағын неге қарастырмаған екен?

Облыстық өрт сөндіру мекемесінің бастығы Омар Бержанов қала әкімінің атына өрт сөндіруші қызметкерлерге жер бөлу жөнінде және облыстық білім беру басқармасына балаларын балабақшаға орналастыру туралы хатпен жиі шығып тұратынын тілге тиек етті. Сонымен бірге, жұмысқа кедергі болып отырған тұстар жөнінде де қалалық әкімдікке хабарлап отыр. Айталық, бүгінгі күні қалада өрт сөндіруге қиындық туғызып отырған жағдай – тұрғын үйлердің айналасын көлік кірместей етіп қоршауы. Ал өрт болған жағдайда өрт сөндірушілер су толтырылған өрт машинасын тұрғын үйдің дәл алдына әкеп қоюға тиісті. Ал қоршалған маңды кесіп өтеміз деп әбігерге түскенше уақыттан да ұтылады. Өрт болса, уақыт күттірмейді. Одан бөлек, тексеру барысында қаладағы гидранттардың біраз бөлігі жарамсыз екендігі анықталған. Облыс бойынша 1782 гидрант болса, соның 390-ы жарамсыз екен. Ол жөнінде де «Атырау Су Арнасы» КМК-на ескертілген.

101 нөміріне келіп түскен дабыл қоңырауын реттеп, өртену нысандарына қарай бағдарлап отыратын радиотелефоншылардың бірі Бәтима СҰЛТАНОВАНЫҢ (суретте) айтуынша, өрт сөндірушілер дабыл қоңырауы түскенде бірден 1 минут 45 секундтың ішінде өрт сөндіру көлігі құраммен бірге мекемеден оқиға орнына қарай бағыт алуы шарт. Бәтима төрт жылдық еңбек өтілінде өрт сөндірушілердің жұмысының қандай қиын екеніне көзім жетті дейді. «Себебі, өрт сөндірушілердің ортасында жұмыс істеп көрген жан ғана оларды жақсы түсінеді» дейді ол.

Бір айтатыны, өрт сөндірушілер өзге мамандық иелері секілді емес, олар «өрт болмаса екен» деп тілейді. Расында да, тілсіз жаудан сақтасын деңіз.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

30 маусым 2011, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.