Атырау, 19 сәуір 11:48
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Қорымды қорлағандар жарты жылға сотталды

3 625 просмотра

24 маусымда қалалық сот биылғы жылдың қаңтарында «Ноғай» және «Жөнеген»  мұсылмандар зиратындағы  28 бейітті қиратқан бүлікшілерге үкім шығарды.

Айыпталушылар орындығында 13 жас жігіт отырды.  Олардың туысқандары марқұмдардың туысқандарынан кешірім сұрап қана қоймай, келтірген зиянды өтеп (25 мыңнан 700 мың теңгеге дейін), тараптар сотқа дейін ымыраласқан болатын. 11 айыпталушы 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасына кесіліп, кәмелетке толмаған екеуі шартты мерзім алды.

ИМАММЕН СҰХБАТ

Атырау облыстық мешітінің бас имамы ЕСМАҒАМБЕТ қажы бұл әрекеттердің түп-өркіні діни әдебиеттерде жазылғандарды дұрыс түсінбегендіктен деп санайды.

- Олардың оқыған кітаптарындағы дүниені  тікелей түсінгендері қателік, «ұстазсыз білім алу шайтаннан» делінген. Құранда 500-ге жуық  күші жойылған, мансұқ аяттар бар, мысалы, Құранның  Ниса сүресінде «мас күйлеріңде намазға жақындамаңыз» деп келетін жолдар бар. Сіз оның мансұқ болғанын білмегендіктен, мас болған кезде оқымай-ақ қойсам да болады екен деп түсінуіңіз мүмкін ғой.  Сондықтан діни кітапты оқыған адам оның мән-мәнісін түсіну үшін білімі жеткілікті болуы керек. Мешіттен келіп, имамдардан сұрасын. Бізде 4 ұстаз орталық мешіттің өзінде сабақ беріп жатыр.

-  Дегенмен  қабірдің басын көтермеу туралы баяндалған  нақты хадистердің барлығы да анық емес пе? Мәселен, зиратты бұзған жастардың ата-аналары мешіт таратқан кітаптарда бұл мәселенің анық жазылғанын көлденең тартады. 

- Ең алдымен айтарым, бейіттердің қорлануын еш нәрсе де ақтамайды. Әлбетте, қабырды салмау туралы айтылған хадистердің барлығы рас. Бірақ біздің тәуелсіз елімізде оның түрін салып жатыр. Басқа мұсылман елдеріне қарайтын болсақ, олар тек аты-жөнін ғана жазып, тіпті кейбір мемлекеттерде нөмірлеп қана қояды және 49 жылдан соң бұзып пайдалана береді. Өйткені ол Алланың бізге берген сыйы.

- Сөйтсе де осы оқиғадан кейін де өзіңіз талай жерлеу рәсіміне  қатысқан боларсыз. Сонда осындай  зират көтеру дұрыс еместігі  туралы айттыңыз ба? Осы әрекеттен үлгі алғандар бар ма?

- Ол бір күнде шешілетін мәселе емес. Біздің халықтың ислами ойлау деңгейі кеңеймей бұл процесс тоқтамайды. Бәлкім елімізде қабір көтеруге тиым салу туралы арнайы бағдарлама керек шығар. Қазір осы мәселені мұсылмандар діни басқармасы көтеріп жатыр. Президент әкімшілігіне хат жолданды.

Сәния ТОЙКЕН

30 маусым 2011, 01:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.