Атырау, 19 сәуір 05:14
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Оқиғалар тізбегі

2 626 просмотра

Маусымның 23-нде кешкісін «Насиха» пассажындағы сәнді киім-кешектер бутигінен 16 мың теңгенің заттары ұрланды. Ұрлық жасады деп күдіктелген Атырау қаласының 18 жасар тұрғыны ұсталды.

***

Криминалдық полиция 2012 жылдың 18 желтоқсанында Сәтпаев даңғылы бойындағы үй пәтерлерінің бірінен ноутбук ұрлады деп күдіктелген Ақтөбе қаласының 29 жастағы тұрғынын ұстады.

***

Полиция 18 маусымда үйінен шығып, 23 маусымға дейін хабарсыз кеткен 31 жастағы ер адамды отбасына аман-сау қайтарды. Енді ол өз отбасына осы уақыттан бері қайда жүргенін түсіндірмек.

***

Бірлік поселкесінің 52 жастағы тұрғынының үйінен сөмкесі мен банкомат кәртішкесін ұрлап кетті деген күдікпен оның 33 жастағы ауылдасы ұсталды. Оның осы секілді қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

***

Махамбет АІІБ қызметкерлері Ақтоғай поселкесінің 43 жастағы тұрғынын ұстады. Ол өткен жылдың 9 тамызында Махамбет поселкесіндегі фирманың кеңсесінен Ганюшкин селосының 52 жастағы тұрғынына тиесіліұялы телефон мен 62 мың теңгесі бар әмиянды ұрлады деп күдіктеліп отыр. Бұдан басқа, оған биылғы жылдың 22 сәуірінде Ақтоғай поселкесінің көшесінде тұрған КамАЗ көлігінен екі аккумуляторды ұрлады деген айып тағылды. Тергеу жүргізілуде.

***

Маусымның 24-нде таңертең Авангард 3-ші ықшамаудандағы азық-түлік дүкендерінің бірінен белгісіз біреу ет турамасын ұрлауға әрекеттенген. Сатушы полиция шақыртып, қылмыскердің қай бағытқа қашып кеткенін көрсетті. 39 жастағы жергілікті тұрғын «ізі суымай» ұсталды.

***

Маусымның 24-нде кешкісін Нұрсая ықшамауданының 31 жастағы тұрғыны полицияға көп қабатты үй подъезінің жанына ұлы қалдырып кеткен велосипедтің қолды болғаны туралы хабарлады. Ұры 10 жастағы бала боп шықты. Оны «алдағы уақытта баламызға көз қырын салып жүреміз» деп ата-аналары қолхат бергеннен кейін босатып жіберді.

***

Маусымның 24-нде кешкісін Мақат ауданының ауыл арасындағы Қарабау – Доссор жолының 130-шы шақырымында«Лада-Гранта» көлігі аударылып қалды. Жүргізуші – Тасшағыл селосының 27 жастағы тұрғыны сол жерде көз жұмды. 20, 30 және 47 жастағы үш жолаушы түрлі жарақаттармен облыстық ауруханаға түсті.

***

Маусымның 22-нде тал түсте Балықшы, Құнанбаев көшесіндегі 5 қабатты үйдің 3-қабатының терезесінен 3 жасар қыз құлап түсті. Сәби түрлі жарақаттармен облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды.

***

Полиция көліктерге бағалы заттарды қалдырмау туралы, қалада көлікке түсетін ұрылардың көбейіп кеткендігі жөнінде жүргізушілерге ескертеді. 21 маусымда сағат 12-де Нұрсая ықшамауданында белгісіз үшеу үй жанында тұрған «Лексуске» «Лада-Приорамен» жақындап келіп, артқы есігінің әйнегін сындырған. Алайда, өтіп бара жатқан бір адам оларды үркітіп, полиция шақырған. Қаскөйлер жасырынған көлік нөмірі патрульдік полицияның барлық экипажына хабарланып, олар кешікпей ұсталды. Көлік салонынан тіркелмеген газ тапаншасы табылған. Тергеу жүргізілуде.

***

Тұрғындардан дәрімен атылатын қаруларды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы жалғасуда. Бүгінгі күні азаматтардан 72 ұзын оқпанды (70 тегіс оқпанды және 2 иір ойықты) қару қабылданды. Оның ішінде 31 тегіс оқпанды қару жалпы сомасы 900 мың теңгеге сатып алынуы тиіс.

26 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.