Атырау, 25 сәуір 02:03
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Спорт жаңалықтары

4 389 просмотра

Жүлделер және рейтингтер

Тараз қаласында өткен таэквондодан пумзе (ката) бойынша Қазақстан чемпионатында облыс құрамасы 5 медаль жеңіп алды.

Командалық есепте Айдана Махимова мен Ринат Нұрхан күміс медальға ие болды. Жекелей есепте Айдана қолаға қол жеткізді. Осындай жүлде Асан Қасаев пен Ғизат Салиховтың еншісінде.

Сондай-ақ, Үмбет Шәкиевтің Бахрейн ашық чемпионатында жеткен жетістігін де атап өткен жөн. Бұл рейтингілік турнир және спортшымыз Олимпиада-2016 ойындарына қатысу үшін жинайтын алғашқы рейтингтік ұпайларын жинады. Германияда өткен келесі рейтингтік турнирде Үмбетті мықты ирандық спортшы Юсуф Керрами жарыс жолынан шығарып жіберіп, жарыс қорытындысында 1-орын мен ең жоғары рейтингтік ұпайға қол жеткізді.

***

 

Төлепов - үздік мұғалім

Дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығының қолдауымен №2 мектептің спорт залында облыстық «Жыл дене тәрбиесі пәні мұғалімі» байқауы өтті.

Байқауға аудандық сайыста жеңіске жеткен орта мектеп мұғалімдері қатысты. Бағдарламада жылдамдық, ептілік және шыдамдылықты тексеретін жаттығулармен қатар теориялық сұрақтар да болды. Педагогтар 5-10 сынып оқушыларына ашық сабақтар өткізіп, слайдтар мен бейнефильмдер көрсетті.

Индер ауданындағы К. Абаханов атындағы мектептің оқытушысы Мәдениет Төлепов (суретте) «Жыл мұғалімі» болып танылды. Исатай ауданы Абай атындағы орта мектептегі әріптесі Ерлан Құрманғалиев одан бірнеше ұпай ғана артта қалды. Үшінші орынды Махамбет ауданы Береке ауылы мектебінен келген дене тәрбиесі пәні мұғалімі Абат Қойбақов алды. Мәдениет жазда Шу қаласында өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.

***

 

Профессордың шәкірті

Астраханда жеңіл атлетикадан Астрахан облысының ашық көктем кубогы өтті.

400 метрқашықтықта Мұнай және газ институтының 2-курс студенті, жеңіл атлетика үйірмесінің мүшесі Райымбек Елібаев бесінші орын алды. Жүйріктер үйірмесіне профессор Асқар Қазиевжетекшілік етеді.

***

 

Алғашқы чемпионат

25-27 сәуірде «Атырау» ДСК-нде Бүкіләлемдік аралас күрес стильдері федерациясының (FILA) қолдауымен тарихта бірінші рет панкратионнан Азия чемпионаты өтеді.

Айқастар күн сайын сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін болады. Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 25 сәуір күні 15.00-де басталады.

 - Қазақстанға панкратионнан ең алғаш Азия чемпионатын өткізу мәртебесі тиді. Оның дәл біздің қаламызда өтетіні нұр үстіне нұр болып тұр, - дейді ұлттық панкратион федерациясының президенті Сағындық МЕКЕЕВ.  - Қазір бұл спорт түрі жақсы дамып келе жатыр. Панкратион Бүкіләлемдік жекпе-жек ойындары мен Азия ойындарының бағдарламасына енді. Жақын арада панкратион Атырауда және бүкіл Қазақстанда одан әрі дамиды деп үміттенеміз.

Жарыстар үш санатта өтеді: собнишен (греплинг), традишен және фулл-контакт. 9 салмақ дәрежесінде өтетін айқастарға Жапония, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары қатысады.

Атыраулық спортшылардың ішінде чемпионатқа 2012 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Ерлан Сағидолла, 2013 жылғы гремплингтен Қазақстан чемпионы Қайрат Өтеген, 2010 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Өтеулиев, 2014 жылғы Қазақстан чемпионы Ербол Хамитов, 2013, 2014 жылдардағы Қазақстан чемпионы Тыныс Бисалиев, 2012 жылғы әлем чемпионы Жұмагелді Жалғасұлы, 2012 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Асланбек Тәженов қатысады.

Чемпионаттың мәртебелі қонақтары ретінде FILA Бүкіләлемдік панкратион комитетінің басшылары Зия Исаев, Александр Мандрик және Урош Йованович сияқты белгілі шеберлер келеді. 

***

Мықтылардың мықтысы

Облыстық карате-до кекушинкай федерациясының шәкірттері Астрахан қаласында өткен қалалық турнирде сәтті өнер көрсетті.

Ротмир Тоғашев(7 жас, 25 келіге дейін) және Валентина Босс (12 жас, абсолюттік салмақ) алтын алса, Александр Новоселов (13 жас, 35 келіге дейін) күміс, Данил Тарабрин (13 жас, 35 келіге дейін) қола иеленді. Балаларды Таңат Нұрымов жаттықтырады.

***

 

Бірден 8 жүлдегер

Қызылордада карате кекушинкайдан Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл турнирде облыстың спорттық намысын облыстық «Намыс» кекушинкай карате федерациясының шәкірттері қорғады.

Олар 8 медаль иеленді:. Алтын - 8-9 жас, 30 келіге дейін Кирсан Құлмағамбетов, 30 келіден жоғары Дамир Жәрекесов; 10-11 жас, 35 келіге дейін - Станислав Сурков; 16-17 жас, 65 келіге дейін Александр Грузинцев; күміс: 10-11 жас, 30 келіге дейін - Бірман Асылжан; 14-15 жас, 50 келіге дейін - Диар Жаниязов; 14-15 жас 50 келіден жоғары – Альфия Даирова; 16-17 жас, абсолюттік салмақ - Азамат Күнішев.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

24 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.