Атырау, 29 наурыз 18:54
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Ізгілік жаршысы

2 073 просмотра

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Шынарбек СӘРСЕНБАЕВТЫҢ(суретте) үйінің ауласында екі жылдан бері балаларға арналған тегін сауықтыру орталығы жұмыс істейді.

Шынарбек көп жылдан бері Жылыой ауданы Тұрғызба ауылындағы М. Әуезов атындағы №4 орта мектепте дене шынықтырудан сабақ беріп келеді. Оның өз мамандығына деген сүйіспеншілігі ерен. 

- Соңғы жылдары дәрігерлердің анықтамасы бойынша дене шынықтыру сабағынан босатылған оқушылар саны көбейді. 2013-2014 оқу жылында аудан бойынша113 оқушыға осындай анықтама берілген. Ал менің мектебімде сондай 20 оқушы бар. Осының бәрін ойлай келе, мен балалардың сауығып кетуіне үлесімді қосу үшін аудандағы науқас балаларды сауықтыру ісімен айналысуды шештім.  Банктен несие алып, үйімнің қасынан сауықтыру орнының ғимаратын салып, жұмысымды бастадым, - дейді ол.

Дене шынықтыру пәнінен босатылған 20 оқушыға аптасына екі рет сауықтыру сабағын өткізеді. Одан бөлек, Шынарбектің орталығына балалар көрші ауылдардан, Құлсары қаласынан келеді. Ақтөбеден емдік гимнастика орталығында болып, тәжірибе алмасып келген ол өз жұмысында мәскеулік профессор Сергей БУБНОВСКИЙДІҢ әдісін қолданады.   

- Баламның төс сүйегінде үлкен ойық бар. Соның кесірінен жүрегі қысылып, өз орнынан төмен түсіп кеткен. Мен баламды Алматыға дейін апардым, дәрігерлер ота жасады. Бұданалты ай бұрын Шынарбек ағайға келдім. Сауықтыру орталығындағы сабақтарына Жаңа Қаратоннан келіп тұрамыз, - дейдіСәуле есімді келіншек. - Осы спорттың арқасында ойық кішірейіп келеді. Дәрігерлер де таң қалды. Баламның болашақта дені сауығып болып кететініне менің сенімім мол. 

Тағы бір мысал: жүруден қалған қыз бала да Шынарбектің арқасында аяғынан баса бастаған. Ал тағы бір әйел баласының (суретте) осы орталыққа келгелі бері бойы өскенін айтты.

Шынарбектің орталығы түрлі жаттығу спорт құралдарымен жабдықталған, алайда, бұл аздық етеді. Олардың санын көбейтіп, қажетті жабдықтарды алуға қаржы қолбайлау болып тұр.

- Демеушілер табылса, көп баланы қабылдауға болар еді, орталыққа келісімшартпен дәрігер-мамандарды да жұмысқа шақырар едім, - дейді Ш. Сәрсенбаев.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

24 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.