Атырау, 29 наурыз 16:13
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Бөрікке сап баққанмен ит болмайды...

3 706 просмотра

Махамбет атындағы драма театрында «Айтыс ақындары Атырауда» тақырыбында айтыс кеші өтті.

«Айтыс» қоғамдық қоры ұйымдастырған жыр кешіне сөзден өрнек өрген белгілі айтыс шеберлері - республикалық «Дарын» сыйлығының лауреаты Бекарыс ШОЙБЕКОВ, «Алтын домбыраның» алғашқы иегері Мұхтар НИЯЗОВ, облыстық ақындар айтыстарынан жүлде алып жүрген Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ, көрші Батыс Қазақстан облысынан келген жас дүлділдер Айнабек БИСЕНҒАЛИЕВ пен Эльдар ИХСАНОВ қатысты. Бұл жолғы айтыстың ерекшелігі – додаға бәйге тігілмеді, қазылар алқасы болмады, уақытқа шектеу қойылмады. Яғни, ақындар сахна төрінде еркін көсіліп, бар өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды.

Аламанға алдымен Мұхтар Ниязов пен Серікбол Панабердиев шықты. Республикалық деңгейге шыға қоймаған жерлесіміз айтысты ширақ бастап, бірден елдің өзекті мәселелерін жырына арқау қылды. Ал, талай додада бәйге алған, тәжірибелі Мұхтар болса, көбіне көрерменнің көңілін табуға тырысты. Ол қарсыласының «халық мұңын айтпайсың, билікке жақынсың» деген кінәлауына «қашанда халықпен біргемін» деп жауап қайырды:

- Ел алдында ел жырын айтқан кезде

Ерлердің көкейінде жік толғайды.

«Нұр Отан» бізді айтысқа шақырғанмен,

Қалауымыз халықтан биік болмайды.

Бөрінің бөлтірігін білесіздер,

Бөрікке сап баққанмен ит болмайды.

Бір сағатқа созылған осы жыр тартысынан кейін сахнаға оралдық Айнабек пен Эльдар шықты. Жас болса да, республикалық деңгейдегі айтыстарға шығып, сөз шеберлерімен терезесі тең өнер көрсетіп жүрген қос жас бөрінің жекпе-жегі қызықты өтті. Құрдастар бір-біріне әзілдей отырып, әр адамның басында бар несие, қарыз сияқты әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Жыр додасының басты айқасы шымкенттік Бекарыс Шойбеков пен қызылордалық Мұхтар Ниязов арасында өтті. Талай аламанда жүлде салып жүрген қос шебер тапқыр сөздерімен көрерменді тәнті қылды. «Нағыз қарсыласым енді келді», - деп Мұхтар алғашқы айтысындай емес, бар өнерін көрсетуге тырысты. Ол қарсыласының 20 жылдан бері ақындар айтысында жүргенін айтып, «алжымайтын арыстанға» теңеп, демалысқа кету керек қой деп қағытты:

- Қазіргі інілердің ойлауынша

Айтыстағы ойшылсың, данышпансың...

Жиырма жыл болды ырылдап жүргеніңе,

Неғылған алжымайтын арыстансың.

Бекарыс та қарап қалмады. Ол қырықтағы адамға «алжыған» деп таққан айыбың жетпістегі ел билеп жүрген адамдарға тиіп кетпесін деген қарсы уәж айтты:

- Алжыған арыстан деп кекетесің,

Не істейміз жамандыққа тиіп кетсе,

Жетпістегі адам да ел билеп жүр,

Қайтесің бар жоспарың күйіп кетсе,

Қырықтағы өзіме атқан оғың

Жетпістегі көкеңе тиіп кетсе...

Осындай алма-кезек сөз таластырып, кей жағдайларда дұрыс дайындықсыз келгендері де көрініп қалып жатса да, ақындар халықтың ықыласына бөленді.

Айта кетсек, ақындар жекпе-жектерінің арасында жыр кешіне қонақ болып келген оралдық дауылпаз ақын, өз айтуынша, «айтыстан өзі кетпеген, мұны кетірген» Бауыржан ҚАЛИОЛЛА, атыраулық жас ақын қыз Әсел ТАУШАНОВА өз өлеңдерін оқыды.

Осы кешті ұйымдастырушы «Айтыс» қоғамдық қорының төрағасы Шынарбек ҚАБИЕВТІҢ айтуынша, бүгінде атыраулық ақындардың республикалық деңгейдегі додаларға қатысуға мүмкіндігі жоқ, оларды республика танымайды, шақыртпайды, айтыстардың ақынға қояр талабы жоғары. Сондықтан да сол белгілі ақындарды өзімізге шақырып, жас ақындардың шеберлігін шыңдау үшін осы кеш ұйымдастырылған.

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

24 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.