Атырау, 28 наурыз 17:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Қалдық судан қауіп бар

3 096 просмотра

Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қаратон ауылының тұрғындары дабыл қағуда - ауылдағы кәріз жүйелерінің істен шығып, қалдық судың далаға ағып жатқанына бір айдан асып барады. Олар мұның арты эпидемияның таралуына алып келіп жүре ме деп қауіптенеді.

Кәріз құдықтары арнасынан асып (суретте), қалдық су сайдағы сорға барып қосылып жатыр. Айналаны мүңкіген иіс алып кеткен, маңына жуытпайды. 

- Біз малымызды қорадан шығармай ұстап отырмыз, себебі жайылым үйлерімізге жақын, - дейді тұрғындар. –Малды ұзақ қамап ұстап отыра алмаймыз. Кейде осының басында кішкентай балалар ойнап жүреді. Оларды қуамыз, бірақ бала емес пе, ұмытып кетеді, қайта келеді. Ертең күн жылынғанда бұл маң шіріп жатады.

Аудан басшылығы бұл мәселеден хабардар, бірақ әзірге ешқандай қозғалыс жоқ.

Ауылдың кәріз жүйесіне жауапты «ЖылыойСу» КМК бастығы Балтабай ИБРАЕВ біз барған күні Ақтөбеге емделуге кетіпті, Жаңа Қаратонның кәріз жүйесі мәселесін қалыпқа келтіру ауылдағы мамандардың қолдарынан келеді деп есептейді. 

Ал «ЖылыойСу» КМК-ның Жаңа Қаратон ауылындағы мастері Есет ӘБІЛҚАЙЫРОВ, керісінше, қолдан келер қайран жоқтығын айтады.

- Кәріз құбырлары, құдықтары, насостар ескірді. Құдықтардың қақпақтарын әлдекімдер ұрлап кетеді, сондықтан олардың бетін ағаш тақтаймен жабамыз. Ал «Макевскийдегі» насостар оңып тұрған жоқ. Ондағы құдықтар қоқыс пен лайға толып қалған, оны тазарту біздің қолымыздан келмейді. Оған арнайы техника керек, - дейді Е.Әбілқайыров.

Оның айтуынша, мұндай мәселенің орын алуына тұрғындардың өздері де кінәлі.

- Олар қоқысты құдықтың ішіне тастайды. Ал кәріз жүйесінен аққан қалдық су құбыр бойымен өте алмай, құдықтың арнасынан тасып жатқаны содан.

Тұрғындар бұл уәжбен келіспейді.

Бұл мәсележыл сайын қайталанып отыр. Ауылдағы кәріз құбырлары әбден ескірген, кейбір құдықтар үнемі ылғалда тұратындықтан төмен түсіп кеткен. Жаңа Қаратон ауылдық округінің әкімі Разия МОЛДАБАЕВА да ауылдағы 12 кәріздік сорғы стансасының жағдайының нашарлығын айтады:

- Бізде кәріздік сорғы стансасының ғимараттары жоқ. Насостар кейде қатып қалады. Біз аудан басшылығына осы мәселелерді жеткіздік. Біз құдықтарды тазартып, көтеріп, насос алуға, кем дегенде, 1,5 млн теңге бөлуді сұрап, хат жаздық. Біздің мәселеміз жуырда өтетін аудандық мәслихат сессиясында қаралады. Ал, жалпы, ауылдағы кәріз жүйесі проблемасын толық шешуге көп қаржы керек. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

24 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.