Атырау, 18 сәуір 18:03
 ашықВ Атырау +18
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Ошағаннан қалай ақша жасауға болады?

9 777 просмотра

Құрманғазы ауданындағы «Бақыт» шаруа қожалығының қожайыны Рашид ҚАБДЕШЕВ (суретте)  малды бордақылауға арналған дәруменді шөп түйіршігін, отын түйіршігін және жиһаз дайындау үшін ағашты-полимерлі композит өндіретін цех ашуды қарастыратын бизнес жобасын әзірлеген. Ол шикізат ретінде ауданда он мыңдаған гектарды алып жатқан қамыс пен ошаған бұталарын қолдануды ұсынып отыр. Кәсіпкер өзіне қаржылық қолдау көрсетер инвесторлар іздейді.

- Бүгінде Құрманғазы ауданындағы ошаған жергілікті аграршылар үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Ошағанның тікенекті тұқымы адамдардың киімі мен жануарлардың жүніне жабысып, кең таралады. Бұл арамшөп малға азық болатын далалық шөп пен ауылшаруашылық дақылдарының өсуіне мүмкіндік бермейді. Одан басқа, тікенді тұқымы жануарлардың жүніне жабысып, киіз қылып тастайды. Ол терінің демалуына мүмкіндік бермейді және малдың қоңдылығын жоғалтуға әкеп соғады. Бизнес жоспарды жасау кезінде ошағанның балыққа да зиян тигізетінін білдім. 

Р.Қабдешевтің айтуынша, қазір Құрманғазы ауданында ақшыл ошағанның түрі көп екен. Бұл арамшөптің басқа түрінен айырмашылығы – ол мал үшін улы емес, бірақ балық үшін уытты екен. 2002 жылы  Ресейдің Курск медициналық академиясының ғалымдары ошағанның химиялық құрамын зерттеді. Зерттеу жұмыстары шөп құрамында халин, аскорбин қышқылы, илік заттар және ең бастысы, сабын өндірісінде кеңінен қолданылатын сапаниннің бар екенін көрсетті. Дегенмен, суда жақсы еритін бұл зат өсімдіктің түрлі бөліктерінде – жапырағында, сабағында, тамырында, гүлінде, тұқымында болады.

- Ол жазда өсіп, тұқым шашады да, күзге қарай өліп қалады. Қыс ішінде өсімдіктің бір бөлігі шіріп, сапанин бөлінеді. Көктемде ол балықты, әсіресе, шабақтарды құртады. Толқынмен су жағасына шығып қалатын көбікке назар аударыңыз. Сапанин деген осы.

Құрманғазы ауданында соңғы 6-7 жылда көбейіп кеткен осы арамшөппен күресуге болады. Өйткені, бұл - бір жылдық өсімдік. Оны оратын болса, жыл сайын оның өсіп-өнетін аумағы азаяды. Мен бюджет қаржысын жұмсамай, 80 пайыз жас қамыстан және 20 пайыз ошағаннан тұратын түйіршіктерді өндіруді жолға қою үшін көмектесуді ұсынамын. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде бұл шөп йод препараттарын өндіру үшін қолданылады.

Екіншіден, менің пікірімше, кеңестік дәуірде кең таралған мал азығын дайындау жұмыстарының тоқтатылуы нәтижесінде балық мөлшері азайды. Өткен жаз ішінде бүкіл қамыс қопасы су жиегіне дейін шабылды. Көктемде өзен тасып, уылдырық шашатын балықтар үшін кеңістікке айналды. Қамыстың жоқтығы тайыз судың тез жылынуына әкеліп, уылдырықтан шабақтардың жаппай өнуіне септігін тигізді. Қазір қамыстың соншалықты тығыз әрі кеңінен өсіп жатқаны сондай, балықтар «перзентханаларына» өте алмайды. Бұдан басқа, қамыс шабылғаннан кейін құрақтар пайда болады. Олар қаздар мен тұқы тұқымдас балықтар үшін ең жақсы қорек болмақ.

Р.Қабдешев «АтырауИнвест-2014» инвестициялық форумында өз жобасын ұсынды. Сонымен қатар, оны Астанаға сапармен келген Бахрейн королінің қасындағы араб шейх-инвесторларына таныстырды. Арабтар әзірге Рашидке өз жауаптарын бермеген.  «Атырау» ӘКК-не қаржылық көмек алуға жүгінген кәсіпкерге жобаның жартысының көбін оның өзі салуы тиіс екендігін түсіндірген. Бұл - үш жүз миллионнан астам теңге. Рашидте мұндай ақша жоқ.

Балық шаруашылығы институтының облыстық филиалы басшысының орынбасары Юлия КИМГЕ комментарий алу үшін хабарласқанымызда, ошағанның суда емес, жағалау бөлігінде өсіп-өнетінін, ол балыққа зиянын тигізетін сапанин затын бөледі деп дәлелсіз мәлім етуге болмайтындығын атап өтті. Ол үшін тиісті зерттеу жүргізу керек екен. 

- Қамысты ору балық санын көбейтуге жақсы әсер етуі мүмкін. Қамыс, шынымен де, сағада қаптап кетті. 60-жылдары біз қамыспен күресу үшін бұл жерге өсімдік қоректі балықтарды әкелдік. Қамыстың біраз бөлігі балықтар популяциясының дамуына сеп болуы мүмкін, ал қамыстың шамадан тыс қаптап кетуі  балық қорларының азаюына, су қоймасының дистрофиясына, оттектің тапшылығына әкеліп соғады. Алайда кез келген өзгерістің балық популяциясына теріс әсер ететінін ұмытпау керек. Бәрі шамамен болуы тиіс, - деп есептейді ғалым.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

24 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.