Атырау, 20 сәуір 15:13
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Заңды мигрант

3 385 просмотра

12 сәуірде қазақстандықтарға үй шаруашылығындағы жұмыстар үшін шетелдік азаматтарды жалдауға құқық беретін заң күшіне енді.

Атырау облыстық көші-қон басқармасының деректері бойынша, заң күшіне енгеннен кейінгі бір аптада жақын шетелден, негізінен Өзбекстаннан келген 20 еңбек мигранттары жұмыс жасауға рұқсат алды.

Заң Қазақстанмен визасыз келіп-кету туралы келісім жасасқан елдер азаматтарына қолданылады, ал бұған – ТМД елдері (Түркіменстаннан басқа) мен Моңғолия жатады.

Естеріңізге салсақ, еңбек мигранттарына рұқсат берудің жеңілдетілген тәртібі тек жеке тұлғалардың үй жұмысын жасайтын адамдарға ғана қолданылады. Кәсіпкерлерге бұл тәртіп қолданылмайды. Яғни, еңбек мигранттарын табыс табу мақсатымен жалдауға болмайды. Сонымен қатар, бір жеке тұлға бес еңбек мигрантынан артық жұмыс күшін жалдай алмайды.

Жұмыс жасауға рұқсат алу үшін шетелдік азаматқа келген жеріндегі көші-қон қызметіне келіп, төлқұжатын, көші-қон құжатын (карточка), әр жұмыс жасайтын айына 2 АЕК (3 704 теңге) мөлшерінде табыс салығын төлегендігін растайтын түбіртек, сотталмағаны туралы анықтама, өтініш-сауалнама ұсынады. Осыдан кейін шетелдік жан-жақты тексеріліп, рұқсат беріледі. Еңбек етуге рұқсат бір айдан үш айға дейін мерзімге беріледі.

Содан кейін оны жалпы мерзім – бір жылға дейін создыруға болады.

Редакциямызға хабарласқан оқырмандар сауалдарына қарап, осы шетелдік азаматтарға еңбек ету рұқсатын ресімдеу бойынша әлі де түсінбей жатқан мәселелер бар екенін аңғардық. Бұл сұрақтарды біз Атырау облысы ІІД көші-қон полициясы басшысының орынбасары Болат ДОСҚАЛИЕВКЕ жолдадық.

- Еңбек ету рұқсатнамасын ресімдеу үшін мигрант сотталмағандығы жөнінде анықтама беруі керек. Бұл құжатты өз отандарынан алып келу міндетті ме?

- Жоқ, міндетті емес. Мұндай анықтаманы уақытша тіркелген жері бойынша ХҚКО-дан алуға болады.

- Жұмыстың қандай түрлеріне рұқсатты ресімдеуге болады?

- Тек жеке тұлғалардың үй шаруашылығында қызмет көрсетуге ресімделеді. Бұл - күтушілік, үй аспазы, жүргізуші қызметі, сондай-ақ, тұрғынжайларды салу және жөндеу жұмыстары.

- Еңбек ету рұқсатын бір жылға дейін созуға болады. Осы барлық кезеңге бірден салық төлеп, бірден бір жылға ресімдеуге бола ма? Бір жыл өткеннен кейін еңбек мигранты не істейді? Мерзім біткен бойда келесі рұқсатты сол бойда ресімдеуге бола ма?

- Еңбек ету рұқсатнамасы алдымен бір айдан үш айға дейін мерзімге ресімделеді. Содан кейін ғана оны жыл ішінде үш айдан бір жылға дейін ұзартуға болады. Жыл өткеннен кейін шетелдік азамат Қазақстан аумағынан шығуы керек. Қазақстанға кері келсе, ол жаңа рұқсат алуға құқылы.

- Шетелдік азаматтарды сәйкесінше рұқсатнамасыз жалдаған немесе «бестен артық емес» ережесін бұзған жұмыс берушілер қандай жауапкершілікке тартылады?

- Бірінші рет 30 АЕК көлемінде, қайталап жасаса, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

22 сәуір 2014, 12:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.