Атырау, 23 сәуір 19:44
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Ғасыр жасаған қария

6 077 просмотра

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, еліміздегі өмір сүру ұзақтығы, орташа алғанда, 69 жас екен. Бүгінде жүз жасаған көзі тірі қариялар кемде-кем.
Сондай жандардың бірі Атырауда тұрып жатыр. Ол – жақында 100 жас мерейтойын тойлаған қария Рахым БАЙӨМІРҰЛЫ.

Тұтастай бір ғасырды артқа тастағанмен, ақсақалдың жүріс-тұрысы ширақ, әлі де әр сөзін саралап, әңгімесін байыппен айтады екен. Рахым ата 1914 жылы Жылыой өңірінде өмірге келген. Арғы аталары мал шаруашылығымен айналысқан. Содан да болар, жазда Орынбор мен Тұзтөбе аралығын мекендеп, қыс түсе Маңғыстау жақты паналап, көшпелі тірлікті бастан өткерген. Әкесі Байөмір жастайынан аңшылықты өзіне серік еткен, әділдікті жаны сүйетін, адалдықты ту еткен азамат еді. Осындай абзал қасиеттерінің арқасында ел алдындағы абырой-беделі де зор болды. Атасы Байгөбеннің жомарттығы мен парасаттығы, әкесі Байөмірдің адамгершілігі мен адалдығы Рахымның да бойынан табылды. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас білім ала жүріп, жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамай, тынымсыз ізденіспен еңбек етті.

Міне, осы кезде кешегі талай отбасына қайғы-қасірет әкелген сұм соғыс басталды. Азаматтар ел қорғауға аттанғанда тылда қалған қыз-келіншектер мен бала-шағаны, қарттарды бір кісідей еңбекке жұмылдырып, майданға көмекті ұйымдастыра білетін, өз жерімізден өндірілетін балық пен мұнайдың ысырап болмауын қадағалайтын, ішкі тәртіпті де бақылайтын жауапты да іскер азамат басшы керек болды. Осы мақсатпен елде броньмен қалған Рахым басын талай рет қауіп-қатерге тіге жүріп, еңбекті де ұйымдастырып, елді жаудан да қорғап, майданды азық-түлікпен, мұнаймен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Ел экономикасының артуына да үлесін қосып, өз міндетін аса үлкен жауапкершілікпен, іскерлікпен атқарды. Соғыстан кейін қызметін «Гурьевнефтехимстрой» тресінде жалғастырып, осы мекемеден құрметті демалысқа шықты.

Өмірлік серігі Қанымсия екеуі 1948 жылы отбасын құрды. Содан қол ұстасқан қалыптарында өмір тосқан барлық қиындықты да қызықты бірге көтерді. Рахым мен Қанымсия он баланы өмірге әкеліп, өсірді, тәрбиеледі. Бүгінде олардың әрқайсысы үйлі-баранды, бала-шағалы, өмірден өз орындарын тапқан, әр салада абыройлы еңбек етуде.

- Біз ес білгелі әкеміздің тыныш отырғанын көрмеппіз. Үнемі қызу жұмыс үстінде. Көмектескен боп жанында жүріп, еңбектің алғашқы дәмін таттық. Зейнетке шыққан соң да қарап отырмай, «Память Ильича» колхозынан жер алып, егін ектік. Мал ұстадық. Әкем 85 жасқа толғанша колхозға велосипедпен өзі барып-келіп жүрді. Маған көлік керек деп отырмай, велосипедіне отырып алып, бар шаруасын бітіріп қайтатын, -дейді қарттың ұлдарының бірі Жарас. - Әкем еңбексүйгіштігімен қоса қалжыңды да жақсы көреді. Немере-жиен, шөберелерін еркелетіп, ойнап, қалжыңдасып отырады. Елде болып жатқан барлық жаңалықтардан хабары бар, өз ойын үнемі бізбен бөлісіп отырады.

Қара шаңырақтағы бала-келіні Жарас пен Гүлнәр үлкен кісінің жағдайын жасап отыр.

- Ұзақ жас - пендесіне берген Алланың сыйы деп білеміз. Жүз жасаған атамызға күнделікті ерекше күтім жасап, түрлі тағамдар әзірлеп отырамыз десек, асыра айтқандық болмас. Ағарғанды дастарханнан ешқашан үзген емеспіз. Қысы-жазы үйде шұбат болады. Шұбат - атамыздың ең сүйікті сусыны. Кейде ол бізге: «Менің бойымды тіктеп отырғаным осы шұбаттың арқасы» деп айтады, -деді келіні Гүлнәр да әңгімеге араласып.

Рахым атаның сөзі түзу, тек әңгіме арасында кейбір сәттерді нақты есіне түсіру үшін ұзақ ойға батады.

- Жасым ұлғайып, барлығы ұмытылған кезде келіп отырсың, балам. 100 жылдың ішінде елдің басына қаншама зобалаң түсті. Елмен бірге соның бәрін мен де бастан өткіздім. Ғұмырымның жартысынан астамы қиындықпен өрілді. Патша өкіметі, аштық, ұжымдастыру, сұм соғыс алапаты, елдің жағдайын қайта көтеру... Сол заманның қиындықтарын көрген маған бүгінгі тәуелсіз еліміздің жаңа дәуірін көруді де пешенеме жазған екен. Осы айтқан әңгімелерімді дұрыстап жаз, шынайы жеткіз,- деп сөз арасында маған жиі ескерту жасап отырды. Өзінің өткен өмірінен өнегелі әңгіме өрбіткен ақсақал сөзінің соңында былай деп батасын берді: «Лайым, елімізде тыныштық болсын, Елбасымыз аман болсын! Ұрпақтарымыз бейбіт өмір сүрсін! Ел аман болса, көңіл тоқ болады. Осы бейбіт өмірді бәріміз бағалайық. Әмин!».

Гүлсара ҚАЙЫРОВА

17 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.