Атырау, 29 наурыз 01:32
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Құлсарыда ПИК іске кірісті

1 926 просмотра

Құлсарыда соңғы ПИК-тің өз жұмысын тоқтатқанына он жылдай уақыт болып қалды. Олар күрмеуі көп коммуналдық мәселелерді шешуге тырысқанымен, ештеңе шықпады.  Ал, «ЖылыойТазалық» ЖШС тәуекелге бел буып, жаңа ПИК жұмысын бастап кетті.  

- Біз әуелі Өскемен қаласына барып, ондағы ПИК қызметкерлерінің тәжірибесімен танысып қайттық, - дейді «Жылыой Тазалық» ЖШС директоры Бауыржан ӘБДРАХМАНОВ. - Өскемендегі көпқабатты үйлердің мәселелерін халықтың өзі шешіп отыр. Ал Құлсарыда олай емес. Әрине, бізден бұрын да ПИК құрып, жұмыс істегендер болды, бірақ үйдің жертөлесі суға толып, жылу, су жүйелерінің істен шығуы, электр желілерінің жөнделмеуі секілді жұмыстар көбейгесін, жұмыстарын еріксіз тоқтатуға мәжбүр болды.

ЖШС қаладағы 2-ші ықшам аудандағы көпқабатты 10 үйден ПИК құрды. Өз жұмысын көрсетіп, халық көңілінен шығу үшін былтыр жылу мен су жүйелерін тегін жүргізіп беруге келісті. Әрине, қажетті материалдарды тұрғындардың өздері тауып берді. Одан кейін ПИК үйлердің жертөлесіне толған суды сорғызып, қоқыстан арылтты.

- Мен осы үйде 25 жылдан бері тұрамын. Біз көшіп келген жылдары бәрі жақсы болған, - дейді Гүлнәз КАРИНА.- Бірақ көп кешікпей жылусыз қалып, су тапшылығы орын алған жылдары жертөле жайына қалған. Былтыр ПИК құрылғаннан кейін көзіміз ашылды. Жертөлені тазартып, оның астындағы құбырлар қалыпқа келтірілді, енді жағымсыз иістен арылдық. Подъезге бірінші рет домофонды есік орнатылды. ТШО-ның демеушілігімен балаларға арналған ойын алаңы да салынды.

Күні бүгінде ПИК құрамындағы алты адам аула мен подъездердің тазалығын қадағалайды. Тұрғындар да сенбілікке қатысып, үйлердің айналысын қоқыстан тазартып, арам шөпті жұлуға көмектескен. Таяуда әр үй он талдан ағаш екті, оның күтіміне бәрі де жауапты болмақ. Есіктер алдына шағын орындықтар орнатылған, футбол алаңқайы да бар. 

- Биыл бірінші рет ПИК бастамасымен тұрғындар болып Наурыз мерекесін тойладық. Киіз үйлер тігіп, қазан-ошақтар орнаттық, бауырсақ, наурыз көже пісіріп, балаларымыз алтыбақан теуіп, көңіліміз бір көтеріліп қалды. Тұрғындар ПИК-ті қолдайтындықтарын танытты. Қазір бұрынғыдай емес, адамдар бір-бірімен араласып, қандай іс болса да жұмыла кететін болды. Адамдардың жауапкершілігі артты, бұл - қуантарлық жағдай,  -  дейді Пернекүл АПАШЕВА. - Тұрғындар бұрын жарық өшіп, құбырлар жарылып, су болмай қалса, кімге шағынарын білмейтін. Енді біз ПИК басшылығына телефон шалатын болдық.

ПИК басшылығы алда жарықтандыру, шағын демалыс аллеясын жасау, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарына кірісуді жоспарлап отыр. 

- Біз тұрғындардан ақша жинау арқылы жұмыстарды жасаймыз, ал күтіп-баптау біздің мойнымызда қала бермекші. Қазір көршілес ықшам аудан тұрғындары ПИК құрамына кіруге ынта білдіруде. Бірақ біз толыққанды аяққа тұрып кеткенше басқа үйлерді өз балансымызға алудан бас тартып отырмыз. Алда тағы да ойластырып отырған істеріміз бар, соларды жүзеге асырып алайық, - дейді Б. Әбдрахманов.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.