Атырау, 25 сәуір 20:39
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Сүттен ақ, судан таза ма?

3 945 просмотра

Бейсенбіде, 17 сәуірде үкімет үйінде Солтүстік Қазақстан жобасының бас инвесторларымен кездесу өтеді. Мұнда олар (инвесторлар) 2014 жылы жасалатын нақты жұмыс жоспарын ұсынулары керек. Бұл туралы дүйсенбі күні Астанада өткен брифингте Қр экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат ДОСАЕВ хабарлады. Ең қызығы, министр бұл жиында Қашағанда жұмыс жасаған мердігер компаниясы үшін жауап берер ме екен?

Консорциум мүшелері осындай баяндаманы наурыз айында бұрынғы премьер-министр Серік АХМЕТОВКЕ ұсынулары керек еді. Қашағандағы апатты жағдай оның отставкаға кетуіне себепкер болған да шығар, алайда бұл жоба ол билікке келместен бұрын-ақ басталып кеткен.

Бейсенбі күні инвесторлар жаңа ескі премьер Кәрім МӘСІМОВКЕ дайын нақты әрекет жоспарын ұсынуы екіталай. Алайда біз өз тарапымыздан (бүкіл ел деп те айтуымызға болады) шетелдіктерден «өндіріс қандай мерзімге дейін шегеріледі?» деген басты сауалымызға жауап күтеміз. Жауап қуантарлықтай болмайтыны да белгілі. Бұдан бұрын бейресми ақпарат көздеріне сілтеме жасап жазғанымыздай, маусым айынан бастап қашағандық мұнайды тауар жағдайына дейін тазалайтын «Болашақ» (Қарабатан) зауыты екі жылға тұмшаланады. Бұл жасанды теңіз аралынан зауытқа дейін келетін 95 шақырымдық мұнай және газ құбырын толықтай ауыстыруға тура келетінін тікелей растайды.

Қашағанда проблемалар болатындығы жөнінде оны іске қоспас бұрын да көп айтылған. Бұған үлкен себептер де болған еді: құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып кетті, өндіру мерзімі 2005 жылдан бері төрт рет шегерілді, құрылысты аяқтау және қосу-өңдеу жұмыстары бейберекетсіз жүргізілді. Алайда ешкім (үнемі оптимистік жоспарлар құрып отыратын билік өз алдына) проблемалар тап осылай жақын әзірде басталады деп ойлаған да жоқ еді.

Жоспар сенімді деп ойлаған жерден бұзылды – жапондық «Сумитомо» фирмасының аса мықты темірінен жасалған құбырлар күкіртсутегінің жоғары шоғырлануына (15%-ға дейін) шыдай алмады. Жүргізілген лабораториялық талдаулар газ құбыры ақауларының басты себебі сульфидті қосылыстардың (SSC) әсерінен құбырлардың жарылуынан болғанын анықтады.

Осылайша, жобаның І кезеңіне (сынақтық-өнеркәсіптік әзірлеме дайындау, бұрғылау), сондай-ақ жер үсті кешендері нысандарын салуға жауапты оператор Agip KCO-ға (негізгі акционері – италяндық ENI компаниясы) өз қателіктері үшін жауап беруге тура келеді. Алайда құбырға тек италяндықтар ғана қатысты емес. Құбыр желілерін орнату және дәнекерлеу бойынша бас мердігерлік жұмысты италяндық ENI мен қазақстандық Lancaster Group кәсіпорнының еншілес компаниясы «ЕРСАЙ Каспиан Контрактордың» бірлескен кәсіпорны – Saipem жүргізді. Ал Lancaster Group-тің меншіктің үлесінің қомақты бөлігі қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрі Нұрлан ҚАППАРОВ пен жоғарыда аталып өткен министр Е. Досаевқа тиесілі екені белгілі.

ҚазТАГ агенттігіндегі әріптестеріміз жазғандай, бизнесмен министр және италяндықтардың іскери әріптесі Досаев «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» компаниясының Қашаған кен орнындағы құбырларды жеткізу және дәнекерлеу жұмыстарына қатысы барлығын жоққа шығарды. Байғұс әріптестер Мәсімов үкіметке қайта оралғаннан кейін (астаналық дәліздерде оларға премьер көптен қолдау көрсетіп келеді деген әңгімелер естіледі) теңіз суынан құрғақ шығуға көмектеседі деп үміттенетін шығар?

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

16 сәуір 2014, 11:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.