Атырау, 28 наурыз 18:49
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

ЕурАзЭО қарсыластары

2 980 просмотра

Макс БОҚАЕВМакс БОҚАЕВӨткен сенбі күні Алматыда «Қазжол» қонақ үйінде Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕурАзЭО) қосылуына қарсы бағытталған «Антиевразиялық форум» өтті.

Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 500-ге жуық адам қатысты. Іштерінде Төлеген ЖӨКЕЕВ, Жасарал ҚУАНЫШАЛИН, Серікжан МӘМБЕТАЛИН, Жанболат МАМАЙ сияқты қоғамдық және саяси бірлестіктердің өкілдері бар.

Форумға Атырауға белгілі қоғамдық белсенді Макс БОҚАЕВ та қатысты. Ол телефон арқылы «АЖ»-ға өз көзқарасын жеткізді:

- Осы жылдың мамыр айында құрамына Ресей, Белоруссия және Қазақстан кіретін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою жоспарлануда. Мен мұны қолдамаймын, өйткені бұл одақ бізге ешқандай жақсылық әкелмейтініне сенімдімін. Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігі мен үшін және басқа да көптеген азаматтар үшін ең жоғары құндылық, ал ЕурАзЭО пайда болғаннан кейін ҚР-дің көптеген құзіреттіліктері мемлекеттен жоғары органдарға беріледі. РФ-мен одақтаса отырып, біз теңқұқылы әріптес бола алмайтынымыз айдан анық, бұған Кедендік одақ, ҰҚШҰ дәлел бола алады. Сонымен қатар, Путин басқарған Ресейдің соңғы жылдары жақын көршілеріне қоқан-лоқы көрсетуі жиілеп кетті. Оның дәлелі – Қырымды басып алуы, Украинаның шығыс өңірлерінде жағдайды тұрақсыздандыруы.

Еліміздегі авторитарлық саяси жүйе ЕурАзЭО пайда болғаннан кейін одан сайын тоқырауға ұшырап, инвесторлар алдында өз тартымдылығынан айырылады және бұл бізді әлемдік дамудан қалыс қалуымызға әсер етеді.

Бұлардың барлығына әлі күнге дейін ЕурАзЭО құру туралы шарттың толық, ең ақырғы мәтіні шықпағанын қосыңыз. Шарттың қазір еркін қол жетімді болып тұрған бөлігі техникалық ұсақ-түйектерге толы, ал мұны мемлекеттен жоғары органдар құрмай-ақ, «қарапайым» тәртіпте келісуге болады. Сонымен қатар, шарт жобасында ЕурАзЭО-дан шығу рәсімі туралы анық жазылмаған. Менің пікірімше, бұл - әлі шикі және ойланбай жасалған шешім.

Интернетте Макс Боқаевтың Антиеуразиялық форумда сөйлеген сөзінің толық мәтіні бар. Атыраулық белсенді оңтүстік астанада айтқан өз пікірін былай аяқтапты: «Кім Еуразиялық келісімге қол қояды – сол сатқын!».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

15 сәуір 2014, 11:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.