Атырау, 19 сәуір 11:37
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Қашағанмен қоштасу

1 872 просмотра

Әріптесім Азамат МАЙТАНОВТЫҢ «Қашағанды қылмыскер итальяндық пен министр орынтағындағы бизнесмендеріміз құртады» атты мақаласының жариялағанына бірнеше күн өтті. Бүгін бізге жаңа ақпар келіп түсті: осы жылдың маусым айынан бастап «Болашақ» мұнай мен газды кешенді өңдеу қондырғысы (МмГКӨҚ, бұл - Қашаған Солтүстік Каспий жобасының бір бөлігі) екі жылға тоқтатылады. Себеп - Қашағандағы тұрба құбырлары толықтай ауыстырылмақ.

– Зауытта аз адам, негізінен тот басып қалмас үшін қондырғыларды әлсін-әлі қайта іске қосып тұратын кәсіби операторлар қалады, - дейді Қарабатандағы Аджиптің мердігер компаниясында жұмыс істейтін біздің дереккөздеріміз.

Осылайша, «Болашақ» зауытын ұзақ уақытқа тоқтату Қашағаннан мұнай өндіруді кем дегенде екі жылға кейінге қалдыру туралы бейресми ақпараттың расталғанын аңғартып отыр. Бұл туралы «АЖ»-ның ағылшын тілді нұсқадағы редакциясына, шамасы Атыраудан біржола кететін болуы керек, шетелдік мамандар жасырын қоштасу әңгімелері кезінде тікелей айтты.

Біздің жолдаған ресми сауалымызға орай NCOC баспасөз қызметі (мұнай өндіруді екі жылға кейінге қалдыру және тұрбалардың толықтай ауыстырылуына қатысты) былай деп жауап берді: «Зерттеу нәтижелерін күтіп отырмыз. Нәтижелерге сүйеніп, түсініктеме беретін боламыз».

Естеріңізге салсақ, «Болашақ» зауытында Қашаған мұнайы тауарлық күйге жеткенше тазартылуы тиіс болатын. Қашаған іске қосылған уақыттан бастап шамамен 320 000 баррель мұнай өндіріп үлгерді. Ол зауыт аумағындағы резервуарда сақталынған болатын. Оны өңдеп үлгеріп, сатуға жіберген-жібермегені беймәлім.

Құбырларға келер болсақ, әңгіме әрқайсысының ұзындығы 96 шақырымдық екі желі -мұнай мен газ құбырын ауыстыру туралы болып отыр. Диагностика барысында тұрбаның шақырымдаған жерлері ақаулы екендігі анықталған еді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен айда Атырау облысы бойынша экология департаменті түрлі заңбұзушылықтар жібергені үшін Аджип пен NCOC компанияларына 134 млрд теңге айыппұл салған болатын. Алайда шетелдік компаниялар қазақстандық тараптың наразылық белгісі екенін түсініп, ахуалдың шиеленісуінен қорықпай, департаменттің әрекетін заңсыз деп тану өтінішімен сотқа жүгінген еді. Қазіргі уақытта экономикалық сотта тыңдау жүріп жатыр.

Сондай-ақ, D аралында жұмыс жасайтын біздің дереккөзіміз қазір Қашағанда өлі шағалалар мен су үстінде жүзіп жүргенде өлі балықтардың тым көп екенін әңгімеледі. Бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа саятынын білу үшін Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВҚА хабарласқан едік:

– Егер біз қазір сол жерге барар болсақ, олар 10 шақырым қашықтықтан біздің катерімізді көреді де, бәрін жоқ қылады, - дейді ол. – Ұшқан уақытымыздан бастап, біздің әр қадамымызға көз тігіп отырады. Жалғыз жолы – ұялы телефон камераларына түсіріп алсын,  бірақ суретте мұның шынымен де D аралы екендігіне дәлел болуы керек.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

9 сәуір 2014, 19:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.