Атырау, 28 наурыз 18:28
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

«Браконьерлер қорқа бастады», бірақ Жұмыскерде емес

2 095 просмотра

7 сәуірде балық қорғау инспекциясының кеңсесінде «Бекіре-2014» кең көлемді акциясының алғашқы апталығының қорытындысына арналған үйлестіру кеңесінің отырысы болды.

Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ баяндама оқыды:

- 1 және 7 сәуір аралығында облыс бойынша табиғат қорғау заңнамаларын бұзудың 100-ге жуық фактісі анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 59 адам тартылып, жалпы сомасы 227 мың теңгеге айыппұл салынды. 3 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушылардан 8,7 тонна балық (37 келісі – бекіре тұқымдас) және 91 дана балық аулау құралдары алынды. Балық қорғау инспекторлары Жайық өзені арналарын күн сайын сүзіп, браконьерлік ау құралдарын жинап алып отыр. Осы апта ішінде балық аулау артельдері Төменгі Пешной тартымынан бір қортпа, үш шоқыр және бір бекіре, Төменгі Дамбы тартымынан бір қортпа, төрт шоқыр, Золотенок тартымынан екі қортпа және үш бекіре, Жоғары Сол жақ Жайық тартымынан бір бекіре ұстап, бекіре өсіру зауытына тапсырды. Бұл балықтардың өзенге кіріп, уылдырық шашуына браконьерлік ау құралдары кедергі келтірмейді деген сөз.

ҚР балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қанат МҮСАПАРБЕКОВ қарамағындағы қызметкердің оптимистік ойларын әрі қарай жалғастырып алып кетті:

- Өткен аптада біз Каспий теңізі акваториясын тікұшақпен аралап шықтық, инспекторлардың айтуынша, бұрын браконьерлер ау салатын жерлерге бардық – жүрген қайық жоқ. Ұшқыштардың айтуынша, бұл уақытта осы жерлерде байдалар көп жүретін. Олар мұндай тыныштықты бірінші рет көріп тұр екен. Менің ойымша, браконьерлер қорқа бастаған сияқты.

Облыстық табиғат қорғау прокуроры Қайрат ӨТЕУЛИЕВТІҢ сөзі алдыңғы шешендерге қарағанда көп даурықпады:

- Біз балық қорғау инспекциясына бірнеше рет Жұмыскер ауылы тұсынан стационарлық бекет ашуды ұсынғанбыз. Мен күн сайын көлікпен Балықшы – Жұмыскер көпірімен өтемін және әр өткен сайын қайықпен еш жазалаусыз балық аулап жүрген браконьерлерді көремін. Бұларға кедергі жасап жатқан бірде-бір құқық қорғау органдарының қызметкері көрінбейді. Мұны тек мен ғана емес, бүкіл Балықшы көріп отыр ғой, жағалауда бес қатарлы үйлер орналасқан. Тыйым салынса да, бәрі балық аулап жүр және браконьерлікпен күресіп жатқан адам жоқ. Осыдан кейін жұмысымызды халық қалай бағалайды?

Ермекқалиев бұған қазіргі таңда балық қорғау инспекциясы Жұмыскерге өз беттерінше брандвахта қоя алмайды, өйткені осы елді мекенде қылмыстық ахуал қатты өршіп тұр деп жауап берді. Бұл жерден тәулік бойы жұмыс жасайтын бекетті тек полициямен біріге отырып ашуға болады.

«Бекіре-2014» операциясы 31 мамырға дейін жалғасады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ   

8 сәуір 2014, 17:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.